Руханият

Күндер зулап барады

Күндер зулап барады-ау жеткізбейді-ай,

Асау өзен өткелден өткізбейді-ау, оу, дүние!..

Тұманбай Молдағалиев

Әдемі ырғақпен өрілген ән құлақ құрышын қандырып, жан дүниені тербетіп шарықтау шегіне жетіп барып тоқтады. Жорғаны жолға салып, жұрт қызығар үнсіз тыныштықтықта өткенге ой жүгіртіп, сансыз өмір қиылыстарын еске алып, ерекше бір әсерге бөленесің.

Ата бабаңның өткен өмір жолын білгің келсе ұғып ал дегендей, ерекше бір күй сарынымен басталып, әрі қарай жүрек қозғар әнге айналып, күмбірлеген кәрі домбыра әншінің қолынан қимастықпен босап құтты орнына жайғасты.

Әншінің жүректі елжірете орындаған әніне елітіп, одан алыстап кете алмай мен де өзге дүниені ұмытқандай хәлде қалған сияқтымын.

Тұманбай мен Мұқағали сияқты ақиық ақындардың – «Күндер зулап барады», «Өзіммен өзім» өлеңдері КСРО халық артисі Еркеғали Рахмадиевтің әнімен тамаша үйлесіп, тыңдаған жанды рахатқа бөлеп, тербеткені сезіліп-ақ тұрды.

Өз заманының тыңдаушысын тамсандырып, көпшілік құрметіне бөленген Манарбек пен Жүсіпбек сияқты ағаларының батасын алып, көп ортасына шешендігімен, ән айтуымен танылған Ж.Кәрменов кезінде осы екі әнді нақышына келтіре орындап, қарт композитордың ырзашылығын алған екен.

Өкінішке қарай, Ж.Кәрменовтің орындауында айтылған осы екі ән еш жерде сақталмаған.

90 жылдардың орта кезі болу керек, қарымды қаламгер Н.Айтовтың шығармашылық кеші Астанада дүркіреп өтеді.

Сол дүбірлі кеште Несіпбек ақынның сөзіне жазылған Ақселеу Сейдімбековтың «Сарыарқасымен», «Дәуренайын» орындаған сазгер, халық мәнерінде ән айтудың майталманы бүгінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек бауырымыз отырған көпшілікті тәнті етіп, көрермен көңілінен шығады.

Бүгінде сол Жәнібек ағасының қалдырған ізін жаңғыртып, өткенді еске алдырып, тамылжыта әнді орындап берген ортамызда шоқтығы биік, елімізге танымал әншіміз Дәуренбек болатын.

Еркеғали ағамыздың жұбайы Клара жеңгеміз сол дүбірлі кеште әншінің ән айту өнерін бағалап, Қарағандыға сол кезде облыстық мәдениет басқармасының төрайымы Омарбекова Рымбала Кенжебалақызына қоңырау шалып, Дәуренбектің хабарласуын сұрайды.

Бұл Астанада өтетін композитордың 80 жылдық мерейтойының алды болатын.

Тойдың алдында композитордың жас әнші Дәуренбек бауырымызбен кездесуі де ерекше.

«Дәуренбек балам менің әндерімді орындайтын сен бе едің» – деп жүрекке жайлы жылы сөзімен композитордың дидарласуы басталып кетеді.

«Ойға шомып томсарған кәрі еменді күндіз түні соғатын жел қозғайды»,

«Жасы ұлғайған адамда күшті дауыс болмайды, ритмді баяулат, домбыра бұрауын сәл түсіріп айтсаң дұрыс болар еді» – деп баласына әннің осылай орындалуын әкенің және ұстаздың көңілімен жеткізсе керек.

Көп кешікпей жеңгесі мен інісінің, үйдегі қара телефон арқылы екеуара шығармашылық жүздесулері басталады. Адамзат құлағына ән де, әңгіме де түрлі жолмен жетеді.

Бірақ телефон арқылы ән айтуды жеткізудің де өзіндік ерекшелігі барына көбіміз мән бермесек керек.

Тұманбай ақынның сөзіне жазылған әнді композитордың жары Клара жеңгеміз әншіге телефонмен жеткізеді.

Дәуренбек бауырымыз үй телефонының дауысын бар қаттысына бұрап, сол уақыттағы кішірек ұялы телефонға жазып алады.

Арқаның дәстүрлі ізімен жазылған ән әуені әдемі ырғаққа түсіп, тыңдаушысының жан дүниесін сергітіп ерекше сезімге бөлейді.

Әрине өнер адамының жары болу оңай емес.

Жас өнерпаздардың отбасындағы сүйіктілерінің құлағына алтын сырға.

Кешегі бұралаңы көп шырғалаң заманда, ер тұлғалы өнер саласында жүрген аға, әкелерімізге адал жар болып, шашбауын көтеріп, жаманын жасырып, жақсысын асырып, еркегінің еркелігіне төзе білген апа аналарымыз бүгінгі күні өнерде жүрген бауырларымыздың отбасына үлгі болатын жандар.

Айта берсек, кешегі нар тұлға ағаларымыз Н.Тілендиевтің жары Дариға жеңгеміз от мінезді азаматының өмірінің соңына дейін, мінезіне шыдап, отбасында болып жататын түрлі қиындықтарға төзе білген.

Дарико жеңгеміз де Ескендір ағамыздың музыка жазып, ән айтуына қамқор болып, халқының алдында шығармашылық табыстарға жетуіне септігін тигізіп, шаңыраққа береке келтіріп, құрметпен қарағаны бәріңізге аян.

Жүсекең (Жүсіпбек Елебеков) ауырып жарық дүниемен қоштасып жатқанда саусағы қимылдап бір әнді тартқандай болады. Хабиба анамыз саусақ қимылын түсінгені сонша, «Қарқаралы» әнін келтіріп туған жерін қимай жатқанын білген екен.

Композитор, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Еркеғали Рахмадиевтің туғанына биыл 90 жыл. 2019 жылы Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфониялық оркестріне композитордың есімі берілген еді. Қараша айында осы концерттік бірлестік Е.Рахмадиевтің 90 жылдығына орай еске алу музыкалық кешін өткізуге дайындалуда.

Мұндай кештер қазақ музыкасындағы ұрпақ сабақтастығын дәріптеп, тұлғатану саласына зор үлес қосатыны анық.

Мейірман ЕЛУБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button