Бас тақырыпБасты тақырыпРуханият

Қарқаралы мұражайына ұстаның көне бұйымы тапсырылды

Арқаның алтын тәжі Қарқаралының көне тарихын, ұлтымыздың бай мәдени мұралары мен қолөнер дәстүрлерін түгендеп, ұрпаққа жеткізуге жергілікті тұрғындар үлкен үлес қосып келе жатқаны қуантады. Осындай игі істі таяуда Қарқаралы қаласының тұрғыны Асан Сисин атқарды: ол өзінің атасына тиесілі бағалы жәдігер – ұста құралы төсті Қарқаралы тарихи-өлкетану музейіне тапсырды.

Сурет автордан

Бұл төс – Асекеңнің атасы, 1901 жылы дүниеге келген, өмір бойы ұста әрі ағаш шебері болған атақты ісмер, ІІ дүниежүзілік соғыстың ардагері Разақ Сисин атамыздың қолынан түспеген еңбек құралы көрінеді. Хас шебер заманында темірден түйін түйіп, ағаш оюмен айналысып, елге қажетті тұрмыстық бұйымдар жасаумен аты шыққан екен. Атап айтқанда, ол кісі ер қосып, ат шана мен арба құрастырған, қамшы өрген, тұрмысқа қажетті көптеген бұйымдар жасаған, он саусағынан өнері тамған әйгілі шебердің бірі болыпты.

Атадан балаға мұра болған ұсталық дәстүрдің құралы төс – металл өңдеу, бұйымдар әзірлеу ісінде теміршілерге таптырмас көмекші. Ұсталар оны сақина, жүзік, алқа, сырға, білезік сияқты әшекейден бастап, тұрмысқа қажетті көсеу, шымшуыр, қалақ, үзеңгі тәрізді шағын бұйымдар дайындауға да қолданған. Разақ атаның қажырлы еңбегі мен маңдай теріне куә болған темір төс уақыттың қатал сынынан өтсе де тат баспай, бұзылмай сақталыпты. Оның бетіне балғаның ұзақ жылғы тынымсыз соққыларынан түскен майда іздер, құрыштың айнадай жалтыраған кескіні ардагердің кеудесіндегі орден-медаль секілді көз тартады.

– Асан Сисин ағамыз бұл жәдігерді музейге табыстау арқылы атасының есімін ғана емес, сонымен бірге тұтастай Қарқаралы өңіріндегі ұсталық өнердің тарихын сақтауға үлес қосты. Мұндай мұралар бүгінгі жас ұрпаққа өткеннің өнегесін танытып, ұлттық қолөнердің терең тамырын көрсетеді. Қазір музей қорындағы құнды жәдігерлер қатарынан орын алған төс арнайы экспозицияға қойылып, мұнда келушілерге ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұсталарының еңбегі мен шеберлігін айғақтайтын сирек те бағалы бұйым ретінде таныстырылуда. Осы жәдігер арқылы өңір тұрғындарының сол кезеңдегі тұрмысы, халықтың қолөнері, мәдениеті, темір ұсталары мен ағаш шеберлерінің өмірі мен еңбегі жайлы барынша кеңірек мәлімет беріледі. Сисин әулетінің ұқыптап сақтап келген мұрасы музей қорын ғана емес, Қарқаралының бай мәдени тарихын жаңа деректермен толықтырды, – дейді Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы А.Қадырова.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button