«Көрші һақысы – Тәңір ақысы»
Жаһанданумен жағаласып, әсіресақтық та дендеп келеді. Күн санап, кісікиіктеніп, көлденең өткенге күмәндана қарайтынымыз жасырын емес. Бұған не себеп? Өзімізге сенбеуіміз бе? Жоқ, әлде өзгеге сенбеу ме? Қалай десек те, қазір құрыш есік құрсанған қала тұрғындары қарама-қарсы пәтердегі үй тұрғындарының түр-түсін, сой-сопысын анық айтады деу қиын. «Көрші һақысы – Тәңір ақысы» деген мәтел де ұмыт қалды. Ежелден еліміз жалғыздықты жек көрген. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген тәмсілді де тегін айтпаса керек. Осы тұста Аналар кеңесінің мүшесі, ұстаз Күліш Төлеуханқызының мынадай пікірі бар.
– Қазір арасынан қыл өтпес көрші бар ма? Иә, бар шығар анау шалғайдағы ауылдарда. Онда да тек алпысты алқымдаған қариялар ақылының арқасында арақатынас үзбей отырғандар. Осыдан бір 10 жыл кейін алсақ. Ауылды жер. Көршісінің үйіне келін түсіп немесе қонақ келіп жатқан абыр-сабыр шақ. Мал сойылып, қазан көтерілуде. Анау үйде қазан ұстап қалбаңдап жүрген көрші маңайдың қыз-келіні. Кездікпен тері түсіріп, ет бұзып жатқан да көршінің отағасы. Әсерлі көрініс шіркін! Қайғыда қуанышта да бір атаның баласындай біріге кетер, татулық пен жанашырлық көрінісіне көз тоятын. Ертеде әжелеріміз «Туыс – атадан, көрші – Алладан» деп отырушы еді. Жақсы көршің жаюлы киіз-текеметің емес пе?! Қашан барсаң, қарсы алып, дастарханын жайып, самаурынын сақырлатып күтіп жібереді. Туысқа айтпас сырыңды сақтайтын асыл адамдар көрші ұғымы. Көршің діні, салты, тілі де басқа болуы мүмкін. Бірақ, ол – сенің көршің. Бұл сәтте тек ішкі саналар тілдесіп, ізетпен бәтуаласар бауырмалдылық керек, – дейді Күліш Төлеуханқызы.
Расында, ескі әдеби кітаптар мен қариялар сөзіне назар салсақ, көршінің құны жоғары. Ескі үйден көшсе де, көрші-қолаңды жиып, дәм берген. Жаңа үйге көшіп келгенде де сол маңайдың тұрғындарын танысын-танымасын жинап, дәм ауыз тигізетін. Мұны қазақ «ерулік» дейді. Сол «еруліктің» үстінде жаңа көршілермен танысып білісіп, жақындасып ағайындас болып кететін. Осы орайда облыстық Әнет баба атындағы орталық мешіттің ұстазы, «Шариғат және бәтуа» бөлімінің басшысы Юсупбек Шұғайұлы «Әрбір мұсылман баласы үшін көршінің төрт түрі болады» дейді.
– Қазақтың салтында көршінің орны қашанда биік. Ал, қазақ – салт пен діннен бір елі ажырамаған халық. Көршіге қатысты нақыл да көп айтылған. Солардың бір мысалы «Көршің үшін намазыңды бұз» дегені. Астарына аңдасақ, бұл – ең әуелі намазды бұзуға емес, көршінің қадірін білуге шақырар мысал. Жалпы, көршінің төрт түрі болады. Мәселенки, сіз туысыңызбен қатар қоныстандыңыз дейік. Олай болса, ол кісінің сізде, сіздің ол туысыңызда үш түрлі, бірінші – туыстық, екінші – мұсылман бауыр ретінде, үшінші – көршілік хақыңыз бар. Енді бір көршіңіз туыс емес, бірақ, діндес, оның екі хақысы, ал, келесі бір көрші мұсылман емес, бірақ, туыс көршіңіз, оның да екі хақысы болады. Төртінші, тек көршілік қана хақысы бар, бірақ, өзге діндегі, туыс емес, тек қатар қоныс тепкен көршілер болғаны үшін. Бұл адамның сізде, сіздің онда көршілік хақыңыз бар. Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіпті, үйді, жерді сатарда әуелі қабырғалас көршісімен ақылдасуға бұйырады. Бұны шариғатта «әш-шуфға» басымдық беру деп атайды. Яғни, егер сіз үйіңізді немесе басқа да жылжымайтын мүлкіңізді сататын болсаңыз, бірінші кезекте көршіңізге хабарлауыңыз керек. Өйткені, көршіңіздің ақысы басқаларға қарағанда басымырақ, – дейді Юсупбек Шұғайұлы.
Міне, тағылым іздегенге таптырмас тәлім, айнымас айғақ осы. Үй арасында үй жоқ көршіні былай қойғанда ата-бабамыз көрші ұлтты қадір тұтқаны тарих тарауында. Ғұн патшасы Мөде қаған көршімен арадағы татулық үшін хас сұлу жарын, астындағы жел жетпес атын бергені талайдың аузында әпсана болып айтылып жүр. Ал, біз құлжасы қожырап, құланы кісінеген сайын далаға «сыймай жүрсек, бір сәрі, сыйыса алмай жүр емеспіз бе?!» Бұл тұрғыда тамсана айтар тағылымды тарих, әпсаналы әңгіме көп. Бүгінімізге оралып, сіздің жайды сұрайықшы. Сіз, құрметті оқырман, көршіңізді танисыз ба? Онымен ағайынша араласпасаңыз да, аракідік хал сұрасып тұрасыз ба?!
Жан АМАНТАЙ,
Оrtalyq.kz