Жаңаарқа

Көшбасшы көрегендігі – келешек кепілі

           Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуға тиіс» деген болатын. Бұл тұрғыда еліміздің жаңғыруы мен гүлденуін қамтамасыз ету үшін нақты жұмыстар жасалу керектігі айтпаса да белгілі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда ұстаздар қауымының біліктілігі мен озық әдістемелерді қолдана білуіне аса зор көңіл бөледі. Әрине, педагогтың басты парызы – алдында отырған шәкірттерінің ұдайы дамып, өркендеп, өрісі кеңейіп отыруын қамтамасыз ету. Көшбасшымыз бір сөзінде «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да, ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген еді. Бұл ретте, келешек ұрпақты кемеліне жеткізіп тәрбие беруде ұстаздардың атқаратын рөлі зор болмақ.

Президент биылғы Жолдауда «Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек» деп ой топшылаған болатын. Меніңше, бұл – ұстаздар қауымына да қатысты. Себебі, қағазбастылыққа салынып, түрлі құжаттар толтырудан қолы босамайтын педагогтардың да бос уақыты болуы қажет. «Ұстаздың бос уақыты азайған сайын, ол ірілі-ұсақты жоспарларға, есептерге, отырыстарға алтын уақытын сарп етеді. Сөйте келе оның рухани әлемі де сарқылады. Нәтижесінде, алдында отырған шәкірттеріне беретіні қалмайтын шағына жақындай түседі. Біз осыны түсінуіміз керек. Тағы да қайталап айтамын, уақыт және тағы да уақыт – ұстаздың ең бай рухани әлемі» деген еді белгілі педагог, публицист Василий Сухомлинский.

Елбасының көрегендігі бүгінмен шектелмей, ертеңгі ел келешегіне алаңдаушылық білдіруімен де ерекшеленеді. Жыл санап емес, сәт санап қарыштап бара жатқан жаңа технологиялар әлемін игеру де бүгіннен басталуы тиіс. Жалпы, жаңа технология дегенміздің не екенін XXI ғасыр ұрпағына айтпаса да белгілі дүние. Гаджеттер мен смартфондарды еңбектеген баланың өзі еркін игеретін дәуірде ғұмыр кешіп келеміз. Ал, осы технология әлеміне деген жастардың қызығушылығын оятуымыз үшін не істеуіміз қажет? Қандай шара қолданып, қай бастамаларға, тың қадамдарға бара білуіміз керек? Президент бұл сауалымыздың да түйінін тарқатып, нақты бағыттар ұсынып отыр. Мәселен, Елбасы бұл Жолдауында «Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3D-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек» деп нақты тапсырма жүктейді. Ол тапсырма да бүгінгі таңда жедел қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асып жатқаны белгілі. Нәтижесі де көп күттірмесе керек. Ел болып ертеңгі күнге нық қадам басуымыз үшін бұл – таптырмас бастама деуге болады. Себебі, оқушы жастар бұл технологияларды тез арада-ақ игеріп кетеріне шәк келтірмейміз.

Сөйтіп, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы Отандастарымызды ордалы жетістіктерге бастайтын айқын бағдарға айналды. Ұлт Көшбасшысы алға қойған он бағыт – елімізді оң бағытқа жетелері сөзсіз.

Ақтоты ТЕЗЕКБАЕВА,

«Ынтымақ» жалпы орта мектебінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button