Руханият

Көп тілеуі – көл

Бауырлас Түркия елінің басына түскен қайғының салмағын аз да болса жеңілдетіп, қол ұшын созбаққа ниеттенген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері «Біз біргеміз» қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. «Кітап – Qazyna» кітап оқу жобасы аясында өткен шараға бес мыңға жуық студент қатысып, үлес қосты.

Бір айта кетерлігі, студенттер бастаманы ұсынып қана қоймай, жақсылыққа құштар екенін іс жүзінде дәлелдей білді. Жәрмеңкеге өздері пісірген тоқаштары мен басқа тағамдарын, өсірген гүлдерін, оқыған кітаптарын қойып, сатты. «Жасаған жақсылығың жақсылық болып оралады» деген түсінікті жастайынан бойына сіңіріп өскен жұртшылық бұл бастамаға бір кісідей қолдау көрсетті. Бізге аз қаржы болып көрінсе де, «көп түкірсе – көл» демекші, көмек мұқтаж жандарға ауадай қажет.

– Осы акция аясында Түркия, Сирия елдерінде орын алған табиғи апатқа байланысты, студенттер бастамасымен қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп жатырмыз. Мақсатымыз – жер сілкінісінен зардап шеккен елге көмек көрсету. Студенттердің бастамасы бізді қатты қуантты. Жастардың жақсылыққа ұмтылуы университетте алып жатқан білімі мен тәрбиесінің мол екенін аңғартады. Жастардың идеясын мақұлдап, қолдау көрсету міндетіміз, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Марғұлан Уәли.

Студенттердің өзі де жәрмеңкеге қойылған дүниелерді сатып алып, үлес қосып жатты. Қайырымдылық жәрмеңкесінен 2 миллион 14 мың 567 теңге қаражат жиналған.

Бұдан бөлек, ҚарУ-дың «Шабыт» өнер ұжымы «Танакөз» қойылымын сахналаған. Қойылымға да біршама ел қатысып, билеттен жиналған 100 мың теңгеге жуық қаржы осы қайырымдылыққа қосылыпты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz     

Басқа материалдар

Back to top button