Көмір өндірудегі жаңа технология
Qarmet Қарағанды көмір бассейнінде алғаш рет көмірді құрғақ байыту технологиясын енгізіп жатыр.

Qarmet-тің «Шахтинск» шахтасында Қарағанды көмір бассейні тарихындағы алғашқы көмірді құрғақ байыту кешенінің құрылысы жалғасып үстінде. Жоба компанияның көмір өндірісін жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламасындағы жаңа технологиялық шешімдердің бірі болмақ. Кешеннің негізгі міндеті – көмірді «Восточная» орталық байыту фабрикасына жөнелткенге дейін, яғни өндіру орнында оның сапасын арттыру.
Жаңа технология артық жыныстың бір бөлігін тікелей шахтаның өзінде бөліп алуға септеседі. Нәтижесінде өндірістік тізбектің келесі кезеңіне сапасы жоғары көмір түседі. Кешеннің негізінде заманауи құрғақ ауалық сепарация технологиясы жатыр. Көмір мен тау жынысы су мен химиялық реагенттерді қолданбай, ауа ағынының көмегімен бөлінеді. Жаңа кешеннің өнімділігі сағатына шамамен 300 тонна көмірді құрайды.
Технологиялық үдеріс те қарапайым. Өндірілген көмір қабылдау шұңқырына түсіп, кейін ұсақтау кезеңінен өтеді де, құрғақ байытуға жіберіледі. Сепарациядан кейін тау жынысының бір бөлігі бөлінген көмір әрі қарай өңдеуге жөнелтіледі, ал бөлінген жыныс үйіндіге шығарылады.
Алаңда ұсату қондырғысы мен құрғақ байыту ғимаратының қаңқалары орнатылды, бес технологиялық галерея құрастырылды, конвейерлік жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ұсатқыш пен сепаратор, кешенді басқарудың бірыңғай пунктіне айналатын диспетчерлік орталық, сондай-ақ, электрмен жабдықтауға арналған трансформатор орнатылды.
-Біз Қарағанды көмір бассейні үшін жаңа технологияны енгізіп, іс жүзінде байытудың алғашқы кезеңін тікелей өндіру орнына жақындатып жатырмыз. Біздің міндетіміз – көмірді артық жыныстан мүмкіндігінше ертерек бөліп, әрі қарай сапасы жоғары шикізатпен жұмыс істеу. Бұл – шахталарымызды технологиялық жаңғыртудың маңызды бөлігі», – деді «Шахтинск» шахтасының күрделі құрылыс жөніндегі бас инженерінің орынбасары Василий Барабанов.
Қазір нысанның құрылыс жұмыстарына шамамен 90 адам жұмылдырылған. Тағы 15-ке жуық маман технологиялық жабдықтарды монтаждаумен айналысады. Алда құбырлар мен инженерлік жүйелерді монтаждау, сыртқы желілерді тарту, шатыр жұмыстарын аяқтау және ғимараттарды қаптау жұмыстары тұр.
Qarmet құрғақ байыту кешендерін бірден төрт шахтада — «Шахтинск», «Қазақстан», «Абай» және Т. Күзембаев атындағы шахталарда енгізіп жатыр. Жоба компанияның көмір бағытын дамытудағы жалпы тәсілін көрсетеді. Құрғақ байыту – заманауи технологиялардың Қарағанды көмір бассейнінің шахталарына тікелей еніп, қалыптасқан өндірістік үдерістерді өзгертіп, көмір өндірудің тиімділігін жаңа деңгейге көтеріп жатқанының тағы бір жарқын мысалы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”



