Бас тақырып

Көмір бағасын қалта көтере ме?

Күн суытып, қыс ызғары сезіле бастағалы ауыл халқы әбігерге түсті. Қыстың қамы ғой, баяғы. Тамызықты тоғайдағы қураған ағаштан теріп, қойдың қиын алты ай жазда кептіріп алуға болады. Басты уайым – көмір. Делдалдар аспандағы бағаны сұрайды. Ал, ауылда қырып ақша табатын жұмыс жоқ. Зейнетақы мен ұстаздардың айлығына, қорадағы төрт түліктің бетіне қарап, “шықпа жаным, шықпамен” отырған елге бұл айтарлықтай салмақ салуда. Толығырақ тарқатсақ…

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ

Жеріміз кең, қазба байлықтарымыз көп. Дәл осылай мақтанып, көкірек кереміз. Ал, одан пайда бар ма? Егістіктен мол өнім алсақ та, нанның бағасы қымбат. Шахтаның үстінде отырмыз, бірақ, көмірдің құны шарықтап тұр. Парадокс. Делдалдар ойына келген бағаны қойып, қара халықтың қалтасын қағуда. Жұрт көнеді. Басқа амалы да жоқ. Көптің көкейінде жүрген мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Үкімет пен жергілікті әкімдерге нан мен көмір бағасын тұрақтандыруды тапсырды.

«Әлеуметтік» нан бағасының өсуіне байланысты Үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралар қабылдап, субсидиялауды қарастыру тапсырылды. Көмір бойынша да осындай тапсырма берілді. Көмір компанияларымен келісіп, бағаны қолдан өсіріп отырған делдалдарға жол берілмеуі тиіс. Бақылауымда болады», – деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында.

Нан мен көмір бағасының биік мінберде көтерілуі, қарапайым халық көңіліне үміт сәулесін жаққандай болды. Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүрген жұрттың пікірін тыңдаған соң осындай ойға келдік. Ендігі жұмыс Үкімет пен жергілікті әкімдердің құзіретінде. Әрине, бағаны қолдан өсіріп, пайдаға кенелуге дәнігіп қалған делдалдарды жеңу оңай болмас. Бірақ, сең қозғалды. Тыңғылықты шаралар қабылданып, жүйелі жұмыс жүргізілсе, күрмеуі қиын мәселенің түйіні тарқары анық.

АУЫЛ ҚЫСҚА ДАЙЫН БА?

Арқаның арқыраған аязына төтеп беру үшін көмірдің сапасы жоғары болуы тиіс. Басқа отынмен жан сақтау қиын. Оның бағасы ауылдардың алысжақын болуына қарай құбылып отырады екен. Облыстағы 9 аудандағы ахуалды бір мақаланың аясында саралап шығу мүмкін емес. Сондықтан, облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандардың жай-күйін баяндасақ.

Қарқаралы ауданындағы Талды теміржол тұйығында қара алтынның тоннасы – 13 мың теңгеден, ал Қарағайлы теміржол тұйығында – 12 мың теңгеден сатылуда. Жергілікті кәсіпкерлер көмірді осы жерден алып, әрі қарай ауылдарға сатады. Бағаның өсетіні де осы тұс. Аудан орталығынан 136 шақырым қашықтықтағы Томар ауылында көмірдің тоннасы 18 – 23 мың теңгеден саудалануда.

– Биыл 6 тонна көмір түсірдім. Биылғы қысқа жетіп қалуы керек. Сырттан келетін алыпсатарлар тоннасына 20-25 мың теңге сұрайды. Біз көрші Татан ауылында тұратын Жанболат деген жігіттен 18 мыңға алдық. Трактордың бір тіркемесіне тиелген қойдың қиы 15 мың теңге тұрады. Биыл баға бір мың теңгеге ғана қымбаттады. Былтыр осы уақытта көмірдің тоннасын 17 мыңға алғанбыз, – дейді Гүлім есімді Томар ауылының тұрғыны.

Сөз орайы келген соң Татан ауылында тұратын кәсіпкерге телефон шалдық. Оның айтуынша, көмір тасымалдап жүрген жүк көлігі өзінің жекеменшігі емес. Яғни, шығыны көп. Сондықтан да, әр тоннаға 5 мың теңгеден қосып сатып отыр екен.

– Томар мен Татан – өз ауылым. Ағайын адамдар тұрады. Аспандағы бағаны айтудың өзі ұят. Арзанға тағы бере алмаймыз. Көліктің жанар-жағармайы бар, сайманы бар дегендей. Бірақ, шама келгенше жеңілдік жасауға тырысамын. Мұқтаж отбасыларға сәл арзан бағада сатып отырмын. Ауыл халқында қолма-қол ақша бола бермейді. Сондықтан, қарызға түсіріп беремін немесе малға келісеміз, – дейді кәсіпкер.

Ұлытау ауданының кәсіпкерлері көмірді «Шұбаркөл» және «Қияқты» кен орындарынан тасымалдайды екен. Көмірдің орташа бағасы – 16 мың теңге. Кәсіпкер Ерлан Жарасбаевтың айтуынша, кен орындары жақын болғанымен тасымалдаудың қияметі көп екен.

– Көмірді ұлым Ералы «Шұбаркөл» кен орнынан тасиды. Мен қолғабыс жасап, тапсырыс берген үйлерге түсіріп беремін. Баға көмірдің көлеміне қарай белгіленеді. Күн суытқалы тапсырыс берушілер де көбейді. Үлгеру қиын. Негізі «Шұбаркөлге» бір күнде барып-келуге болады. Бірақ, ол жақта кезек көп. Жан-жақтан келеді ғой адамдар. Кейде екі-үш күнге дейін сол жерде бөгеліп қаламыз. Қонатын жер жоқ, көлікте түнейміз. Осындай бейнеттен соң көмірдің бағасы да қымбат болады. Бірақ, шама-шарқымызға қарай халыққа жеңілдік жасауға тырысып отырмыз. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға және зейнеткерлерге арзан бағада ұсынамыз, – дейді Ерлан Жарасбаев.

Қарағанды қаласында көмірдің бағасы – 11-12 мың теңгеден саудалануда. Әрине, баға көмірдің сапасы мен тапсырыс көлеміне қарай құбылады. Мәселен, «Кузнецкий» көмірін 8 мың теңгеден табуға болады. Үйіңізге дейін жеткізіп берсін десеңіз, қосымша 5 мың теңге төлейсіз. Халық арасында сұранысқа ие «Шұбаркөл» көмірін алыпсатарлардан емес, кен орнының өзінен алсаңыз тоннасы 8 мыңға дейін төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл көмірді компанияның ресми сайты арқылы тапсырыспен алуыңызға болады. Бағасы 10 мың теңгеден басталады. Жеткізу шығындарына байланысты қымбаттауы мүмкін.

ХАЛЫҚҚА ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІК БАР?

Ауыл халқына бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, Талды теміржол тұйығында кәсіпкерлер 3 отбасыға тегін 3 тонна көмір түсіріп берген. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты жандарға «Шұбаркөл» көмірін нарықтағы бағадан арзан сомада ұсынуда. Ұлытау ауданында да дәл осындай көрініс.

– Әлеуметтік көмір қарастырылған. Қазіргі таңда «Қияқты» кен орнынан әлеуметтік көмір тасымалдануда. Тоннасы – 9000 теңгеден. Ол аудандағы барлық ауылдарға тасымалдануда. Сонымен қатар, «Шұбаркөл» жыл сайын аз қамтылған отбасыларға 500 тонна көлемінде әлеуметтік көмір ұсынып келді. Биыл қанша бөлінгені әзірге белгісіз. Жергілікті кәсіпкерлер де шамасына қарай жеңілдік жасауда. Мәселен, Ерлан Жарасбаев есімді азамат мұқтаж отбасыларға 12 мыңнан сатып жатыр, – дейді Ұлытау ауданының ауылшаруашығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Гүлнар Мәдениетқызы.

Ақтоғай аудандық тұрғын үй-комуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ардагер Қапашовтың айтуынша, көмір бағасының қымбат болуына жердің шалғайлығы кері ықпал етеді. Яғни, ауданға қара алтынды жеткізу үшін 400 шақырымға дейін жол жүріп өту керек. Десек те, баға өзге аудандармен салыстырғанда айтарлықтай қымбат емес екен. Көмірдің бағасы 11-17 мың теңге аралығында. Сортына, сапасына қарай құбылып тұрады. Қазіргі таңда Ерлан Нұртазин есімді жеке кәсіпкер зейнеткерлерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жеңілдік жасауда. Одан басқа да кәсіпкерлер мүмкіндігінше жеңілдік жасап отыр екен.

ТҮЙІН

 Ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен тілдескенде бір байқағанымыз, көмір бағасына жердің шалғайлығы мен жанар-жағар май құны әсер етеді екен. Президент бағаны реттеуге қатысты кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Алыпсатарларды қанша айыптасақ та, дәл қазіргі сәтте шалғай ауылдарды көмірмен қамтамасыз етіп отырған солар. Бәлкім, жергілікті әкімдік көмір тасымалдаушылар үшін жанаржағармай бағасын арзандату шараларын қабылдау керек шығар. Тасымалдау шығыны азайса баға да арзандар еді…

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

 

Басқа материалдар

Back to top button