Бас тақырыпМәселе

Көлік апаты: жылдамдық пен жауапсыздық

Көлік апаты статистикасы үстіңізге суық су құйып жібергендей. Айналдырған алты айдағы көрсеткіш жол үстінде жан тапсырғандардың көптігін көрсетті. Мәселен, жол-көлік оқиғасынан облыста опат болғандардың саны – 47. Жарты жылда жан күйзелткен 131 апаттан 152 адам түрлі жарақат алыпты. Жергілікті полиция қыз­меті басқармасының мәлімдеуінше, апат саны былтырдың осы кезеңімен бірдей. Десе де, көз жұмғандар аздау. Бірақ бұл көңілге медет емес. Өйткені жарақат алғандардың үлесі былтырғымен салыстырғанда 10 пайызға артық. Полиция қызметкерлері көлік апатының көпшілігі елді мекендер маңайында болатынын айтады. Алайда бұған қарап, республикалық және облыстық маңыздағы жолда жағдай тәуір деуге келмейді. Оларда да ахуал оңып тұрған жоқ. Тарқатсақ…

Көлік апаты

Мәселен, былтыр осы уақытта көлік қақтығысынан 138 адам жарақаттаныпты. Биыл 152 екен. Жалпы жол-көлік оқиғасының жартысынан астамы, яғни, 56,4 пайызы – 74 оқиға елді мекендер маңында болған. Онда 13 адам көз жұмыпты. 87 жолаушы жарақаттаныпты. Полиция республикалық жолдағы апаттың да аз еместігін жасырмайды.

– Республикалық жолдардағы жағ­дай да күрделі. Ондағы 46 жол апатында 27 адам қаза тауып, 54-і жарақат алды. Облыстық маңызы бар жолдарда тіркелген 11 оқиғада 7 адам қайтып, 11 адам жарақаттанған, – дейді ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Оспанов.

Көлік апатының басым бөлігіндегі негізгі себеп – жылдамдық. Яғни, көлік жүргізушінің тиісті бекітілген жылдамдық шегінен асып кетуі. Дәл осындай 62 факті тіркелген. Ол – көлік оқиғасының 47,3 пайызы. Бұдан соң екінші себеп – жаяу жүргіншілер өткелінде жол жүру ережелерін бұзу. Мұндай 37 дерек бар көрінеді. Жолдың қарсы бетіне шығып кеткен көлік оқиғасының саны 8 екен.

Алдын алу – ең тиімді шара екені мәлім. Айталық, алдын алу кезінде 90 мыңнан астам жол қозғалыс ережесін бұзу анықталған. Оның ішінде өрескелі де жетерлік. Қарсы жолға шығып кеткен 564 жүргізуші тоқтатылған. Жаяу жүргіншілер ережесін бұзуда 1 571 дерек тіркелген. Мас күйінде көлік айдаған 707 жүргізуші ұсталыпты. Ереже бұзған 12679 жаяу жүргіншіге айыппұл салынған.

Әйтсе де, көлік оқиғасын жым-жылас тыю мүмкін болмай келеді. Полиция тарапынан құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыруға қарекеттер жасалып-ақ жүр. Ішкі істер органдарының ұдайы өткізілетін акция, айлықтары әр санаға сәуле жіберуге тырысқан әрекет. Мәселен, тап қазір аймақта «Автомобиль» алдын алу, «Рульде ұйықтама» акциясы өтіп жатыр.

Бұдан бөлек, апат болған жерлерде облыстық және республикалық жолдардың бойында ескерту баннерлері де орнатылды. Патрульдік көліктің 5 муляжы, апаттың ақыры қайда апаратынынан ақпар берер тас-талқаны шыққан көліктің 6 қаңқасы тұр. Рес­публикалық жолдың апаттық-қауіпті учаскелерінде 32 стробоскоп шам бар. Республикалық «Алматы-Екатеринбург», «Қызылорда-Павлодар» жолдарында жануарлардың 5 макеті қойылғанын айтады полиция.

Алты айда жол қозғалысын қамтамасыз ету үшін әкімшілік полиция қызметкерлері тарапынан 1161 көлік жолы, қала мен аудан орталықтарындағы көше-көлік желілері тексерілген. Оның нәтижесінде көлік-коммуналдық ұйымның 1 107 басшысына кем-кетікті жою туралы нұсқаулықтар табысталыпты. Көлік жолын ұстаудың тәртібін бұзғаны үшін 278 өкілетті тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button