Руханият

Көнені қайта жаңғыртып…

Қарағандыдағы Г.Потанин атындағы мектепте материалдық және рухани мәдениеттің жәдігерлерін насихаттаған көрме өтті. Отандық тарихқа, қазақ халқының өнері мен мәдениетіне құмар оқушылар көрмеде шынайы тарихи деректерге негізделген материалдық және рухани мәдениеттің қайта жасалған макеттерін ұсынды.

Жәдігерлердің бірі – Ағыбай батыр кесенесі. Мектептің «Ұлы дала алтыны» мұражайында барлық сән-салтанатымен сақталыпты. Оның ішінде, қайта қалпына келтірілген бес «Алтын адам» бар.

Оқушылар тарихи макеттерді әртүрлі көркем материалдарға көшіру арқылы қағаз бен желім қосындысынан конус тәрізді құрылымды «Домбауыл кесенесі», мүсіндік пластилин мен тұзды қамырдан шебер біріктірілген бірегей «Тамғалы петроглифтері», аң стилінің сәнділігі мен сұлулығын қайта жасау­ға мүмкіндік берген «Көшпенділер дәуірінің зергерлік бұйымдарын» гипс қалыпта ұсынды. Мектеп педагогтері оқушылар ойлап тапқан тарихи-географиялық қайта құруды қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрін жаңғырту бойынша үздік жоба ретінде таныстырды.

– Григорий Потанин «…болашақта мұндай уақыт туады… Содан кейін Еуропа әлемге Шоқанды, Абайды, Ахметті және Міржақыпты берген қазақ халқы туралы білетін болады. Қазақтар автономды болады, ал, Қараөткел Алаштың астанасы болып, сол жерде университет салынады, сол жерде қазақтардың ұлдары мен қыздары білім алады» деген болатын.
Көрме осы үлгілі ойға негізделді. Онда отандық тарих, қазақ тілі және өлкетану бойынша қосымша білім беру сабақтары арқылы педагогтердің балалармен жұмысының практикалық идеялары, жеке тәжірибесі көрсетілді, – деді Г. Потанин атындағы мектептің директоры Роза Құлмұханова.

Көрмеде сондай-ақ, оқушыларды Отан тарихын оқуға баулу, туған өлке шежіресіне жоғары қызығушылық танытатын оқушыларды анықтау, олардың шығармашылық әлеуеті мен қоғамдық белсенділігін дамыту да көзделді.

– Бұл формат біз үшін қызықты және материалды тезірек игеруге мүмкіндік береді. Тарихи-географиялық реконструкциялар сүйікті Қарағандымыздың туған күніне арналды, – деді 10 сынып оқушысы Айнұр Оразбекова.

Оқушылар ұсынған макеттер мен экспонаттар мектеп мұражайында сақталады. Алдағы уақыттағы аймақтағы білім ошақтарында Қазақстан тарихы, өлкетану және қазақ тілі бойынша өтетін сабақтарда макеттер тамаша дидактикалық материал ретінде қызмет етеді.

Оқулықтың мазмұнын толықтыру арқылы оқушылардың таным көкжиегін кеңейтеді және гуманитарлық білімге деген қызығушылықты арттырады.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button