Жаңалықтар

Көптен күткен кәріз жүйесі желтоқсанда іске қосылады

Аумағы ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан Ұлытау ауданының орталығы күннен-күнге гүлденіп келеді. Жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік және коммерциялық нысандар, мәдени орындардың саны артып, заман талабына сай, кәріз жүйесі де шешімін табуда. Өйткені, болашақта туризмнің орталығы болатын өңір үшін бұл өте маңызды. Тұрғындар бұл өркениет жетістігінің іске қосылар сәтін тағатсыздана күтіп отыр.

Дерекке сүйенсек, бүгінде Ұлытау ауданы бойынша «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 13.06.2019 жылғы №400 Қаулысымен бекітілген Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде, 2017 жылдан бастап, 2 кезеңмен орындалуы көзделген «Ұлытау ауылында кәріз жүйесінің құрылысын салу» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобаның тапсырыс берушісі – «Ұлытау аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі болса, бас мердігер ұйым – «Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны. 2017-2019 жылдары жобаның 1-кезеңі «Ұлытау ауылында кәріз құбырлары жүйесін салу» жобасы аяқталған. 2020 жылға дейін мердігер ұйым Ұлытау ауылында жобалау-сметалық құжаттарға сәйкес, жер жұмыстары: 30 000 м3 топырақты қопару-қазу, 29,7 км. құбыр желілерінің астын құммен тегістеу, топырақты нығыздау-тегістеу, құдықтар мен шұңқырларды қазу, полиэтилен құбырларын орнату жұмыстарын жүргізген. Кәріз жүйесінде 1 бас сорғы (насос) станциясы, 2 сорғы станциясы орнатылыпты. Біз осы құрылғы орнатылған жерге барып, көзімізбен көрдік. Жобаның 2020-2021 жылдарға жоспарланған 2-кезеңі «Ұлытау ауылында кәріз тазалағыш ғимараттардың құрылысы» жобасы да іске асырылған. Әзірге кәріз станциясы пайдалануға берілмегендіктен, ішіне кіріп, құрылғысымен танысуға мүмкіндік болған жоқ. Ұлытау аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәурен Тимофейдің айтуынша, ауылдан шыққан қалдықтар кәріз жүйесі арқылы келіп, орталық кәріз құрылғысына жиналады. «Толған соң өңделіп, арғы жағындағы арнайы алаңға суы ағып кетеді. Су ағатын алаң бассейн қазылып, дайын тұр. Тереңдігі – 1,5 метр. Құрылғыдан өте аз көлемде шығады және оны бақшаға да тыңайтқыш ретінде қолдануға болады. Ал, ештеңеге жарамайтын шағын қалдық осы аумақтағы арнайы орынға көміледі. Осылайша, ауылдың кәріз мәселесін шешумен қатар, ауа райын, табиғатты ластамауды да ойластырып отырмыз», – деді ол.

Мердігер ұйым «Еңбек-Қарағанды» РМК-мен жасалған келісім-шартқа сәйкес, жобаның құны – 680 млн. 270 мың теңге. 2020 жылға республикалық бюджеттен 494,0 млн.теңге, жергілікті бюджеттен 26,0 млн.теңге бөлінген. Сондай-ақ, 2020 жылы мердігер ұйым өкілдері және Орал қаласындағы өнім дайындаушы зауыттың монтаждаушылары тарапынан технологиялық жабдықтар мен ағынды суларды тазарту қондырғыларын, тарату ұңғымаларын, қабылдау камераларын, жинау цистерналарын нысанға жеткізу және монтаждау жұмыстарын жүргізген. Ұлытау ауылындағы электр подстанциясынан кәріз тазалағыш ғимараттарға дейінгі тәуелсіз электр желісі де орнатылыпты. Технологиялық жабдықтар мен құбырлар толық монтаждалып, буландырғыш-тоғанға гидрооқшаулағыш қабат ретінде геотекстиль және су өткізбейтін геомембрана төселген.

– Алайда, іс жүзінде коммуналдық қызметтерді тұтынушылар, яғни, болашақ абоненттер – 610-ға жуық жеке үй шаруашылығы, мемлекеттік органдардың 40-тан астам әкімшілік ғимараты, көпқабатты тұрғын үйлер және басқа да нысандар кәріз желісіне толық қосылмаған. Ескерер жайт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманың соңғы талаптарына сәйкес, жекеменшік сектордағы коммуналдық қызмет тұтынушыларды, тұрғын үйлерді коммуналдық жүйелерге қосу меншік иелерінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуы тиіс. Қазір осы атқарылған жұмысты қабылдап алып, әрі қарай толық ауылды кәріз жүйесіне жалғап, жұмыс істеуін қадағалау үшін «Арна-Су» ЖШС құрылып, аудандық құрылыс бөлімімен келісім-шарт жасасып жатыр. Қалған жұмысқа осы «Арна-Су» ЖШС жауапты. Кәріз жүйесіне толық жалғау және пайдалануға беру желтоқсан айының соңына жоспарланған, – деді Дәурен Тимофей.

Қазір Ұлытау ауылында 2550 тұрғын болса, тұрғын үйлер саны – 610. Кәріз құбырлары жүйесі мен кәріз тазалағыштың 4000 адам тұратын тұрғын үйлерге су бұру қызметін көрсету мүмкіндігі бар. «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру шеңберінде жасалған шарт аясында құрылыс салу мерзімінде 65 жұмыссыз адам уақытша жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, тұрғындардың тұрмыстық ауыртпалық жүгі жеңілдеп, жоба іске қосылғанда 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button