Жаңалықтар

«Көкжиек күн сәулесін таратқанда»

Алғыс айту мерекесі – адамдардың бір-біріне алғыс айтатын күні. Кейде, жақын адамдарға алғыс айту былай тұрсын, хабарласып, жағдайын сұрауға да жарамаймыз. Халқымыз алғыс алудың рухани қажеттілігіне бей-жай қарамаған. Тіпті, бұл тақырыпта елге кең тараған өлеңдер мен әндер де бар. Атап айтсақ, қазақтың аяулы әнші қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина орындайтын «Алғыс» әні мен қызылордалық жас әнші, сазгер Нұржан Шөмекейдің «Әкеге алғыс» туындысын ел сүйіп тыңдайды.

Қарақат Әбілдина

Қарақат Әбілдинаны қазақ дәстүрлі әнінің насихаттаушысы, халық әндері мен эстрада әндерін шебер орындаушы ретінде жақсы көреді. Еліміздің түпкір-түпкірінде жұмыс істеп тұрған «Қарақат» өнер мектебі қазақ әндерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің өнегелі жолын жалғап келеді. «Жақсы адамдарым» бағдарламасының да көрермені мол. Әсіресе, оның «Алғыс» әні Алғыс айту күнінде де жер-жерде, телеарналарда үнемі беріледі. Әнін Жарасхан Төлебай, сөзін Елжас Әбділда жазып, әншіге ұсынған. Әншінің айтуынша, осы үштік бір емес, бірнеше әнді өмірге әкеліп, орындап жүр. Шығармашылық байланыста жемісті жұмыс істеп келеді екен.

Елжас Әбділда

– Әнді тыңдап, бірден ұнаттым. Тақырыбы да, сөзі де баурады. Жалпы, өзім әннің сөзіне қатты мән беремін. Қаламақысын төледім де, репертуарыма қосып, елге ұсындым. Сәтті шықты, тыңдарман жылы қабылдады. Бұл әнді алғанда Алғыс айту күні туралы мүлде білмегенмін. Қашан тойланатынан да хабарым жоқ еді. Қазір Алғыс айту күні осы әнсіз өтпейді. Телеарналарға да шақырып жатыр, жан-жақтан. «Таң-Шолпан» бағдарламасы мерекені осы әнмен бастау үшін 1 наурыз күні таңертеңгі бағдарламаға аттай қалап шақырып отыр. Тұрсынбек Қабатов: «Алғыс айту» күні екі жылдан бері «Қарақат күні» болып қалыптасып келеді» деп әзілдейді. 8 наурызда «Ару-ғұмыр» әні сұраныста болса, 1 наурызда «Алғыс» әнін көп іздейді жұрт. Осылай, іздеп жатқандарыңызға қуанып отырмын. Ескергендеріңізге қарағанда есті әндердің қатарына жатқызуға болатын шығар, – дейді Қарақат Әбілдина.

Жарасхан Төлебай

Өкінішке қарай, ел сүйіп тыңдайтын әнді өмірге әкелген «Алғыс» әнінің авторы Жарасхан Төлебаймен, тілдесудің сәті түспеді. Көп мазалауды құп көрмедік. Мүмкін, тағы бір шаһқар дүниені жазу үстінде болар…

Ал, Нұржан Шөмекейдің «Әкеге алғыс» әнін де соңғы кезде ел сүйіп тыңдайды. Әкелердің мерейтойы онсыз өтпейді. Мұны тойжиынға жиі баратын тыңдарман қауым растайды.

Нұржан Шөмекей

– Бұл әннің тууы өте сәтті болды. Кейде шығармашылық адамы рухани тоқырауға ұшырайды. Өнер адамдарының өмірден түңіліп кетуі осындай сәттер болар, сірә. Жан-жақты ізденіп, жаңа ән жазуға ынталанып жүрген едім. Жан досымның әкесінің мерейтойы болды. Досым маған «Қолыңнан келеді ғой. Неге жаңа ән жазбасқа. Мүмкін кең тарап кетер. Әкеміз риза болсын» деді. Досымның әкесі – менің де әкем. Өзімді қамшылап жібергенде осы ән туды. Әуенін де, сөзін де өзім жаздым. Егер, ән мәтінінде әкемізді батырдың ұрпағы, бәйгеден үнемі бірінші келетін деп жатсақ, ол досымның әкесінің өмірінен алынды. Өйткені, арғы аталары батыр, би болған. Ат баптап, бәйгеге қосады. Абыройлы арда азамат. Осылай ән туды, тойда тұсауын кестік. Қазір бүкіл қазақ даласын шарлап кетті. Өте қуаныштымын. Азғантай еңбегімізді бағалап жатқандарыңызға көп рахмет, – дейді Нұржан Шөмекей.

Кейінгі уақытта мейірімге толы елдің жүрегіне жақын осындай әндер жиі жазылуда. Халықтың да талғамы артып келеді. Жүректі елжіретінін қазақы нақыштағы әндерден қазақтың жанын, кең жүрегін, мейірімін көреміз. Осындай әндердің көп болғанын қалаймыз. Өйткені, осындай нарық заманында мейірімге, кеңдікке зәруміз…

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button