Жаңалықтар

Көрпеге қарай көсілу қажет

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты».

Осы бір шумақ өлеңді саралап, ақыл таразысына тартсаңыз, мұндағы әр жолдың санаға салар салмағы зіл батпан. Тұтас бір ұлттың, бір қоғамның шешімін таппаған шетін мәселелерін қамтып тұр. Бұл – осыдан жүз жыл ілгерідегі Міржақыптың жанайқайы. Алайда, арада ғасырдан астам уақыт өткенімен, бұл өлең өзектілігін жойған жоқ. Себебі, сол уақыттағы қазақ қоғамында қордаланған мәселелер әлі күнге дейін қозданып жатыр. «Жер кетті, дін нашарлап» деген жолдар ықылымнан түйіні тарқамай келе жатқан жер мәселесі мен сыздауықша солқылдап тұрған, әр тараптанған дін мәселесін қолмен қойғандай бейнелейді. Өлеңнің осыншама өміршең болуы сол кезеңдегі қазақ басындағы ахуалды тамыршыдай тап басқан Міржақыптың шеберлігінен бе? Жоқ, әлде ертедегі іші тар, тоғышар, әсіре рушыл қалпымыздан бір мысқал өзгермеген өзімізден бе екен?..

Діни әпсанаға сенсек, әу баста Адам ата мен Хауа ана Алла тағала тыйым салған жемістен ауыз тиіп, жұмақтан қуылды-мыс. Тегінде, не нәрседен тыйсаң, соған үйірсек келетіні адамның табиғатынан. Әйтпесе, алты Алаштың Абайы өз өлеңінде адам бойындағы «бес дұшпанды» атап көрсетіп, сол жаман әдеттерден ада болуға үндегелі не заман?! Алайда, хакімнің өсиетін қаперіне алған қазақ кемде-кем. Керісінше, жаман ғадеттерді үстіүстіне жамамасақ, арылған жоқпыз.

Жалпы, жоғарыда аты аталған екі тұлғаның қос шығармасында ұштасатын тақырыптың барлығы да бір-бір атанға жүк боларлықтай. Алайда, ол түйткілдің барлығын қамтып жазсақ, тым алысқа шығандап кетеміз. Сондықтан, тек бір мәселені ғана майдан қыл суырғандай алып, соның төңірегінде ой өрбіткенді жөн санадық. Бұл жолы нысанаға алған мәселеміз, қазақтың қыр соңынан қалмай жүрген жат әдеті – «мақтаншақ, бекер мал шашпақ».

Қазір не көп, тойхана көп. Тас лақтырсаң, асабаға тиеді. Кәсіптің көкесі де той болып тұр. Әрине, қуанышты күндердің көп болғаны жақсы-ақ. Дегенмен де, әр нәрсенің жөн-жосығы, меже-шегі деген бар емес пе?! Ертеде қазақта «отыз күн ойын, қырық күн тойын» өткеру тек малы мыңғырған, әл-ауқаты жететін бай-бағыландарға ғана тән болған. Қолы қысқа, жарлыжақыбай адамдар өзіне қараған ағайын мен маңайындағы көршілерінің басын қосып, ырымын жасаумен шектелген. Ал, бүгін ше? Бүгінде ханымыз да, қарамыз да астатөк дастархан жайып, жіңгір той атқаруға бейіл болып алдық. Қазір «жағдайым келмейді, қалтам көтермейді-ау» деп көрпеге қарай көсілуді білмейміз. Көптен қалмай, әйтеуір даңғазалықпен шашылып-төгіліп, той тойлауға құмармыз. Несие алып, қарыздың «қамытын» мойынға ілеміз. Ақыры у да шумен өткен бір күндік қызық-қуаныштан бір белгі болып, белуардан берешек қалады. Бас қосып, отау көтерген жастардың жалақысының дені сол банк алдындағы борышты қайтарып, жыртықты жамауға кетеді де, айлығы шайлығына жетпей жатады. Тегінде ұрыс-керістің жиі шығып, етек алып бара жатқан жас отбасылардың ажырасуының да бір себебі міне, осында. Бұдан бөлек, тойда қаншама ас-ауқат ысырап болады. Қазір жоқшылық емес, тоқшылық белең алған заман болғандықтан, ол тағамның барлығы қоқысқа тасталады. Осының барлығы «бекер мал шашпақ» емей немене?!

Жалпы, шаш етектен шығынға ұшырап, шашылатынымызды біліп тұрсақ та бізді соған итермелейтін екі жағдай. Бірақ, екеуіне себепкер бірақ нәрсе. Ол – қазақтың сорын сорпадай қайнататын қу сөз.

Біріншіден, «Бәленше баласына той жасап бере алмапты» деген қаңқу-шаншу сөз. Тіпті, соңғы уақытта «Баласына бір той жасап бере алмай, бұл өмірден өтіп кетті қанша адам» деген ән де осы мақсатта шырқалып жүр. Естіген боларсыздар. Мұнымен автордың айтпақ ойы не? Сонда атаананың өмірдегі басты парызы баласына қарызданып, қауғаланып той жасап беру ме? Жоқ, әлде той өзге құндылықтардан жоғары ма? Қараны «қара», ақты «ақ» деп айтатын болсақ, қазақ мұны жалған намыс дейді. Соныңнан ерген сөз бен терген өсек тыраштанып, той жасауға себеп емес.

Екіншіден, «Бәленше баласына дүркіретіп той жасапты» деген мақтан сөз. Бүгінде «орынсыз мақтау орға жығатынын» ойға алып жүргендер шамалы. «Ел көрсін, өзгелер айта жүрсін» деген оймен шашылады-ай келіп. Мақұл. Той төңірегінде әңгіме қозғап, біреулер мақтасын, біреулер даттасын. Бірақ, содан не өзгереді?! Даттағаннан дәрежең түсіп, қазаның ортайып қала ма? Немесе мақтағаннан мәртебең асқақтап, дәулетің тасып кете ме? Желдей ескен желік сөз желдей есіп кетеді. Ал, бірақ той жасауға кеткен шығынның орнын толтырғанша, қаншама қажыр-қайрат пен қаражат қажет.

«Той байдың малын шашып кетеді, жоқтың артын ашып кетеді». Артымыз жылтырап жүріп той жасау неменеге керек?! Заман келбеті күн сайын ұстараның жүзіндей аунақшып, қымбатшылық болса жағадан алып тұр. Осының барлығын біле тұра, битіңді сығып, қаныңды жалап отырып, той жасағаның кімге абырой, кімге опа? Қазір той қуатын емес, ой қуатын заман. Біз шырылдауық шегіртке құсап, «көгалды қуып гөлайттап, қызықпен жүріп жазды алғанда», өзге елдер баяғыда-ақ ілім-ғылымға ден қойып, әлдеқашан әлемдегі алдыңғы қатарлы елге айналды. Сондықтан, ойлан, ағайын, оян, ағайын!

Еркебұлан АЙТЖАН.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button