Басты тақырып

«Көк Тудың желбірегені…»

   Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің 25 жылдығы – Әлем таныған Қазақстан үшін ең мәртебелі мерекелердің бірі. Жақында «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының ұйымдастыруымен, «Жас Отан» Жастар Қанатының белсенділігімен облыс жастарының патриоттық Форумы өтті. Форум жұмысына партия ардагерлері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, белсенді жастар және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

Азаматтық қоғамның ар-ожданы ретінде көшелі шараларға ұйытқы болып жүрген «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған шараның қай-қайсысы да – мазмұнды. Бұл жолғы форум да мақсатын межелеп, биік деңгей танытқан маңызды шараның бірі болды.

Мақсаты демекші, форумның діттегені – Мемлекеттік Рәміздердің қасиетін қастерлеп, насихат ауқымын кеңейту болатын. Сөз жоқ, біздің мемлекеттік нышандарымыз – дәуір құндылығы. Тәуелсіздіктің тірегі! Идеялық-рухани мәдениетіміздің мәйегі! Аталған форумда Мемлекеттік Рәміздеріміз осы тұрғыдан дәріптелді.

Иә, Қазақстан – Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен асқақ. Біз Тәуелсіздік тәбәрігін де, азаттық рухын да, ел дамуының екпінін де, биік меже, асқақ армандарымыздың өлшемін де осы үш киеміз арқылы танимыз. Танытамыз! Көк Туымыз – рухтың байрағы, Елтаңбамыз – елдіктің нышаны, Әнұранымыз – еркіндіктің асқақ үні!

Жуырда ғана жарық көріп, қоғамда зор серпіліс туындатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер де Мемлекеттік Рәміздерге деген сүйіспеншіліктен бастау алатын рухты жаңғыртуды көздейді. Ол рухты жүрегімізге жөргектеп, көңіл көкжиегіне нұрын төгер күндей етіп жайғастыруымыз керек. Сонда ғана әр азамат Отанының парасатты патриотына айналады. Өйткені, Отанды сүю – Мемлекеттік нышандарға деген құрметтен басталуы шарт.

…Қазақы ұғымдағы қасиетті қара қазанды көтеріп тұратын ошақтың үш бұты болады. Міне, Қазақстан аталатын шаттықты шаңырақтың астында халықтың қазынасы қайнап жатқан қасиетті қара қазанды көтеріп тұрған үш бұты – осы Рәміздер.

Біздер – жаңа ғасырдағы жаңа ұстаным, жаңа көзқарастың иесіміз. Жаңа бастамаларымыз арқылы жаңа белестерді бағындыруға мүдделіміз. Біз – бәсекеге қабілетті жаңашыл буынның өкіліміз. Біз – аға ұрпақ өнегесін құрметтей отырып, Отанды шынайы пейілмен сүйе білетін ұрпақпыз.

Міне, форум барысында биік мінберден сөз алған жігерлі жастардың ой-толғамы осындай өрелі пікірлермен дараланды. Пейілдерінде патриоттық рух бар. Шынайылық басым. Иә, біздің жастар кешегі Компартияның комсомолы емес. Олар – Тәуелсіздіктің төлдері. Сондықтан да, бүгінгі жастар қызыл үкіметтің қып-қызыл комсомолындай қызыл сөзге құрылған ұранға емес, Көк байрағымыздағы қыранға қарап бой түзейді. Аңсары – биіктік, арманы – бейбітшілік.

Партия ардагерлері атынан сөйлеген Қарағанды медициналық колледжінің директоры Аманжол Нұрбеков: «Біздің мақсатымыз – айқын, бағытымыз – белгілі. Ол – әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы мақсатқа жету үшін тек экономиканы дамытып қана қоймай, біздің Мемлекеттік Рәміздер белгілейтін құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл – бейбітшілік, бірлік және ұлттық рух. Осы жолда Сіздерге – ел жастарына жүктелер жауапкершілік – ауқымды» деп, жастарға деген сеніммен ұштасқан жауапкершілік өлшемін емеурін етсе, «Жас Отан» Жастар Қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев Елбасы мақаласынан туындап отырған міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Аймақ жастарының туған ел, туған жерге деген риясыз пейілін жастар жетекшісінің жалынды сөзінен аңғардық.

Қарағанды өңірі өндірісті аймақ болғандықтан, өскелең буын арасында жұмысшы жастардың үлесі – басым. Үлесі ғана емес, «Нұр Отан» партиясының төңірегіне топтасқан жұмысшы жастардың қоғамдық-саяси белсенділігі – берекелі. Жұмысшы жастар атынан форум мінберіне көтерілген Костенко атындағы шахтаның энергетигі Валерий Котвицкий:

Мемлекеттік Рәміздер – кеншілер үшін де қастерлі. Себебі, біздің еліміз осы құндылықтар арқылы Тәуелсіздік жолындағы дағдарыстық құбылыстарды еркін еңсердік. Бүгінгі таңда өнеркәсіп саласындағы дағдарыс салқыны мүлдем сезілмейді. Одан із де қалмаған. Өйткені, Мемлекеттік нышандарды құрметтей білген азамат Отанын да сүйеді. Ал, Отанын сүйгендер қиындық атаулыға төзімді келеді, – деді.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Юрий Михуляның еліміздегі тіл саясатына қатысты оқшау пікірі форумға қатысушыларды елең еткізді. Біріншіден, мемлекеттік тілде мүдірмей көсілген ол үштұғырлы тіл ел жастарының бәсекеге қабілеттілігіне кепіл боларын айтса, екіншіден, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы латын қарпіне көшу идеясын өркениетті шешім деп кесіп айтты.

Спортшы қызымыз Гүлдана Омарова мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының белсендісі Айгерім Батырбекова да өз тұрғыластарын Мемлекеттік Рәміздерді құрметтеуге үндеді. Әсіресе, байрақты бәсекелерде Көк Туымызды биіктен желбіретіп жүрген Гүлдана:

Ақжолтай спортшылар үшін жарыстардағы жеңістері мен жеткен жетістіктері үйреншікті дағды болып кетуі мүмкін. Ал, сол мерейлі сәтте өз жеңісіңмен Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатып тұрғаныңды сезіну – бір бөлек, – деп ағынан жарылды.

Форум мазмұнын Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Мерей» ансамблінің орындауындағы патриоттық әндер байыта түскен. Ән құдіретімен залды кернеген асқақ рухты сезінбеу мүмкін емес. Теңіздей толқыған жастардың бойындағы асау жігер мен аяулы арманды тербеп тұрды сол рух.

Көк Тудың желбірегені… Ол да – рух!

Ерсін МҰСАБЕКОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button