Руханият

«Күміс домбыра» күмбірі

Арқаға шырайлы Шымкент шаһарынан ақжолтай хабар жетті. Еліміздегі жас ақындар арасында бесінші мәр­те ұйымдастырылған «Кү­міс домбыра» айтысында қа­рағандылық жас ақын Нұр­мұхаммед Байсүгіров Бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар, алғаш рет өткізіліп отырған «Күміс көмей» республикалық байқауында жерлесіміз Қуандық Төкенов ІІ орын иеленді. Наурыз мейрамы қарсаңында облыс қоржынына жүлде салған жерлестерді Қарағанды жұрты Кеншілер мәдениет үйінде салтанатты түрде қарсы алды.

Айтыс түркітанушы ғалым Бейсенбай Кенжебайұлының 120 жылдығына арналған. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырыпты. Оған республикадан 16 ақын қатысып, өзара мықтыны анықтаған. Ақындардың қарсыластары әр кезеңде жеребе арқылы анықталған. Осы байқауда жерлесіміз Нұрмұхаммед Байсүгіров оза шауып, күміспен қапталған домбыра мен 1 млн теңгенің сертификатына ие болды. Айта кетейік, айтыскер ақын былтыр да осы байқауға қатысып, ақтық кезеңге дейін жеткен еді.

– Мақсат Аханов ағамыз Арқаға «Алтын домбыраны» алып келіп, ел мерейін асырған еді. Сол кезде менің де дәл сондай үлкен арманым пайда болды. Ол кезде «Алтын домбыраға» қатысу – арман еді. Былтыр «Күміс домбыра» ақындар айтысының бәсекесіне қатысып, жеңіске жарты қадам қалғанда қайтып едім. Сол кезде өзіме осы жүлдені алуға серт бердім. Бұл жолы уәдемде тұрдым. Енді «Алтын домбыра» аламан бәйгесіне қатысу мүмкіндігіне ие болдым, – деді Нұрмұхаммед Байсүгіров.

«Күміс көмей» республикалық ән байқауы Қазақстанның халық әртістері Үрия Тұрдықұлова мен Жамал Омарованы еске алуға арналған. Оған әр өңірден 16 өнерпаз қатысыпты. Қазылар алқасында қазақ ән өнерінің алыбы, Жәнібек Кәрменовтің шәкірті Кенжебай Шал, дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бейбіт Мұсаев және басқа да кәсіби мамандар қазылық еткен. Нәтижесінде, жерлесіміз Қуандық Төкенов ІІ орын иеленген.

– Бұл байқауда Ақселеу Сейдімбек атамыздың «Дәурен-ай», халық әні «Жиырма бес» және Иса Байзақовтың «Желдірме» әнін орындадым. Нәтижесінде жүлделі орын иегерлерінің қатарынан көріндім. Бұл – мен үшін үлкен жеңіс. Бірақ, әлі алда байқаулар бар. Соған дайындықты бастаймын, – деді Қуандық Төкенов.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button