Жаңалықтар

Кәрімнің керім жырлары

Газетіміздің 90 жылдығы аясында ұжыммен Қарқаралының Едірей ауылына барғанда сұлулығына таңдай қағып, тамсанғанмын. Сонда ақын Кәрім САУҒАБАЙДЫҢ осы сұлу өлкеде туғанын ҚарУ-дың аға оқытушысы Нұртас СМАҒҰЛОВ айтқан еді. Ол бар өмірін Арқа даласының қасиетін дәріптеуге арнаған, туған жерінің тауы мен тасын, өзені мен көлін, тоғайы мен күміс бұлағын өлеңінің әр жолына нәр қылыпты. Туғанына 80 жыл толуына орай Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Zoom платформасында өткен «Рухы биік ұлттың ұлы» әдеби кеші сырбаз ақынның өр тұлғасын одан сайын асқақтата түсті.

Ақынның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты насихаттау, өлеңдері арқылы жастардың патриоттыққа тәрбиелеу мақсатын көздеген жиынды кітапхана басшысы Нұргүл Каленова ашып, шығармашылығына тоқталды. Қонақтарға жылы лебізін білдірді. Әдеби кешке арнайы Нұр-Сұлтан, Петропавл, Қарағанды қалаларынан, туған жері Егіндібұлақ ауылынан белгілі ақын-жазушылар, журналистер мен оқытушылар, жерлестері, шәкірттері мен әншілер һәм шайырдың туыстары қатысты. Кеш басында Кәрім ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді. Іс-шараны тізгіндеген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай жиынның әсерлі өтуіне мұрындық болып, тың деректерді ұсынды. Сонымен қатар, кешке қатысқан ақынның шәкірттері оның шығармашылық ерекшелігі мен адами қасиеттері жайлы сөз қозғады. Ақынмен алғаш танысып, кездескен сәттерін еске алды. Белгілі журналист Әли Тойжігіт ақын жайлы есте қалған ерекше естеліктерімен бөлісіп, Тұманбай Молдағалиевтың Кәрім Сауғабайға «дала ақыны, дара ақын» деген баға бергені жайында айтты. Бұл ақынға көрсетілген ерекше құрмет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Кәрім Сауғабайдың жастарға жол көрсеткені, қазақ қыздарын қой бағуға жібермекші болған билікке қасқайып қарсы шыққаны, ақын оқырмандарының енді оянып келе жатқандығы да қонақтар тарапынан тілге тиек етілді. Ал, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы Егіндібұлақтағы, Қарағандыдағы үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатып, соңында қалған мұрасын жалғанның жарығына шығару керектігін айтып, ақынға арналған өлеңін оқыды. Қарағанды гуманитарлық колледжінің II курс студенті Әнуарбек Қадыров пен Жансая Жанатова ақынның «Мәди Бәпиұлының соңғы сөзі», «Нан туралы балладасын» мәнерлеп оқыса, Н.Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары – Алтынбек Арайлым, Жұмажан Жансая, Нақып Алдияр «Түбінде Едірейге көшіп барамын», «Домбыра», «Әулие шал» туындыларын жатқа оқыды. Ал, өлеңдеріне жазылған әндерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбаев пен әнші, №36 мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Зина Камалиқызы орындады. Туған жері Егіндібұлақ селолық орталық кітапханасынан байланысқа шыққан «модельді кітапхана» меңгерушісінің міндетін атқарушы Кәмшат Бабағұлова мен Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», Егіндібұлақ тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастырушысы Ахмадия Сүлейменов ақын жайлы тың мәліметтермен бөлісті.

– Бүгінде кеншілер өлкесі түлеткен қаламы жүйрік жазушылар аз емес. Осынау бай өнердің сиқырына кенеле отырып, өмірге құнды жинақтар әкелген Кәрім Сауғабай әдебиетті ардың ісі деп білген жан. Оны шығармаларынан байқаймыз. Маған Жайық Бектұровқа арналған «Әулие шал» өлеңі өте ұнайды. Кәрім Сауғабаев Ж.Бектұровты ерекше үлгі тұтқан. Бұл кейінгі жас қаламгерлер біле жүретін асыл қасиет, – деп ерекше ой айтты Ж.Бектұров кабинет-музейінің кітапханашысы Жұлдыз Қатева. Кешке қатысқан мектеп оқушылары мен студенттер оның шығармаларымен жақын таныс екендігін аңғартты. Керім жырдың тиегі ағытылған кеш ұзақ уақыт ел жадында жүрері анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button