Жаңалықтар

Көшбасшылық – дара қасиет

«Достық» үйінде Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Этномәдени бірлестіктердің жас көшбасшыларының тұлғалық қалыптасуы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараның мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бейбітшілік пен келісім моделін насихаттау, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру, сондай-ақ, Мемлекет басшысының бастамаларын ілгерілету.

Конференцияда алғашқы болып сөз алған ҚХА Ғылыми сараптамалық Кеңесі мүшесі, академик Қазбек Қазкенов «Болашақ: векторлық Қазақстанның верификациясы» тақырыбында баяндама жасап, өткір мысалдарымен көпшілікті үйіріп әкетті.

Бізге Түркі бабаларымыз үш нәрсе қалдырды. Олар: Құдайдың жаны, әйелдің жүрегі және жауынгерлік рух. Осыларды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау – парызымыз. Болашақ көшбасшылар мына үш қағидатты ұстануға тиіс: «Біз ешкімнен кем емеспіз», «Оян, қазақ!» және «Тек қана алға!». Қазақстанды – Отаным деп білетін әр этностың өкілдері және қазақтың жас жігерлі көшбасшылары тұлға ретінде толық қалыптасуы үшін осы дүниелерді көкейіне түйіп, ізденіп, жаңа заманға лайық білім-ғылымға, кәсіпке ұмтылса, Мәңгілік Ел боламыз, – деді Қазбек Майлыбайұлы.

Ал, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті профессоры Жамбыл Артықбаев «Рухани жаңғыру негізі – Алаш идеясы» атты баяндамасында этномәдени бірлестіктердің жас көшбасшыларын төл тарихымызды терең білуге шақырды.

Кәсіби тарихты меңгерген адам адаспайды. Әлеуметтік желідегі жылтыр сөзбен жазылған, зерделенбеген тарихи дүниелерге алданбаңыздар. Өткенімізді зейін қоя бағдарлау – болашаққа бастар анық жол. Бізді әкелеріміз «Тірі жүрсең болғаны, елдің алдына шықпа, көзге түсесің. Ақырындап еліңе қызмет ет», – деп тәрбиеледі. Тамырлы тарихымыз бен Алаш арыстарының еңбектерін біз осылай бойымызға сіңіріп өстік. Ал, сендер – азат елдің еркін ойлы жастарысыңдар. Сондықтан, кедергілерден сескенбей, тәуелсіз еліміздің сегіз қырлы бір сырлы көшбасшылары болуға тиіссіңдер, – деді Жамбыл Омарұлы.

Ауқымы кең шараның келесі бөлімінде облысымыздың және республикамыздың әр өңірінен келген ұшқыр ойлы жастар бірнеше бағыт бойынша секцияларға бөлініп, танымдық-тұлғалық дәрістерге қатысты, пікірталас өрбітті.

Көптеген ғалымдарды тыңдадық. Олардың баяндамаларында Елбасы бастамаларына қатысты біршама құнды деректер қамтылған. Біздің қоғамға осындай ғылыми-тәжірибелік конференциялардың берері мол. Себебі, ғылым дамыса, барлық салада жаңалық болады. Жаһандық көшке ілесуіміз және бәсекеге қабілетті болуымыз үшін осындай шаралар көптеп ұйымдастырылуы керек деп ойлаймын. Әр этнос өкілдерінің ұлттық киім үлгілерін киіп келгендері қатты әсер қалдырды. Болашақта осы жағына көбірек мән берілсе екен. Сондай-ақ, осындай ғылыми-тәжірибелік конференциялар конкурс түрінде өткізілсе, жастарға серпін беріп, құлшыныстарын оятар еді, – деді Қарағанды мемлкеттік университетінің магистранты Абылай Каринов.

Кеш соңында конференция қорытындылары бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды. Болашақта конференция материалдары жеке жинақ болып шығарылмақшы.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button