Бас тақырыпРесми

Көрнекті іс көмескіленбейді

«Егер сіз табысты адам болғыңыз келсе, жүрегіңіз бизнесіңізде, ал бизнесіңіз жүрегіңізде болуы қажет» депті жаһанға есімі мәшһүр кәсіпкер Томас Джон Уот­сон. Кәсіп болмай, нәсіп болмайтынын заман өзі аңғартып тұр. Келешек – бұл салада әбден кемеліне келген жас кәсіпкерлердің қолында. Мемлекет басшысының айтуынша, ондай адамдарға елімізде өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру және нақты көмек көрсету аса маңызды.

– Шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл жөнінде көп айтылды. Бірақ аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек, экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет. Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс. Бізге Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Оның бел ортасында әкімшілік ресурс­тарға иек артпай, кәсіпкерлік таланты мен еңбекқорлығының арқасында кәсібін табысты жүргізе алған бизнесмендер болуға тиіс, – деді Президент Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында.

Бұл орайда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнесті қолдау және дамытуға бағытталған облыс әкімінің грантына биыл 466 үміткер өтінім жолдады. Сараптама алқасының төрайымы Сайран Сыздықованың айтуынша, өзекті де өміршең әрі қызықты бизнес идеялар бар көрінеді.

– 2005 жылдан бері грант тек ауылдық жерлерде кәсібін бастаймын деген жандарға ғана берілетін еді. Қазір ісін бастап, кәсіп ашам деушілерге жол ашық. Мүмкіндік те бар. Еншімізге берілген екі апта мұғдарында әр қатысушының бизнес жобасын сараптама комиссиясы қарастыра отырып, дауыс беру үстінде. Қызықты жобалар да жоқ емес. Дегенмен, Президент айтып өткен «жаңа толқын» кәсіпкерлер әлі де іздене түсуі қажет деп топшылаймыз. Грант иегерлері ережеге сәйкес ұсынған бизнес жобасын толық жүзеге асыру қажет болады. Егер қандай да бір жоба іске аспаған болып шықса, қаражат мемлекет қоржынына қайтарылады деп тұжырды сөзін Сайран Биғалиқызы.

Жалпы, бүгінгі кәсіпкер әр іске тиянақты қарайтынын атап өту қажет шығар. Қазіргі жастардың менталитеті қол қусырып отыруға мүлдем төзбейді. Комиссия назарына көбіне не жаңа бизнес жоспары, не бар кәсіпті кеңейтуге бағытталған кәсіпкерлік жобалары ұсынылды.

– Мен Шахтинск қаласында пластиктен бампер өндіретін цех ашсам деген ниеттемін. Бұл – жан-жақты тиімді жоба. Өйткені, көлігінің бампері тозған жүргізуші шетелге тапсырыс беріп, әуреленіп жатады. Ол көлік құрылғысы әрі удай қымбат, әрі жеткізілуіне көп уақыт талап етеді. Ал, мен арнайы технология арқылы кез келген көліктің бамперін өндіріп, тапсырыс берушіге ұсына аламын. Әрі қосымша жұмыс орнын құрамын. Кәсібімнің өміршеңдігіне сенімім кәміл, – дейді жас кәсіпкер Ақылбек Нұрнашов.

Жоба шеңберінде әр жеңімпаз ісін жолға қою мақсатында 5 млн. теңгеге дейін қаржылай грант иеленеді. Кәсіпкер ісінің өрістеуіне мерзім беріледі. Одан соң арнайы бақылау тобы грант иеленген кәсіпкердің кәсібіне талдау жасап, сәйкесінше қорытынды шығарады.

Жалпы, бизнес дейтін әлемде табыстың саусақпен санап аларлық екі-ақ түрі бардай. Қаражат пен тәжірибе. Тәжірибесі терең жанның қалтасы да қуыс болмасы анық…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button