Спорт

Көкпар клубы құрылды

Жасыратыны жоқ, Қарағандының ұлттық спорты кенжелеп қалған. Оның ішінде қазақпен біте қайнасқан көкпардың көштен қалғаны қашан? Арқаның жігіттері алдыңғы қатардан көрінбегенінен бұл. Енді ұлттық ойынның тамырына қайта қан жүгірмек. Бұлай айтуымыздың себебі, облыста көкпар клубын жаңғырту жұмыстары қайта қолға алынып жатыр. Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ «Бәйтерек» демалыс базасында Арқаның атқамінер азаматтарымен жүздесті.

Ат үстіндегі жігіттерді көріп, рухтанады екенсің. Ортаға шығып, кезек-кезегімен серкені ілгенде «Бәрекелді!» дестік. Ортадағы жасанды серкені ілудің де түрлі әдістерін көрдік. Одан кейін, жекпе-жекте қос аттың кеуде қағыстырып, қос білектінің серке үшін тайталасын көріп, таңданыс білдірдік. Негізгі мақсат көкпардың көрінісін көрсету болғанымен, әп-сетте шағын аумақ дүбірге бөленіп кетті. Жаңадан құрылып жатқан көкпар клубының жұмысына облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы сәттілік тіледі.

– Сарыарқа төсінде бұған дейін ұлттық спорт мектебі болғанымен, облыстың ортақ көкпар клубы енді құрылып жатыр. Арқа жері аймаңдай ақындар мен баһадүр батырлардың құтты мекені. Бұл ойын біздің қанымызда, дәстүрімізде бар. Енді, жігіттеріміз оң нәтижеге қол жеткізіп, тек биіктен көрінеді деп ойлаймын. Әрқашан жақсы аттың жалында, жақсы істің жанында жүрейік, жігіттер, – деп құттықтауын жеткізді Абзал Нүкенұлы.

Көкпар клубының бас бапкері болып Нұржан Шайхиннің тағайын- далғаны көңіл қуантты. Дәл қазір клуб наурыз айында өтетін ел чемпионатына қызу дайындық үстінде екен.

– Көкпарға қосатын атты қырық күн мінбей, семіртеді. Бидай береді. Ат әбден қоңданып, жілігі майға толғаннан кейін, далаға шығарып аунату керек. Одан соң тәртіп бойынша атты суытып, іш майын қатырған дұрыс. Жылқы семіз болса, әлі де көп болады. Аты мықты болса көкпаршы серкені оңай іле алады. Қазір біз ат баптап жатырмыз. Ал, көкпаршы аттан да мықты болуы керек. Тақымының мықтылығынан бөлек, атты «тыңдата» білуі қажет. Біздің қазіргі құрамадағы азаматтар әр ауданнан жиылған кіл мықтылар. Облыс әкімдігі барынша қолдау білдіріп жатыр. Соның арқасында ортақ клуб құрылып, жұмыс жандануда. Біз алдағы ел чемпионатында биіктен көрінеміз деп ойлаймыз, – дейді Нұржан Шайхин.

Еліміздің басқа аймақтарына қарағанда ат спортының түрлері оңтүстік өңірде жақсы дамыған. Осы саладағы азаматтар жиі жарыс өткізіп, түрлі ас пен тойда көкпар тартуға ықпал жасайды. Сондықтан болар, оңтүстікте атқа отырмайтын бала жоқ. Яғни, ол жақта мықты көкпаршыларды таңдап алуға мүмкіндік мол. Ал, сал-серілердің мекені болған Сарыарқа өңірінде ат жарыстырып, бәйге ұйымдастырғаны болмаса, серке тартып, көкпар ойнау сирек кездеседі.

– Көкпар — мықтылардың ойыны. Дода кезінде аттан құлап немесе атпен бірге жығылатын жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті, жарақат алуың да бек мүмкін. Осының барлығына шыдауың қажет. Сондықтан, кез келген бала көкпаршы болуға құлшына қоймайды. Тек мықты, жүректі балалардан ғана мықты көкпаршы шығады. Өйткені, додаға түсу үшін бірінші жарамды ат, екінші білек күшің болуы керек. Ал, шеберлік бірте-бірте шыңдалады. Сондықтан, балалардың ішінен батыл, қайсар ұлдарды таңдап алуға тырысамыз. Басты мақсатымыз – Арқада үлкен көкпар мектебін қалыптастыру, – дейді команда капитаны Ерқанат Молдабеков.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button