Бас тақырыпОблыс әкімі

«Күнгейдің» көлеңкесінен  – Ұлытау ұлылығына  

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ халық алдындағы есептік кездесуінен ертеңге деген сеніміміз еңселеніп, аймақ басшысының ел аманатына деген адал пейілін аңғарып қайтқанымыз туралы газетіміздің өткен санындағы қысқа хабарамызда жазған едік. Шынымен де, бұрын-соңды болмаған кездесудің куәсі болдық. Алты сағат… Аяғынан тік тұрып, елдің мұң-мұқтажына құлақ асқан және мың сұрақтың бірін де жауапсыз қалдырмаған әкім. Әрине, проблеманың ірісі немесе ұсағы болмайды. Өйткені, ол – түйткіл. Кездесуде көтерілген әр мәселенің астарында әлеуметтік түйткіл жатыр. Оны дер уағында анықтап, мәселені ұшықтырмау – мақсат. Дәл осы тұрғыдан алғанда, халыққа биліктің ашықтығы қажет. Бұл жолы қалай болды?

Байырқалап оқып шығыңыз, баяндайын… Шыныдай шынайылық сипат алды. Залға сұрыптап енгізу деген болған жоқ. Бұрын «арнайы тізімдегілерге» арналған «арнайы орын» деген болатын еді. Бұл жолы мұның бірі де болған жоқ. Келген қалаған жеріне отырды. Бұқара билікке деген бұйымтайын бүкпесін жеткізіп, билік халықтың жанарына тік қарап жауап берді. Залда ине шаншар орын жоқ. Бұл – бұқара мен билік арасындағы тығыз байланыстың және халық белсенділігінің айқын көрінісі. Сонымен, әкім есеп берді, ел не деді?

КЕНДІ ӨЛКЕНІҢ КЕШЕГІСІ – КЕМЕЛ, ЕРТЕҢІ – ЕҢСЕЛІ

 Бірден айтайын, бұл жолғы кездесудің ерекшелігі сол, халықтың атқарушы билікке дат айтып, мұңмұқтажын жеткізуіне мүмкіндігі мол болды. Есепті баяндаманың ықшам әрі мазмұндылығы сүйсінтті. Аманат арқалап келгендер үшін ашық әңгімеге уақыт мол қалды. Оның сыртында, Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында үш күн бойы «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, әкімдік құзырындағы барлық басқарма өкілдері тұрғындардың өтініш-тілегін бір қаттап алған.

Облыс әкімінің бір сағатқа толар-толмас уақытымызды алған баяндамасы да құрғақ цифр, болмас болжамды емес, нақты іс, көшелі көрсеткіштерді ғана қамтыған екен.

Атқарушы биліктің негізгі жұмыс мазмұны «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында, Елбасы Жолдауларында, «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» секілді маңызды құжаттарда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапасын арттыру» атты Жолдауы бойынша 2018 жылға міндеттелген 29 іс-шараның барлығы мерзімінде орындалды.

Ресми биліктің есепті кезеңдегі әрекетіне негізделген әкім баяндамасының көлгірсу емес, күнделікті өзіміз көзбен көріп, көңіліміз марқайып жүрген нақты істер тізбегі екенін ешкім жоққа шығара алмас. Аймақ экономикасының еңселі көрсеткіштері Үкіметтің 2018 жылды қорытындылауға арналған отырысында да оң бағасын алып, ауызға іліккенінен хабардармыз

Білесіздер, аймақ экономикасындағы жетекші сектор – өнеркәсіп. Бұл сала облыс экономикасының тең жартысын (49%) құрайды. Аймақтағы жүйеқұрушы ірі өндіріс орнының бірі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Өткен жылы өндіріс ошағында апатты жағдай орын алып, бұл кәсіпорынның жұмысы 2 ай мерзімге тоқтап қалған. Соған қарамастан, алпауыт кәсіпорында оң динамика сақталып, жылдық жоспар артығымен орындалды. Тағы бір жетекші өндіріс ошағы «Қазақмыста» да жаңғырту жұмыстары тиянақталып, өнім көлемін жылына 364 мың тоннаға жеткізу мүмкіндігіне жол ашылды. Бұл – Жезқазған мыс қорыту зауытының екінші пешін іске қосу арқылы бағындырылған меже.

Облыстағы өңдеу өнеркәсібі тауарларын экспорттау көлемі де ұлғайған. Мәселен, есепті кезеңде жалпы құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын өнім әлемнің 49 еліне экспортталды. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 6,4%-ға артық көрсеткіш.

Аймақ экономикасы инвестиция игілігін көріп отыр.

– Тың жобаларды іске асыру, қолда бар мүмкіндіктерді жетілдіру арқылы өнеркәсіп секторын жаңғырту – инвесторлармен жасалған тиімді жұмыстың нәтижесі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасына жалпы сомасы 470 млрд. теңгені құрайтын инвестиция тартылды. Бұл – 2017 жылғы инвестиция көлемінен 100 млрд. теңгеге артық, – деді облыс әкімі Ерлан Жақанұлы. Иә, көңіл көншітер көрсеткіш.

Тамырынан талдап көрсеңіз, инвестиция көлемі ауқымды түрде өскен. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, аймаққа күніне 1,3 млрд. теңге инвестиция құйылған. «Тура осыдан қарапайым халыққа келер игілік қане? Мұның барлығы – шетелдік инвесторлардың ырзығын еселейтін қаржы ғой» деп қалуыңыз кәдік. Жоқ, олай емес. Шетелдік инвестор капиталына салынған жоба – мыңдаған жұмыс орны.

Ол аз десеңіз, салық. Салық облыс бюджетін еселейді. Ал, бюджеттің бүйірі шықса, халықтың аузы майланбақ. Сондайақ, инвестор Қарағандыда жүзеге асырған жобасын келісім-шарт мерзімі біткен күні арқалап ешқайда әкетпейді. Ендеше, аймақ басшылығының жүргізіп отырған инвестициялық саясат туралы асығыс пікір, орынсыз сын айтуға асықпағанымыз абзал.

Облыс әкімінің өткен жылғы есепті кездесуінде Теміртаудың экологиялық ахуалы, ТЭЦ мәселесі, Елбасының алтын тұғыры болған шаһарға қара қар жиі жауып тұрғаны өткір көтерілгені естеріңізде болар. Міне, сол мәселе де ұтымды ұйымдастыру, қатаң талап қоюдың нәтижесінде оң шешім тапқалы тұр. Компания қожайындары осы бағытқа 2 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға уәде беріпті. 2029 жылға дейін Теміртау жасыл желекке оранып, теміртаулықтардың бойы жылынады. Бұл да – аймақ басшысының ұтқыр қадамдарының бірі.

Тағы бір ілкімді жоба Жәйремді жадыратпақ. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жылына 5 млн. тонна полиметалл кенін қайта өңдеу жобасын іске асыруға қыруар инвестиция салып отыр. Байыту фабрикасының құрылысы 2020 жылы аяқталады.

Аймағымыздың инвестициялық қолайлылығы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында шоғырланған. Бүгінгі таңда АЭА аумағында 7 жоба іске қосылса, алдағы уақытта тағы 8 инвестжоба жүзеге асырылмақ. Жобалардың құны – 148 млрд. теңге. Осы жобалар іске қосылған күні 1,7 мың жерлесіміз тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Яғни, дәл қазіргі уақытта 4,5%-ға табан тіреп тұрған жұмыссыздық деңгейі едәуір азаяды деген сөз.

 Жалпы, облыс әкімінің есебінен көңілге түйгеніміз – өңір бойынша экономиканың барлық саласында ілгерілеу, еңселену көрсеткіші басым. Ауыл шаруашылығында да ауқымды жобалар жүзеге асырылып, ауыл ажарланып келеді. Дала төсін дүбірге бөлеген диқандар өткен жылы 1 млн. тонна астық бастырса, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі 60,1 млн. АҚШ долларын құрады. Есепті кезең еңсерген тағы бір көшелі көрсеткіш – 293,4 млрд. теңгенің өнімі.

Білім беру саласында да бірегей жобалар қолға алынып, әлеуметтік саланың әлеуетін арттыру мәселесі тұрақты бақылауда тұр. Халыққа қызмет көрсету саласының қордаланған мәселелері де оң шешім таба бастады. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында бақылау күшейтіліп, талап өзгерген.

 Өткен жылы Елбасының Бес әлеуметтік бастамасының «Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» атты бірінші бағыты аясында 3,4 мың пәтерлік 32 жоба іске асырылды. Осы жылы тағы 1052 пәтер тапсырылады.

Баяндамасын бастамас бұрын:

 – Біздің өңірде 1,5 миллион тұрғын бар. Бұл дегеніміз – 1,5 миллион тағдыр. Атқарушы биліктің негізгі жұмыс бағыты осы миллиондаған тағдырлардың өмір сүру сапасын жақсартуға негізделді. Ендеше, жұмыс – ауқымды. Биліктің назарынан тыс қалған жағдайлар орын алуы мүмкін. Бұл кездесудің ашық әрі белсенді жағдайда өтуі осы тұрғыдағы олқылықтарымыздың орнын толтыруы керек деп ойлаймын,- деген еді Ерлан Жақанұлы. Әрине, билікті сынауға шеберміз. Әкімнің орынтағын бақ деп қабылдайтын түсініктен арыла алмай жүргеніміз тағы бар. Баяндамада қамтылғаны бар, қамтылмағаны бар, қыруар жұмыстың көлемі мен күрделілігі әкімдік креслоның бақ емес, бейнет екенін дәлелдеп тұрған жоқ па?!

«Жұмақ – ананың табанында»

Көпбалалы аналар проблемасының өзекті екенін, олар мемлекет қамқорлығына зәру екендігін бүгін ғана біліп отырған жоқпыз. Бұл – толғағы жеткен мәселе. Осы мәселеге қатысты залдан да сұрақ жауып берді. Бірақ, Ерлан Жақанұлы ашық диалогқа шықпас бұрын, аналар проблемасына арнайы тоқталып, жоспарлы жұмыстарын баяндап өтті.

– Қоғамда, мемлекетте анаға көрсетілер құрмет пен қамқорлықтың деңгейі төмендеуі тиіс емес. «Жұмақ – ана табанының астында» деген тәмсіл бар халқымызда. Біз де көпбалалы аналар проблемасы күн тәртібіне көтерілгелі бері жер-жерде осы санаттағы аналармен бірнеше кездесулер өткіздік. Аналар мұңына құлақ асып, назар аудардық. Иә, проблема бар. Көпбалалы отбасылардың мұңмұқтажы мен өтініш-тілектерін қабылдап, Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмыс тобына жолдадық. Ал, жергілікті деңгейде шешуге болатын кейбір мәселелер бойынша өзіміз шешім қабылдадық, – деп, сөз сабақтаған аймақ басшысы қарағандылық аналарды қолдау мақсатында белгіленген 10 қадамды жариялады.

Билік белгілеген он бағыт аналар үшін мол бақыт па? Аналар арқалаған ауыр жүк біржола еңсеріліп қалмаса да, біршама жеңілдейтін түрі бар. Мәселен, осы жылдың бірінші маусымынан бастап көпбалалы аналар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы енгізілді. Бастауыш сыныпта оқитын балалары тегін ыстық тамақпен қамтылатын болды. Балабақша төлемі 50%-ға шегерілді. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге – музыка және көркемөнер мектептері, спорттық секциялар, ұзартылған күн топтарында білімін пысықтау тегін. Мектеп жанындағы жазғы лагерлерге де тегін қатыса алады. Сондай-ақ, колледждерде білім алуға қосымша 5,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұл – көпбалалы отбасылардың балалары үшін 8 мыңнан астам мемлекеттік грант. Сонымен бірге, облыста отбасын қолдау орталығы ашылып, өз ісін ашуға пейілді аналарға 200 грант беру жоспарланып отыр.

Мұны да аз десеңіз, көпбалалы аналарға баспана алу үшін тұрғын үй сертификаттары мен тиімді несие ұсынылмақ. Бүгінгі таңда 1 206 көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. Ал, жергілікті атқарушы билік жеңілдетілген несиемен баспаналы болуға құқылы 11 санаттағы азаматтар үшін жылына 300-ге жуық пәтер салуда. Ал, бұл 11 санат бойынша кезекте тұрғандардың саны 36 мыңнан асады. Сондықтан, осынша кезекті жуық арада түгел қамтып шығу мүмкін еместігін тілге тиек еткен облыс әкімі көпбалалы аналар үшін тұрғын үй сертификатына 1 млрд. теңге қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Бұл қаржыға үйдің бастапқы жарнасының 10%-ы субсидияланады.

«Айнагүлден үлгі алыңыздар»

Жеті баланың анасы Айнагүл Хамитова 720 орындық 4 жекеменшік балабақша ашты. Облыс орталығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету мәселесіне өзінің үлесін қосып отырған көпбалалы анаға облыс әкімі алғыс айтып, кәсіпкердің игілікті ісін көпке үлгі етті.

 – Айнагүлдің балабақшаларында болдым. Тамаша жағдай жасалған, озық әдістемелермен тәрбие жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Мемлекеттің тапсырысын да орындап, қамқорлығын да сезініп отыр – деп сөз сабақтаған аймақ басшысы Елбасының 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамту жөніндегі тапсырмасы біздің облыста толығымен орындалғанын атап өтті. Бұл меже Айнагүл Хамитова сынды мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке өз үлесін қосып, ортақ мүддеге ой жұмылдырған кәсіпкерлердің арқасында мүмкін болғанына да тоқталды. Айнагүлдердің ниетіне қарай, мемлекеттік тапсырыс көлемі де ұлғайып, кәсіпкерлердің ынтасы оянған. Бір жылдың ішінде облыс бойынша 20-дан астам жекеменшік балабақша ашылып, мемлекеттік тапсырыс орындап отыр.

«Жаман жолда атан да сүрінер, атаң да сүрінер»

Жол – экономиканың күретамыры. Әлгінде ғана әкім айтқан 1,5 миллион тағдырдың ізі бар бұл жолдың үстінде. Сонымен қатар, облыс аумағында қанша шақырым жол болса, осы 1,5 миллион тағдырдың соқпағы тоқайласады сол жолмен. Ендеше, облыс аумағындағы жол проблемасы – ең маңызды фактор.

 – Жақында мемлекет басшысы «Жол тек тұрғындардың үйлеріне дейін жеткенде ғана салынған жол болып есептеледі» деген болатын. Үйімізден шыққан бетте көретініміз – аула. Тек облыс орталығында ғана 300 аула бар. Өткен жылы 100 ауланы абаттандырдық. Алдағы екі жылда қалған 200 аула жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, өткен жылы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу көлемі жоспардағыдан екі есеге артық көлемде орындалды. 2017 жылы 370 шақырым жол жөнделген болса, 2018 жылы 800 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді облыс әкімі жол жағдайына айрықша тоқталып.

Жалпы, облыс бойынша 1215 шақырым автокөлік жолдарын жөндеуге 45,2 млрд. теңге жұмсалған. Осы жоба аясында 2500-ден астам адам жұмыспен қамтылды.

Облыс орталығы үшін көлік кептелісі өзекті мәселенің бірі болып тұрғаны жасырын емес. Себебі не? Өйткені, Қарағанды арқылы тәулігіне 22 мың транзиттік көлік өтеді. Бұл дегеніміз – тек қана кептеліс емес, ауаның ластануы, жол-көлік оқиғаларының жиілеуі. Сыртқы айналма жолдардың болмауы салдарынан осынша көлік қаланы қақ жарып өтетін ішкі жолдарда кептеліс тудыруға себеп болып келген. Міне, осы мәселенің түйіні тарқайтын күн де жақын. «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің қайта жаңаруы арқылы Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының жобасы енгізілді. Бұл жобаның құны – 35 млрд. теңге. Жақын күндері осы айналма жол ашылатын болады.

Сонымен қатар, өткен жылы «ҚарағандыЖезқазған» бағытындағы автожолдың 233 шақырымы, қалалық, аудандық жолдардың 315 шақырымы жөнделді.

Жол жөндеу жұмыстарының қарқыны биыл да бәсеңдемейді. Яғни, атанды да сүріндірер, атамды да түңілдірер шоқалақ жол болмайтынға ұқсайды. Өткен жылғы көрсеткіш пен сапа жүйрік қиялымызды осындай үмітке жетеледі.

«Шалғай ауыл балалары замана көшінен қалмауы керек»

Білім саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді жіпке тізген облыс әкімі шалғай ауылдарда ІТ сыныптар ашу арқылы ауыл балаларына заманауи білім беру міндеттерін орындай алатынымызды, Елбасы тапсырмаларын еркін еңсеретінімізді атап өтті.

– Өркениеттен жырақ, орталықтан алыс ауылдарда небір талантты балалар бар. Олар замана көшінен қалмай, сапалы білім алуы керек. Сондықтан да, ауыл мектептерін заманауи оқу құралдарымен жабдықтау ісін қолға алдық, – деген аймақ басшысы өткен жылы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Жаңаарқа ауданының барлық мектептерінде ІТ сыныптар ашылғандығын жеткізді. Бұл үрдіс алдағы уақытта жалғасын тауып, барлық аудандарды толық қамтитын болады.

 Жастардың мектептен кейінгі өміріне де бейжай қарай алмайды біздің билік. Мысалы, облыс аумағындағы орта, арнаулы білім ошақтарында ашылатын бизнесинкубаторлар – осы сөзімізге дәлел.

– Бүгінде облыстағы әрбір бесінші азамат – жас ұрпақ өкілі. Біз жастардың нақты, өзекті мәселелерін шешуге бағытталған кешенді жоспар әзірледік. Бұл жоспар оқыту, жұмысқа орналастыру, бос уақытын мазмұнды өткізу және отбасылық құндылықтар секілді маңызды параметрлердің барлығын қамтып, ел болашағы саналатын жастар өмірінің мазмұнын арттыратын болады, – деді аймақ басшысы биылғы Жастар жылына жоспарланған жарқын бастамаларды жариялай отырып.

 Облыс колледждері базасында ашылатын бизнес-инкубаторларда студенттерді кәсіпкерлікке, құқықтық және қаржылық сауаттылыққа үйретеді. Осы бағдарламаларды үздік тәмамдаған түлектер өз ісін ашуға мемлекет тарапынан қолдау табатын болады.

Сауалына – жауабы

Сырт көзге жиналған ел қоятын сұрақ та қалмаған болып көрінуі мүмкін. Өйткені, сөз басында айтқанымыздай, құрғақ цифр, негізсіз пайыздан саяқ кеткен әкім есебі негізгі деген күрделі мәселелерді өзі көтеріп, жауабын да өзі беріп кетті. Ал, мен баяндап отырған мәліметтердің дені тұрғындар сауалына жауап беру кезінде айтылған жайттар.

 Өз басым ұзын-сонар кезектің көкесін сонау тоқырау жылдарында дүкендегі нанның кезегінен көргенмін. Бұл жолғы микрофонға таласқан жұрттың қарасы тіптен қалың. Ленин мавзолейіндегі кезекке қатты ұқсаттым.

 Сонымен, ашық әңгіме басталды да кетті. Бес сағат. Сау адамның белін, асыққан адамның күдерін үзетін бес сағат. Ел де тарамады. Әкім де тапжылмады. Бірде-бір сұрақ жауапсыз қалмады. Залдан қарша бораған өткір сұрақтың барлығы өтімді жауаппен қауышты. Жасыратыны жоқ, кейбір сауалдар отбасылық деңгейдегі, яғни, отағасы мен отанасы шай үстінде шешіп тастайтын мазмұнда өрбіді. Оларға да отбасы-ошақ қасының шаруасы, ұсақ-түйек деп қараған әкім жоқ. Тиісті органдарға тапсырма беріп, мәселенің мәнісін түсіндіруді тапсырып жатты.

Алдыңғы қатардағы бір қария микрофонға жете алмасын сезді ме, «Аппаз ауылының ауыз су мәселесі не бола ды?» деп қалды. Жауап: «Аппаз ауылының ауыз суының қаржысын биыл аламыз. Келер жылы бұл мәселе күн тәртібінен ысырылады». Осылайша, әр сұраққа тиянақты жауап берген Ерлан Жақанұлы тіпті, барлық мәселелердің мән-жайынан хабардар екендігін аңғартып, сұрақ қоюшының өзін тәнті етті. «Күнгейдің» көлеңкелі тұстары – ауыз су, электр желісі. Осы мәселеге қатысты сұрақ жолданған сәтте:

 – «Күнгейдің» белсенді тұрғыны Дарын қайда? Дарынды шығарыңыздар. Сол біледі «Күнгейдің» проблемасын», – дегенде, шыны керек, аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Сөйтсек, Дарын мырзаны қала әкімі қақпайлап қалған екен.

– Дарынның залға кіре алмай қалуы мүмкін емес, мен ешкімге тосқауыл болмауды тапсырған болатынмын. «Күнгейдің» су мәселесімен тиянақты айналысып, тікелей өзім бақылауда ұстап отырмын. Былтырғы кездесуде сіздер айтқан 100 үй емес, 249 үй сусыз отырғаны мәлім болды. Біз сол 100 үйге жасаған жобалаусметалық құжаттарға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Алдағы сәуір-мамыр айларында құжат дайын болса, қаржысын бөлеміз. Су мәселесі түбегейлі шешіледі, – деп нақты жауап берді.

«Ақжүніс» аналар қоғамының өкілі, журналист Ләззат Қожахметова көпбалалы аналар мәселесін көтерді. Өңір аналары атынан сөз алған Ләззат ханым өзінің төртінші баласы 2017 жылы туғанын және көпбалалы ана статусын қайтара алмай жүргенін айтты. Сондайақ, әр балаға тиесілі жәрдемақы тек 1 жасқа дейін төленіп, балабақшаға 3 жастан ғана қабылдайтынын жеткізген ана жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзартуды сұрады. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар үш ай сайын құжат жинайды. Неге? Сосын, басында баспанасы жоқ отбасылар мекен-жай анықтамасын қайдан алуы керек? Студент балаларымыздың шәкіртақысы мен мүгедектерге берілетін жәрдемақы неге табыс болып есептеледі? Осы сияқты сауалдарын жолдаған Ләззат Қожахметова: «Әрине, мұның барлығы облыс әкімінің шешетін мәселесі емес. Тек қана, біздің осы жанайқайымызды Үкіметке жеткізеді деген үмітпен айтып отырмыз» деп ой түйіндеді.

Сауалдар залдан ғана емес, кездесуге онлайн жүйесі арқылы қосылған барлық өңірлерден де жолданды. Ақтоғай ауданының тұрғыны Доклад Айтыханова Қызыларай ауылында акушерлік-фельдшерлік пункт салу мәселесін көтерсе, Сәтбаев қаласының тұрғыны ЖезқазғанҰлытау өңірінде маммолог дәрігерлердің жетіспейтіндігін, «Жыланды» кен орнының экологиясын ортаға салды.

– Қызыларайда медпункт мәселесін зерттейміз. Тікелей өзім бақылауға алып, күн тәртібіне қоямын, – деп жауап берген аймақ басшысы Жезқазған өңіріндегі дәрігер мамандардың тапшылығына қатысты пікірін де нақты айтты. Осыдан екі жыл бұрын облыс бойынша 200 дәрігер маман жетіспейтін болса, қазіргі таңда бұл цифр 97-ге қысқарған. Әрине, облыс басшылығының тиімді жұмысы нәтижесінде. Алдағы уақытта бұл мәселенің де түбегейлі шешілетініне сендірді. Ал, «Жыландының» экологиясына байланысты тиісті қызмет өкілдері сараптама жасауға тапсырма алды.

Қарқаралыдан сауал жолдаған Николай Смолиннің аңсары аудан орталығында көпқабатты үйлер салынса дегенге ауып тұрды. Бұл мәселе де облыс әкімінің ойында жүрген түйткіл болып шықты. Көп жылдардан бері Қарқаралыда көпқабатты үйлер салынбағанын атап өткен өңір басшысы құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамалары әзір екендігін және биыл 7 үйдің құрылысы басталатындығын айтты. Оның сыртында, облыстық бюджет арқылы спорттық кешен құрылысы да басталмақ.

Ұлытау жұртшылығы былтыр жазда киелі топырақты дүбірге бөлеген «Жезкиік» Халықаралық фестивалі үшін облыс әкіміне дән риза. Қаншама жол жөнделді, ел серпіліп қалды. Сауалдары – Ұлытауды одан әрі дамыту үшін қандай жобалар қолға алынбақ?

Жауабы да мазмұнды һәм маңызды шықты.

– Ұлытаудың дамуы – Елбасы назарында. Ұлытау тек Қарағандының ғана емес, еліміздің туристік орталығы болуы тиіс. Сондықтан, ашық аспан астындағы мұражай сынды киелі өңірдегі тарихи жәдігерлерді әлемге танытып, әлеуеті зор туристік орталық жасау үшін жүйелі жұмыстар атқарылатын болады. Былтыр «Жезкиік» фестиваліне 15-16 мемлекеттен меймандар келді. Олардың барлығы өз басылымдарында Ұлытау туралы тамаша мақалалар жазды. Оның барлығы біздің қолымызда бар. Міне, содан кейін-ақ сол мемлекет азаматтарының біздің Ұлытауға деген қызығушылықтары оянғаны белгілі. Біз «Жезкиікті» дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарға енгіздік. Міне, Ұлытауды әлемге таныту деген осы, – деді.

…Мұның барлығы – маңызды деген сауалдар ғана. Иә, бірін-бірі қайталаған, баяндамада айтылып кеткен мәселелерге қатысты сауалдар болды. Бас-аяғы алты сағатқа созылған кездесу көкейде жүрген мың сауалға жауап іздегені анық. Ел ырза болып тарқасты. Өйткені, сауалына жауабын алды. Кенді өлкенің кешегісін қанағат тұтып, ертеңін таныды. Сенімі серпіліп, үміті үкіленді.

Қалай болғанда да, алты сағат аяғынан тік тұрып, өз құзыретінің қарапайым халықтан асқақ емес екендігін ісімен дәлелдеген әкімнің қажырына қайран қалдық. Бұған дейін де қоғамдық көлікке мініп, елеусіз барып, базар аралап, бағаны көзімен көріп, құрғақ ақпаратқа сүйенген бұйығы қоғамды селт еткізген еді Ерлан Жақанұлы. Бұл жолы халықтың мұң-мұқтажынан маңызды дүние болмайтындығын өзі ісімен дәлелдеп, маңайындағы атқамінерлерге де мойындатты. «Күнгейдің көлеңкесінен» Ұлытаудың ұлылығына дейін салмақты сарапталды.

Алты сағатқа созылған ашық әңгімеден түйгеніміз – осы.

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button