Көкжөтел балаға қауіпті
Соңғы деректер аймақта 66 адамның көкжөтелмен ауырғанын көрсетеді. Науқастар Қарағанды, Саран, Теміртау қалаларында, Бұқар жырау, Шет, Абай, Қарқаралы аудандарында тіркелген. Мамандардың айтуынша, ауырғандардың 98,3%-ы, яғни, 59-ы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Көкжөтел қоздырғышы жөтел және түшкіру арқылы таралады. Онымен кез келген жастағы адамдар ауыруы мүмкін. Десе де, ол жас балаларға қауіпті. Көкжөтел инфекциясына туа біткен иммунитет болмайды, сондықтан, науқаспен байланыста болған баланың инфекцияны жұқтыру ықтималдығы жоғары.
– Алдымен балада жалпы суықтың белгілері пайда болады, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгин. – Мұрыннан су ағу, температураның көтерілуі, жөтел – алғашқы белгілер. Бірте-бірте жөтел күшейіп, приступ тәріздес жөтелге айналады. Қатты жөтел кезінде мидағы қан айналымының бұзылуы, оттегінің жетіспеуі пайда болады. Нәтижесі психиканың бұзылуына және әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігіне алып келуі мүмкін.
Департамент басшысының айтуынша, көкжөтелге қарсы вакцинация елдегі профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесі шеңберінде жүргізіледі.
– Вакцинопрофилактика адамның өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына, балалар өлімінің төмендеуіне ықпал етеді. Вакцинация жасына қарамастан адамдардың барлығына қажет. Екпені уақытылы алған адамдардың есебінен қоғамда ұжымдық иммунитет құрылады. Бұл – инфекцияның таралуына және эпидемияның пайда болуына тосқауыл. Екпе алмаған балалар, статистикаға сәйкес, екпе алған балаларға қарағанда әлдеқайда жиі және қатты ауырады, – деді Юрий Залыгин.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz