Жаңалықтар

Күн төбеге көтерілгенде

Қасиетті Қарқаралы жері тарихында 1851 жылы салынып, рухани ордаға айналған Құнанбай қажы мешіті, сол уақыттағы ең ірі сауда орны Қоянды жәрмеңкесі, өшпес із қалдырған Қаздауысты Қазыбек бидей ақылгөй данасы, халық композиторлары Мәди Бапиұлы мен Тәттімбет, дауылпаз ақын Қасым сынды ұрпақтары, Тоқтар мен Нүркендей аңызға айналған батырлардың есімі халыққа жақсы таныс.

Бүгінде осы Қарқаралының қасиетті топырағында өмірге келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қарағанды облысының және Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, мәдениет майталманы Рымбала Омарбекова ақпан айында 80 жасқа толды.

Белгілі театртанушы, марқұм профессор Әшірбек Сығай ағамыз: «Рымбала Кенжебалақызы Қарағанды мәдениетінің дамуына үлкен еңбек сіңірген көш бастаушысы» деп, бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген еді.

Өткен ғасырдың 70-жылдары құрылған «Салтанат» ән-би ансамблінен бастау алып, симфониялық оркестр, Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрі, джаз оркестрі, «Аққу» фольклорлық би ансамблі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамбльдерінің құрылып, ұйымдастырылуына Рымбала Кенжебалақызы ерен еңбек сіңірді.

Рымбала Омарбекованың барлық іс-қимылынан кешегі Т.Жүргенов, І.Омаров, М.Рымжанов ағаларымыз сияқты білікті тұлғалардың өлшеусіз еңбектерін қайталап, олардың бірқатарымен бірге қызмет етіп, тәжірибесін ұштастырғанын ұққандай боламыз. Әрине, бұл жерде апамыздың қазақтың көптеген танымал тұлғалары жазушы, ақындарымен, Е.Серкебаев, Р.Бағланова, Е.Рахмадиев, Н.Тілендиев, Б.Төлегенова, Ш.Қажығалиев сияқты әнші, композиторлармен сыйласып, сол кісілерге құрмет көрсетіп, көбімен етене араласқанын айта кетуіміз керек. Халық мұрасының қайнар көзі атанған мәдениет саласында еңбек сіңіріп жүрген өнер адамдарына қол ұшын беріп, жастардың кәсіби өнерін жетілдіруге көңіл бөліп, үлкен сахнаға жол ашты. Рымбала апамызды Арқа өңірі мәдениетінің анасы деп бүгінгі жұрт атап та жүр, атайды да.

Мәдениет саласының түйткілді мәселелері 1990 жылдары тұйыққа тіреліп, ауыл мәдениет ошақтары кітапхана, клуб жылусыз, қаражатсыз тұралап қалған кездерде, жоғарыдағы облыс басшыларымен кеңесе отырып, оларды сақтап қалуға сіңірген еңбегі бүгінгі күні нәтижесін беруде. Халық композиторы Мәди Бапиұлы, халық әртісі Жүсіпбек Елебеков, халық композиторы, шертпе күйдің атасы Тәттімбет атындағы республикалық байқаулардың өтуіне мұрындық болып, министрліктен Қарағандыда өтуін талап етіп, осы байқауды жыл сайын өтетін дәрежеге жеткізген Рымбала апамыздың қайраткерлігі еді. Осы байқаудың басында апамызға М.Адамбеков, Ж.Кемалов сынды әнші бауырлары қолдау көрсетіп, атқарылған істер өз нәтижесін берді. Жүсіпбек Елебеков атындағы бірінші байқаудың бас жүлдесін С.Мұсайын, келесі айналымдағы байқаудың бас жүлдесін Д.Әркенов алған болатын.

Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығы Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауылында дүркіреп өткеннен кейін, Түркістан, Сарыағаш қалаларында бабамызға ескерткіштің тұғырына қонғанша жасаған еңбектері де ұшан-теңіз болатын. Әр іске тиянақты қарайтын Рымбала апамыз жауапты іспен айналысатын азаматтарға қолдау көрсетіп, жұмыстың түйткіл жерлерінде сабырлылық танытып, жұмыстың әрі қарай дамуына жүйелі бағыт-бағдар беріп отырады. Рымбала Омарбековадан тәжірибе алып, атқарған жұмыстары оң нәтиже беріп жүрген азаматтар да баршылық. Музыкалық комедия театрының басшысы А.Ибраев, Станиславский атындағы орыс драма театрының басшысы Д.Еспаев, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестікті басқарып отырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ­Т.Ыдырысов, бірлестік басшысының орынбасарлары Ғ.Ажбагамбетов, Б.Ахметжанова, С.Сейфуллин театрының басшысы Қ.Қалымов Рымбала апамыздың тәрбиесін алып, бүгінде өнер және мәдениет саласында елеулі еңбек етіп жүр. Тіршілікте ұйымдастыру қабілеті мол адамдардан үлгі алған, асыл қасиеттері, ақыл-кеңестері, адами қарым-қатынастары есіңде қалып өзіңді де шыңдайды, тәрбие де береді. Біздің жазып отырғанымыз Рымбала Омарбекованың еңбектерін көзімізбен көріп, көңілімізге түйіп қалған кездердің бірер үзігі деп біліңіздер.

Мейірман ЖАШКЕЕВ,

облыстық «Қазыбек би» қорының төрағасы.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button