Бас тақырып

Көк куәліктің көмегі қандай?

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ 6 МАМЫРЫНАН БАСТАП ЖАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ/ЖӘРДЕМАҚЫ АЛУШЫНЫҢ КУӘЛІГІН ҚАЙТА БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ. БҰЛ КУӘЛІКТІ 2018 ЖЫЛДЫҢ 1 ҚАҢТАРЫНА ДЕЙІН ТӨРТІНШІ СӘБИІН ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛГЕН АНАЛАР АЛЫП ҮЛГЕРГЕН-ДІ. СОДАН БЕРІ АНАЛАР ТӨРТІНШІ БАЛАСЫ ҮШІН БЕРІЛЕТІН КӨПБАЛАЛЫ АНА МӘРТЕБЕСІНЕН ДЕ, КӨПБАЛАЛЫ АНА РЕТІНДЕ АЛАТЫН 10 504 ТЕҢГЕ АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫСЫСЫНАН ДА ҚАҒЫЛҒАН БОЛАТЫН. БҮГІНДЕ ҚАЙТАДАН БЕРІЛЕ БАСТАҒАН «КӨК КІТАПША» МӘРТЕБЕ МЕН МҮМКІНДІКТІ ҚАЙТАРЫП БЕРЕ АЛА МА?

Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік қолдау шаралары туралы өткізілген баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың өзі жеткізген еді бұл жаңалықты. Үкіметтік жұмыс тобы еліміздің барлық өңірлерін аралап, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселесіне көз жеткізген болар, көпбалалы аналардың мәртебесін қайтару туралы шешім қабылдапты.

Алайда, қайта қайтарылған мәртебе бұрын барлық көпбалалы ана алып келген арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны қайтармайды. Оның орнына былтырдан бері аз қамтылған отбасылар үшін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады. Дегенмен, аталмыш куәлік орта мектептерде көпбалалы отбасылардан шыққан 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасын беруге, түрлі үйірмелерге тегін қатысуға, балабақшаға баратын баласы болса, ақысынан 50 пайыз жеңілдік жасауға, көпбалалы аналарға қоғамдық көліктерде тегін жүруге, сонымен қатар, көпбалалы отбасы ретінде жеңілдетілген пайыздар бойынша мемлекет ұсынып отырған баспанадан алуға әжептәуір сеп.

Бұл көмектерге қол жеткізу үшін әуелі облыс орталығындағы Жамбыл көшесі 2 үй мекен-жайындағы «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментіне барып, аталмыш куәлікті алу керек. Көпбалалы аналар жеке куәліктері мен 3/4 суретін ұсынып, өздеріне тиесілі құжатты ала алады. Айта кетелік, аталмыш департаменттің жұмысы құжат берумен ғана шектеледі. Құрылымның баспасөз қызметі ұсынған мәліметі бойынша қазір 300-ден астам ана өз мәртебелерін растайтын куәліктерге қол жеткізіпті. Алайда, олардың көпшілігі оны қайда, кімге апарып көрсету қажеттігін білмей дал.

– Куәлікті еш қиындықсыз алдым. Бірақ, оның қандай көмек беретінін білмеймін. Халықты жұмыспен қамту орталығынан барып сұрап едім, ол жердегілердің өзі «бұл куәлікті қайдан алдыңыз?» деп өзімнен сұрады. Бұрынғы жәрдемақы алынып тасталды, АӘК іліккен жоқпын. Енді мұның қажеттілігі қанша? – дейді алты баланың анасы Ғалия Бәстенова.

Жоғарыда аталған қосымша көмектер үшін тиісті мекемелерге бару қажет. Мәселен, мектептерде берілетін тегін ыстық тамаққа ілігу үшін қалалық білім бөліміне жүгінесіз. Біздің облыста көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға тегін ыстық тамақ 2011 жылдан бастап берілетіндігін айтады қалалық білім бөлімінің тәрбие және әлеуметтендіру секторының бас маманы Ақыл Есенбекова.

– Қарағанды қаласы бойынша тегін ыстық тамақпен биылғы жылы осы санаттарға жататын 3106 бала қамтылған. Мұндағы мәселенің мәнісі Нұр-Сұлтан қаласында 1-4 сынып оқушыларының барлығына санатына қарамастан тегін ыстық тамақ берілетіндігінде. Осы себептен де түсініспеушіліктер орын алуда. Біз де осы мәселені көтеріп, қалалық мәслихатқа ресми хат жолдадық. Әзірге жауап жоқ, – дейді ол.

Көпбалалы отбасылардың балабақшаға баратын балалары үшін 50 пайыз көлеміндегі жеңілдік туралы шешім сәуірдің соңында қабылданыпты. Оған жауапты – Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (Поспелов көшесі, 16).

– Аталған жеңілдік қалалық білім бөлімі беретін тізім бойынша көпбалалы отбасыларға беріледі. Ол қазір жасалып жатыр, нақты тізім маусым айында әзір болады. Балалары балабақшаға баратын көпбалалы аналар балабақша үшін әдеттегідей төлей береді. Бірақ, маусым айындағы Рәміздер күні қарсаңында 5500 теңгесі қайтарылады. Екінші жарты жылдықта да солай. Жеңілдік Тәуелсіздік күні қарсаңында қайтарылып беріледі. Келесі жылы тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылданса, ай сайын төленетіндей болатын шығар, ол жағы әлі белгісіз, – дейді аталмыш бөлім басшысының орынбасары Бақытнұр Талипова.

Ол сонымен қатар, тегін жол жүру құқығын алу үшін де осы мекемеге келу керектігін айтты. Оған ие болу үшін анасы немесе әкесі жеке куәлігін, көпбалалы ана екендігін растайтын куәлігін (алмаса барлық балаларының туу туралы куәлігін), мекен-жай анықтамасын және «Қазпошта» АҚ берген есеп шотын ұсынуы керек.

– Көпбалалы отбасының балаларында тегін жол жүру құқығы бұрыннан бар. Оны облыс орталығында 5 мыңнан астам бала пайдаланады. Ал, бұл тегін жол жүру анасына немесе әкесіне беріледі. Қазір мұндай мүмкіндікті 176 адам алды, – деп түсіндірді Б.Талипова.

«Көк кітапша» беретін және бір мүмкіндік – көпбалалы отбасы ретінде 2 пайыздық несиемен баспаналы болу. Ол үшін Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөліміне бару керек.

Көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасылар, І, ІІ топ мүгедектері «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы бойынша несие рәсімдей алады. Астана және Алматы қалаларында несиелеуге өтініштер қабылдау басталғанымен, республиканың өзге өңірлерінде әлі жүргізілген жоқ.

– Конкурс уақыты бізде әлі белгісіз. Нақты қандай құжаттар талап етілетіндігі туралы да әзірге айта алмаймыз. Бірақ, бұл бағдарламаға қатысуға үмітті көпбалалы отбасылар міндетті түрде тұрғын үй кезегінде болуы тиіс. 42-29-93, 42-11-55 номерлері арқылы конкурстың басталғанбасталмағанын сұрап отыру қажет, – деді бізге диспетчер Аружан Байғали.

 Жалпы, Қарағанды облысында биылғы жылы жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша 11 көпқабатты үй салынып, екінші нарықтан 204 пәтер сатып алынады деп жоспарланған. Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінген. Бұйыртса, баспаналы болатын 756 отбасының 560-ы көпбалалы отбасылар болмақ.

Тұрғын үй сертификаттары үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп отыр.

Мұның барлығы көпбалалы отбасылар үшін айтарлықтай көмек екені сөзсіз. Алайда, жүргізілуі тиіс жұмыстардың жүйесіздігі кейінгі кездері онсыз да жүйкесі жұқарып жүрген жұртшылықты әбігерге салып қойғанын жасыра алмаспыз. Кемшілік уақыт өте келе жойылып, кілтипандар шешімін табады деп үміттенейік.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button