Жаңалықтар

Көрсетілген көмек көлемді

Жуырда облыс орталығындағы ұлттық баспасөз клубында Шахтинск қаласының әкімі Сержан АЙМАҚОВ пен қамқоршылық кеңесінің төрағасы Жамала МАМЕРХАНОВАНЫҢ қатысуымен Шахан кентінде зардап шеккен тұрғындарға көрсетілген көмек пен қор қаражатының үлестірілуі туралы баспасөз мәслихаты өтті.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 2 қаңтарға қараған түні Шахан кентінде көпқабатты үйлердің бірінде қазандық жарылып, үйдің бір қабырғасы опырылып түскен еді. Салдарынан – 9 адам көз жұмды. Оқиға орнында болған са­рапшылар қалған үш подъезд тұруға жарамды деген қорытынды жасап, тұрғындардың үрейін басты.

Тұрғын үй иелерінің, соның ішінде, жапа шеккен тұрғындардың бүгінгі жай-күйі туралы қала әкімі мәлімет берді. Оның айтуынша, қазақстандық көпсалалы реконструкция және даму институты (ҚазМИИР) қорытындысы бойынша 4-10 қаңтар аралығында аталған үйге демонтаж жұмыстары жүргізілді. 10 қаңтардан бастап, опырылған төртінші подъезд конструкциясын күшейту, ашық қалған қабырғаны жылылау жұмыстары атқарылды. Бүгінгі таңда «Аспап» компаниясы жылылау, сайдингпен қаптау жұмыстарын аяқтады. Бұдан бөлек, подъезд ішіндегі сылақ жұмыстары бар. 7 қаңтарда жаңадан модульдік қазандық орнатылып, тұрғын үйдегі жарық, жылу, кәріз мәселелері толығымен шешімін тапты. Алайда, көп жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан негізгі мәселе – орталықтандырылған жылу жүйесі. Бұған қатысты, қала әкімі тиісті құжаттардың барлығын тапсырғанын жеткізді. Құны 2 млрд. 800 мың теңге тұратын қазандық құрылысы тек республикалық бюджет есебінен шешімін таппақ.

Сонымен, «Аспап» компаниясының тасымал жұмыстарына 2 млн. 240 мың теңге бөлінді. Бұл тұрғыда жүк көтеру, ауыр жүкті тасымалдау автокөлігін айтуға болады. Соның өзінде, барлық қызмет құны нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен дейді қамқоршылық кеңесінің төрағасы. Бұдан бөлек, төртінші подъездің салмақ түсетін конструкциясын демонтаждау жұмысына 4 млн. 416 мың теңге төленді. Аталған қаражаттың барлығы қор есебінен жұмсалуда. Себебі, ҚР Заңы бойынша, қала әкімдігі кірісінің 2%-ы орын алған төтенше жағдайдың салдарын жоюға жұмсалады. Мұндай жағдайларға жыл сайын 20 млн. теңге бөлінеді екен. Мұның өзінде, резервтегі қаражат біріншіден – төтенше жағдай жарияланған жағдайда, екіншіден – апаттық-құтқару жұмыстарына, үшіншіден – апаттық жағдайдың салдарын ауыздықтауға арналады. Бұл ретте тағы бір айт кетерлігі, төтенше жағдай табиғи апаттар мен техногенді апат болып екіге бөлінеді. Төтенше жағдай табиғат құбылысынан орын алады. Барлық шығын бюджетке артылады. Ал, техногендік сипаттағы төтенше жағдай табиғи апат емес. Сондықтан, резервтегі бюджеттік қаражатты пайдалануға заңмен тыйым салынған. Ал, апаттық-құтқару сипатындағы жұмыстардың барлығы заңға сәйкес, бюджет есебінен жүргізілді. Бұған – 1 млн. 420 мың теңге жұмсалды. Бұл қаражат 1-2 қаңтар аралығындағы пайдаланылған техникаларды жалдауға, оның жанар-жағар майына, азық-түлікке, аталған үйдің инженерлік желілерін сақтап қалуға жұсалды. Соған байланысты, бірден қор құру мәселесі пайда болды. 4 қаңтар күні жедел түрде қор құрылып, тіркеліп, алғашқы аударымдар жасалды. Бүгінгі күнге дейін қорға 154 млн. 437 мың теңге келіп түскен. Жұмсалғаны – 70 млн. 55 мың теңге. Соның ішінде жақындарынан айырылған отбасы мүшелеріне материалдық көмек ретінде 9 млн. теңге, зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетуге 1 млн. теңге, жақындарынан айырылған отбасы мүшелерінің жеке шығынына 625 876 мың теңге бөлінді. Марқұмдарды жерлеу және 9 күнгі берілген асы кезінде 2 млн. 668 мың теңге берілді. Жерлеу қызметіне 1 млн. 174 мың теңге жұмсалды. Ескерткіштерді әзірлеу шығыны 3 млн. 166 мың теңгені құрады. Баспанасыз қалған тұрғындарға сатып алынуы тиіс он төрт пәтердің тоғызы сатып алынды. Құны – 27 млн. 15 мың теңге. Ал, пәтерінен айырылған Кан және Дудаерев отбасыларына 8 млн. теңге көлемінде өтемақы төленді. Қалған үш пәтер рәсімделуде.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button