Басты тақырып

Көрмеде – екі миллион көрермен

   «ЭКСПО – 2017» көрмесін қызықтаушылар қатары күн санап толығып келеді. Халықаралық шара күні кеше ғана екі миллионыншы көрерменін қабылдады. Ол – оралдық кәсіпкер, Лондон бизнес мектебінің түлегі Ғайса ЖҰМАЛИЕВ.

Астана уақыты бойынша, 4 тамыз, сағат 20:21-де есепке алу жүйесі «ЭКСПО – 2017» көрмесінің екі миллионыншы келушісін тіркеген. Бизнес саласында еңбек етіп жүргеніне бес жылдың жүзі болған Ғайса Жұмалиевті.

Бұл – оның Көрмеге бірінші келуі емес. Ғайса Астанаға жұмыс сапарымен ат басын бұрыпты. «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндеріне орай, жерлестерін қолдауға келген. Ғайсаның айтуынша, бұл оқиға ол үшін күтпеген жағдай болды. Әсіресе, оны өз үйінде күтіп отырған отбасы – әйелі және егіз ұлдары үшін ерекше жаңалық.

Жекеменшік сектордың өкілі және Қазақстанның азаматы ретінде, Қазақстанда осындай жоғары деңгейде көрменің өткізіліп жатқаны, мені қуантады, әрине. Мен бірнеше жыл шетелде тұрдым. Оның екі жылында оқыдым, төрт жыл жұмыс істедім. Жүзден аса мемлекет өз павильондарын көрсеткені мен үшін қуантарлық жайттардың бірі болды. Біз көпке танылдық. Сонымен қатар, жетекші мемлекеттердің жаңа инновациялық технологияларын өзімізге қабылдай аламыз. Қазіргі уақытта, көріп тұрғанымыздай, көптеген туристер бізде қонақта және бүкіл әлем біздің елімізді жақсы қырынан көруге мүмкіндік алды. Қазақстанда «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізуге мүмкіндік туғанына мен ерекше қуаныштымын, – деп атап өтті екі миллионыншы келуші.

«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Көрменің екі миллионыншы келушісін де құттықтап, оған естелік сыйлықтарды тарту етті. Ұлттық компания Басшысы өз сөзінде атап өткендей, жоспардағы меже уақытынан бір ай бұрын орындалды.

Бәріңіз білетіндей, Көрме – Елбасымыздың салиқалы саясатынан туған үлкен жоба. «ЭКСПО – 2017» көрмесінің әрбір қатысушы өз елінің тек жақсы қырларын көрсетуге тырысады. Біз Көрме соңына дейін 30 күн қалғанда жоспарлы көрсеткіш – екі миллион келушіге қол жеткіздік. «ЭКСПО – 2017» көрмесінің халық­аралық павильондары мен нысандарының келушілері санына тоқталатын болсақ, олардың көрсеткіші 15 миллионнан асып жығылды, – деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Сондай-ақ, А.Есімов атап өткендей, «ЭКСПО-ның» нәтижесінде, Астанамыздың экономикалық жағдайы жақсара түсіп, айтарлықтай өсім көрген. Сонымен қатар, Астанада тұрғын-үйді жалға беру – 33% -ға, қонақүйлердің сұранысы – 28%-дан 60%-ға дейін өсті. Туризм саласының дамуына келсек, көрменің өткізу барысында туроператорларға жүгіну 78%-ға дейін жеткен. Күн сайын Астанаға әуе жолымен қатынайтын адамдар саны – 7 мың болса, 16 мың адам темір жолмен келеді. Бұл ретте, тауар айналымы да 20%-ға өскен. Ал, қызмет көрсету саласына сұраныс 2,5%-ға дейін көтерілген.

Бұған дейін жазғанымыздай, 11 шілде күні «ЭКСПО – 2017» көрмесі миллионыншы келушіні қарсы алған болатын. Бұл қуанышқа Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны ие болды.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button