Бас тақырыпРуханият

Көркемсурет мектебінен – ЮНЕСКО клубына

Шахтинск қаласындағы көркемсурет мектебі 1989 жылы сол кездегі Пионерлер үйінде ашылған болатын. Оған 2015 жылдың 16 ақпанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен жерлесіміз, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың аты берілген. 2018 жылы күрделі жөндеуден өткен төрт қабатты ғимаратқа орналасты.

– Бізде қаладағы барлық мектептен 6-17 жас аралығындағы 432 бала оқиды. Аптаның алты күнінде сабақтан тыс уақытта жас ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөлініп, екі ауысымда 40 минуттық сабаққа қатысады. Оқушыларға 19 педагог кескіндеме, қолданбалы декоративтік өнер, пейзаж, сурет өнерінің басқа да жанрларынан дәріс береді. Сондай-ақ, балалар мүсін жасауға, тоқыма тоқуға да машықтанады. Оларға 9-сыныпты аяқтаған соң куәлік беріліп, сүйікті ісін әрі жалғастыруға да жол ашылады, – дейді мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Бақыт Рақымберлина.

Көркемсурет мектебінің балаларға арналған бағдарламасы міндетті түрде композиция заңдары мен тәсілдерін игертуді, екі және үш өлшемді кеңістікті беруді, түс, сызықтар, контраст тәрізді бейнелеу құралдарын оқытып-үйретуді көздейді. Осыдан кейін оқушылар өздеріне беймәлім көркемдік әдістерді меңгеріп, сурет салумен айналысып, көлем мен штрих түсінігін таниды. Мектептің педагогикалық ұжымы балалардың қоршаған ортаға қызығушылығын оятып, қабілетін ашуға көмектеседі.

Бұл өнер мекемесі 2007 жылы Қарағанды облысы бойынша бірінші болып ЮНЕСКО клубы мәртебесін алған. Соның нәтижесінде мұндағы жас суретшілер ЮНЕСКО-ның «Балалар әлемнің суретін салады» жобасы аясында балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының халықаралық және республикалы байқауларына үнемі қатысып жүр. Байқауларға жолданған суреттері арқылы балалар бір-біріне өз елінің тарихы, мәдениеті, табиғаты мен адамдарын көрсетуге мүмкіндік алады. Мәдени қарым-қатынас орнатудың бұл түрі өскелең ұрпақ үшін маңызды және еліміздің халықаралық қатынастарын нығайтып, бекіте түседі.

Мектеп оқушыларының шығармашылығын дамытуда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетімен әлеуметтік әріптестік орнаған. Жас суретшілер археологиялық және этнографиялық экспедицияларға қатысып, өздеріне керек материалдар жинайды. Сонымен қатар, көркемсурет мектебі осы университеттегі бейнелеу өнері мен дизайн кафедрасының филиалы.

Мектепке дейінгі мекемелердегі әр баланың жеке қабілеті мен мүмкіндіктерін есепке ала отырып, олардың шығармашылық әлеуетін ашу үшін Шахтинск қалалық білім беру бөлімінің «Ботагөз» бөбекжай-балабақшасы ҚМҚК мен бірлескен «Өнер қалашығы» облыстық жобасы да жүзеге асырылуда.

Өткен жылдың 4 ақпанында осы мектеп оқушылары арасында ЮНЕСКО-ның «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» бағдарламасы шеңберінде Үндістанның Нью-Дели қаласы мен Қарағанды облысы бойынша ЮНЕСКО клубтары Қазақстан Ұлттық Федерациясы аймақтық өкілдігінің ынтасы бойынша «Туған өлкенің тарихы мен мәдениеті» тақырыбында бейне-көпір ұйымдастырылған. Мұндай бейне-көпір осы елдер өскелең ұрпағының өлкетану саласындағы ғылыми-зерттеу және ізденіс ісіне құлшынысын арттырып, дамытып, қазақстандық патриотизм арқылы ұлтаралық өзара іс-қимылды нығайтуға серпін береді.

Сондай-ақ, өзара пайдалы тақырыптар бойынша «Қарағанды техникалық -құрылыс колледжі» КММ арада қол қойылған меморандумда сондағы «Архитектура», «Декоративтік қолданбалы өнер», «Интерьер дизайны, азаматтық ғимараттардың реставрациясы мен реконструкциясы» мамандықтарымен байланыс жасап, дамытуды да көздейді.

Көркемсурет мектебі оқушыларының мұражайларға экскурсиясы мен ҚарУ тарих факультетінің археологиялық экспедициялары құрамында Қарқаралыға, Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Бүргілің сапарларындағы пленэрлері әріптестік қарым-қатынастарды нығайтып, олардың жаңа деңгейге шығуына жол ашады.

Педагогтердің шеберлігі мен дарынды оқушылар арқасында бұл мектеп шығармашылық даму үстінде. Олар Қарағанды облысы ғана емес, елімізден сырт жерлерде де сан конкурстарда жүлдеге ие болып, дипломант атанды.

Құрылғаннан бергі уақытта мектеп 800-ден аса түлекті шығармашылық әлемге қанаттандырыпты. Соның ішінде 100-ден астам түлек тағдырын көркем шығармашылықпен байланыстырды. Олардың көпшілігі еліміз бен Ресейде, Германияда суретші, архитектор, дизайнер, сурет пәні ұғалімі болып еңбек етеді. Әрі осы жердегі мұғалімдердің көбі кезінде біз айтып отырған мектепте оқып, бітірген.

Қарапайым Көркемсурет мектебінен әлемдік ЮНЕСКО-ның клубына айналған білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

Ержан ИМАШ.

ШАХТИНСК

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button