Тұлға

«Көкетаев мектебі» – көптің игілігі»

Бекболат НҮСІПБЕКОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

физика-техникалық факультетінің деканы, профессор:

«Көкетаев мектебі» – көптің игілігі»

Ірі ғалым, «Ғасыр адамы» Темірғали ӘБІЛДАҰЛЫНЫҢ есімі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетімен етене жақын. Өнегелі өмірі осы қарашаңырақпен біте қайнасқан. Осыған орай, ҚарМУ-дың физика-техникалық факультеті деканы, профессор Бекболат НҮСІПБЕКОВПЕН аз-кем сұхбаттасқан едік.

Бекболат Рақышұлы, әңгімені Темірғали ағамен таныстығыңыздан бастасаңыз…

Темірғали Әбілдаұлын танығаныма 40 жылға жуық уақыт болыпты. Ағаның ғибратты ғұмыры – бізге үлкен сабақ.

Жалпы, Темірғали Әбілдаұлының 1972 жылдан кейінгі өмірі біздің елімізде жаңадан ашылған Қарағанды мемлекеттік университетімен тығыз байланыста болды. Университеттің бірінші ректоры, академик Ебіней Бөкетовтің арнайы шақыруымен осы оқу орнының қатты дене физикасы кафедрасының меңгерушісі қызметіне ауысып, жаңадан ашылған физика факультеті мен аталмыш кафедрасының құрылуы, қалыптасуы мен дамуы жолында ерен еңбек етіп, жеке дара үлесін қосты.

Мәселен..?

Ғалым ағамыз үшін 1989 жыл – басқарушылық қызметінің жаңа, әрі маңызды белестерінің бірі. Басшылықтың ұсынысымен университеттің физика факультетінің деканы қызметіне тағайындалды. Факультеттегі ғылыми бағыттарға ғана емес, оқу-тәрбие жұмыстарына жіті мән берді. Өз әріптестерімен біріге отырып, қазақ бөлімдерін ашуға мұрындық болды. Ол уақытта мұндай қадам жасау – басын бәйгіге тігумен пара-пар еді. Ауылдан келген жастар үшін өз тілінде білім алу, өз тілінде ғылымды сөйлету керемет көмек болғаны шындық. Осылайша, Темкең қазақ тілінің мәртебесін еселеп арттыруға зор үлес қосты. Ағамыздың ұлт руханиятының жанашыры ретіндегі еңбектерін ел жақсы білсе керек. Еліне, жеріне, ана тіліне деген сүйіспеншілігінен туған бастамаларды әлі де жиі көтеріп келеді.

Ғалымның ел аузында жүрген мектебі жайлы бірер сөз…

Әрине, халық Темкеңнің тұтас мектеп қалыптастырғанынан да хабардар. 1994-1997 жылдар аралығында ҚарМУ-дың ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры қызметін жемісті атқарған Темірғали Әбілдаұлы кристалдар физикасы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізді. Кейіннен «Көкетаев мектебі» деп аталып кеткен ұжымды қалыптастырып, қатты дене физикасы кафедрасын 2007 жылға дейін үздіксіз басқарды. Ғалымның бұдан кейінгі еңбек жолы да академик Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің физика, кейіннен физика-техникалық факультетімен тығыз байланыста. Бастысы, «Көкетаев мектебі» – көптің игілігіне айналды.

Енді, Темірғали Әбілдаұлының жеке қасиеттері, бәлкім, ел білмейтін қыры жайлы айтсаңыз…

Ерекше қасиеті – адамгершілігі. Негізі, ғалым адам – аңғал, аңқылдақ келеді.

Мұны неге айттыңыз?

Әлі есімде, 2002 жылдың 4 желтоқсаны. Темкең «Ғылым мен техниканың дамуына қосқан аса зор үлесі үшін» Қазақстан Републикасының мемлекеттік стипендиясын алды. Алған сыйақысын – ақшасын тең бөліп, құттықтап барған бізге, дос-жаран, қызметтестеріне таратып берді. «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанғанда да дәл солай істеді. Ол валюталарды ырымдап, күні бүгінге дейін сақтап келемін.

Жарасымды-ақ екен.

Айтпақшы, Темкеңнің мына бір күлдіргені ойыма түсіп отыр. Ертең – Күлкі күні ғой, айтайын.

2011 жылдың сәуір айында Темірғали Әбілдаұлына Жаңаарқа ауданы автокөлік мінгізді.

Өзіміз көрші тұрғандықтан, сыйлас болғандықтан, Темкеңмен жұмыстан бөлек уақытта да жиі кездесеміз. Бірде аулада жүрсем, ғалым ағамыз сол көлігінің арғы жағына бір, бергі жағына бір шығып, айналып жүр. Жолығып, не болғанын сұрадым. Қолындағы көліктің пультын көрсетіп «Мынаны бассам да, есігі ашылмайды. Жолап кетсем, көлік шиқылдап ала жөнеледі. Мұнысы несі екен?» деп аң-таң. Сөйтсек, әлгі пульттың батарейі отырып қалған екен.

Шағын ғана әңгімеміз соңында мерейтой иесіне деген тілегіңіз қандай?

Тағылымды тұлғаға факультет ұжымы мен шәкірттерінің атынан қажырлы қайрат, зор денсаулық тілеймін!

Сұхбаттасқан

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button