«Көктемнің бір күні – жылға азық»
Бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша Ұлттық жобада көрсетілген межелерді іске асыру мақсатында облыста көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, бұл салада пысықтайтын мәселелер де жеткілікті. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Тамабек Әбілхайыр Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Нұра ауданы Шахтерское ауылында өткен Агрокеңес жұмысын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жүргізді. Кеңеске салалық ғылыми-зерттеу институттары және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары басқарма басшылары, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен сөз алған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Тамабек Ғалымұлы көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай жүргізу мақсатында барлық қажетті шаралардың қабылданып, атқарылып жатқанына тоқталды.
– Биыл көздеген үдеден шығу үшін 413 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл – қазір де өзекті мәселе. Сондықтан, еңбеккерлерге кедергі болмас үшін жанар-жағармайды ақпан айынан бастап жеткізілуіне қол жеткіздік. Әлі де күнделікті негізде қадағалау үстіндеміз. Республика бойынша егістік құрылымы 23,4 млн. гектар көлемінде қалыптасты. Ендігі мәселе – тұқым шаруашылығы. Астық тұқымынан өзге тұқым бойынша шетелге тәуелділік байқалады. Сол себепті, 20242030 жылдарға арналған тұқым шаруашылығының кешенді жоспары әзірленіп, мемлекеттік органдарға жолданды, – деп мәлімдеді вице-министр.
Тұқым тазалайтын техниканы жаңарту үшін 167 млрд. теңге қарастырылуда. Шаруашылықпен айналысатын шаруалар техникасына 80 пайыз көлемінде инвестициялық субсидия көтерілуде.
Кәсібін жаңа ашқан жандарға жер үлестіру мәселесі бойынша Министрлік тарапынан жерді бөлу бойынша конкурс өткізу ережесі қайта қаралды. Ереже кәсібін енді ашқан шаруаларға бірінші жер бөлу басымдығын ұстанбақ. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформалармен танысам деушілер Ашық нормативтік-құқықтар порталына өтіп, танысуына болады. Сөз соңында, спикер елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған ауыл еңбеккерлеріне ақжарма алғысын жеткізді.
Келесі сөз алған облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров облыс бойынша жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарымен бірге, алынатын өнім көлемі мен сапасы да тұрақты ұлғайып жатқандығын хабарлады. Мәселен, кейінгі үш жыл аралығында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 879,2 мың гектардан 931,4 мың гектарға дейін ұлғайтылған. Ағымдағы жылы дәнді дақылдар алқабын 25,7 мың гектарға ұлғайтып, 957 мың гектар алқапқа себу жоспарлануда.
– Мұнымен бірге, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстағы ауыл шаруашылығына қатысты қажеттілікті толық қамту үшін қосымша 4,3 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім жолданған болатын. Құрметті Тамабек Ғалымұлы, қосымша көрсетілген қаржыны бөлуге ықпал етуіңізді өтінеміз. Бұл қаражат сомасы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындық шеңберіндегі шараларға, қарқынды технологияларды және заманауи жоғары өнімді техниканы пайдалану арқылы бос жатқан егістік жерлерді айналымға тарту, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді сөзін Асқар Даукенұлы.
Жердің өнім бермегі – аспанынан белгілі. Саланың сапалы өнімділігі ауа райына тікелей байланысты. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қарағанды облыстық филиалының директоры Нұрлан Шахарбаев алдын ала болжам бойынша, 2023 жылдың көктемінде топырақтағы ылғал қоры өңірдің басым аумағында қанағаттанарлық деңгейде болатынын баяндады. Бастысы, көктемде топырақтың жұмсаратын қолайлы кезеңі биыл 10-20 күнге қысқару болжанады. Сондықтан, бұл өте маңызды, қолайлы сәтті жіберіп алмаған ләзім. Далалық жұмыстарды, соның ішінде ерте жаздық дақылдарды егуді уақытылы жүргізген маңызды.
– Мамырдың бірінші және екінші онкүндігінде Қарағанды облысында жаздық дәнді дақылдарды егудің оңтайлы мерзімдері. Ылғал қорын анықтай отырып, ауыл шаруашылық алқаптарын көктемгі маршруттық зерттеу сәуірдің үшінші онкүндігінде жоспарланып отыр, – деді Нұрлан Төлеутайұлы.
«Қазгидромет» РМК фермерлерге арналған «AgroData» атты арнайы web-сайтын әзірледі. Барлық агрометеорологиялық ақпарат ресми сайтта қолжетімді. Құрылғы қосымшасы жүктеуді қажет етпейді әрі интернетке шығатын кез келген телефоннан немесе компьютерден қолжетімді. Оны сілтеме арқылы ашуға, іздеу жүйесі арқылы яки ресми сайт арқылы табуға болады.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Ақмола облыстық өкілдігі директорының орынбасары Аблан Есентаев фермерлер қауымдастығын азық-түлік келісімшарт корпорациясы жыл сайын көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдікпен қаржыландыру бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасын іске асыру барысымен таныстырды.
Соңғы үш жылда Корпорация ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бюджет қаражаты есебінен 230 млрд. теңге сомасында қаржыландырды.
– Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу жөнінде республика бойынша 18,7 млрд. теңге сомасына 179 шарт жасалды, оның ішінде 17,3 млрд. теңге сомасына қаржыландырылып үлгерді. Осылайша, ағымдағы жылы қаржыландыру сомасының азаюы қарыз алудың жоғары мөлшерлемелерімен, азық-түлік келісімшарт корпорациясының айтарлықтай қарыз жүктемесімен және астықтың нарықтық бағасының төмендігімен байланысты. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қолдаудың қосымша шарасы ретінде ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның кепілдігімен тауарлық кредит беру механизмін ұсынды, – деп атап өтті Аблан Аманжолұлы.
Сонымен қатар, азық-түлік келісімшарт корпорациясы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, форвардтық сатып алуды қаржыландыруға бюджет қаражатын тарту мәселелерін пысықтауда.
«Сұрақ-жауап» сессиясында аймақ шаруалары логистика мен өткізу нарығына байланысты мәселелерді ортаға салды.
– Өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда, бағалар майлы дақылдарға да, дәнді дақылдарға да тура екі есе түсіп кетті. Не себу керектігін және қандай дақыл үнемді болатынын анықтау қиын. Қазір біз үшін ең басты міндет – барлық шығындарды азайту, – деп атап өтті Осакаров ауданының «Найдоровское» ЖШС директоры Павел Лущак. – Фермерлердің шығындарының едәуір бөлігі – бұл техниканың, жалақының, тыңайтқыштардың және өсімдіктерді қорғаудың қосалқы бөлшектері. Біз көкөніс қоймалары мен картоп қоймаларын құруға бұрынғы субсидиялау нормаларын қайтаруды ұсынамыз. Және логистика мәселесін шешсеңіздер.
Кеңес соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері толғандырған сауалдарына жауап алды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz