Көрерменге көңіл айтамыз
Арқа журналистикасының Ардағы, телевизия тарланы өмірден озды. Неткен суық хабар еді?!
…Жезқазғанға, ұстазым Базарбай Әлеуханұлының қырық күндік құдайы асына қатысу үшін жолға шыққанмын. Көлік тізгіні қолымда болып, қалтафоныма алаңдамаған едім. Діттеген жеріме жетіп алған соң ашқанмын. Қарағанды журналистері бір-біріне көңіл айтып, әлеуметтік желі «Ардағым-ау! Асылым-ау!» деп күңіреніп жатыр. Жұдырықтай жүрегім атша тулап, дегбір таппады. «Қалай?», «Неге?», «Жас еді ғой…», «Берері көп еді ғой»… Сансыз сауал санамда сапырылысып, мың сан өкініш өрекпіп сала берген. Бірақ, осынша көп сауалды өз-өзіңе қойғаныңмен, Құдайға қалай қоясың? Жаратушының әмірі осылай болған екен, амал нешік…
Базағам өмірден озғанда Ардақ бауырым маған көңіл айтқан.
– Базарбай аға етек-жеңі кең пішілген, даладай дархан азамат еді ғой. Жезқазған, Ұлытау өңірлеріне іссапармен барғанымызда, сол кісіге ат басын тіреуші едік. Жасының үлкендігіне де, жұмысбастылығына да қарамай, бізбен бірге жүріп, жолбасшымыз болатын. Киелі өлкенің тарихын да тамырынан талдап, біздерге көп деректі өзі жинап беретін еді. Ұлытау бірегей ұлынан, Жаңаарқа жампозынан айырылған екен… Артының қайырын берсін, – деп еді Ардақ бауыр. Міне, енді өзі де сол Базағаңдар ілескен көшке қосылды.
Ата-бабасының алтын бесігі Ақтоғай аңырап, қасиетті Қарқаралының қайғыдан белі бүгіліп тұр. Тоқырауын ағасынан жаңылып, Жарлы өзені Ардақты құрметтеген елдің көз жасымен көктемдегідей арналанып тұр бүгін. Қызыларай Кентке көңіл айтып, Ақсораң аһ ұрады алтын айдарлы Ардағын іздеп…
Біз көрерменге көңіл айтамыз.
Асыл азамат, талантты тележурналист, «Хабар» агенттігінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Ардақ Қабыханов көгілдір экраннан көңілдерге көшіп барады. Көгілдір экраннан Ардақтың жымиып қана сөз бастайтын нұрлы бейнесін көрмейміз, қоңыр үнін естімейміз енді. Қандай өкінішті?!
Көрерменнің жанарында мөлтілдеген жас тұр. Сол бір тамшы жаста Ардақтың бүкіл өмірі, тұтас болмысы тұр. Ол жас ертең сағыныштың жасына айналады.
Бақұл бол, Арқаның Ардағы!
Асыл азаматтың отбасына, туған-туыстарына, барша әріптестерге қайғырып көңіл айтамыз.
Ерсін МҰСАБЕК