Руханият

Күміс бұйым – көненің көзі

Кез келген тарихи-өлкетану музейінде халықтың ежелгі мәдениетінен сыр шертетін бұйымдар мен тұрмыстық құралдар болады. Нұра ауданының тарихи-өлкетану музейіндегі көне де құнды жәдігердің бірі – күміс тіс тазалағыш.

Тіс тазалағыш – бір немесе екі ұшы да үшкірленген (ағаш, пластмасса, бамбук, металл, т.б.) таяқша. Ол – ауыз қуысының гигиеналық тазалығын сақтауға арналған құрал.

Бұл құралдың тарихына бойлайтын болсақ, адамның алғашқы қауымдық құрылысына дейін тереңдейміз. Археолог ғалымдар алғашқы тіс тазалағышты осыдан 1,2 миллион жыл бұрын өмір сүрген адамдар қолданған деген деректі алдыға тартады. Ет тағамдарын көп пайдаланатын қазақтар тіс тазалайтын құралдарын бұрын жеке бас гигиенасына сай өздерімен бірге алып жүрген. Оны әдетте қызыл иекке залалы тимейтін арша, тобылғы сияқты бұталардың жаңқасынан, сүйектен, мүмкіндігі бар адамдар күмістен жасаған. Тіпті, тіс тазалағыштың ерлер мен әйелдерге арналған түрлері болған екен. Асыл тастармен безендірілген тіс тазалағыштар қыз-келіншектердің сәндік бұйымдары қатарына қосылыпты. Оны камзолдың немесе бешпенттің өңіріне іліп жүрген.

Алтыннан да гөрі күмісті көбірек қадірлеген қазақтар осы металдан соғылған білезік, сақина таққан қолдың иесі тіл-көзден тыс, ұстаған ыдыс-аяғы адал болады деп сенген. Қолы жеткен үйлердің бәйбішелері қымызды күміс ожаумен сапырып, күміс тос­тағандарға құйған.

– Бұл көне жәдігерді музейге осы мекеменің алғашқы басшысы Әдиша Есмағанбетова тапсырған екен. Әдиша Көнекбайқызының айтуы бойынша, ол арғы аталарынан қалған ескерткіш мұра көрінеді. Тіс тазалағыштың ұзындығы – 8 сантиметр. Қалтаға, кісеге салып алып жүру үшін әрбір бөлшегі шығыршықтармен байланған, – дейді Нұра аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Анаргүл Нақыпова.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

СУРЕТТЕ: Нұра аудандық тари­хи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр­ған тіс тазалағыш

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button