Жаңалықтар

Көк бөрінің зары

Ақын Серік Ақсұңқарұлы «Алтын қыран» баспасынан жарық көрген «ХХ ғасырдың жиырма сәті» деп аталатын жыр жинағын Танакөз Толқынқызынан беріп жіберіпті. Ондағы кейбір өлеңдердің осыдан отыз жыл бұрын жазылғанын білемін. Алайда, оқырманды елең еткізген сол ғазалдардың көбісінің бірден жолы болмады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ақынның өнердегі қолтаңбасын қапысыз танып, жоғары бағалап, Жазушылар одағын да өткен жыл қорытындысын да шығармашылығына арнайы тоқталып, ол өлеңдердің кітап болып баспадан шығуына ықпал еткен менің әкем еді.

Әлі есімде. 1982 жылдың шілдесі болатын. Бір күні әкем үйге көтеріңкі көңіл күймен жұмыстан оралды. Үйреншікті әдетімен ваннаға кіріп, бір сағаттай жуынып-қырынып алған соң, телефон тұтқасына жармасып,
әлдекімдермен сөйлесе бастады. Бөлмемде кітап оқып жатқаныммен, саңқылдап шығатын әкемнің дауысын еміс-еміс құлағым шалып қалады.

«Серік, талант, поэзиямыздағы жаңа құбылыс. т.с.с» деген мақтауларды анық естідім. Ұзақ уақыт бойы мен әкемнің қандай Серік туралы айтқанын біле алмай дал болып, басым қатып жүрді. Өйткені, өлең жазатындардың ішінде Серік есімді бірнеше ақын бар еді.

1985 жылы әкем Жазушылар одағындағы жыл қорытындысына орай қазақ поэзиясы туралы баяндама жасады. Қалыптасқан дәстүрді бұзып, сол жолғы баяндамасын ол әлі ешкім танып үлгермеген Серік Ақсұңқарұлының шығармашылығын талдаудан бастады. Поэзиямызға қосылған үлкен талант екеніне айрықша тоқталды. Ақынның кітабы жарық көргенде балаша қуанғанын әлі ұмыта алмаймын.

Зымыран уақыт-ай, десеңізші! Содан бері табаны күректей жиырма жеті жыл заулап өте шығыпты. Соншама уақыт өтсе де жүрекпен жазылған жырларды қайта оқығаныңда алғашқы оқыған сәтіңдегідей әсер алады екенсің…

Серік Ақсұңқарұлы – жаңашыл ақын. Әсіресе оған орыс шайыры Андрей Вознесенский жырларының қатты әсер еткенін аңғарғандаймын. Серік – қазақ поэзиясындағы ең тұңғыш модернист ақын. Ол қазақ поэзиясын түрлендіріп, жыр әлеміне заман ағымына сай өлеңнің жаңа техникасын алып келді. Ақынның жазғандары рухты поэзия.

Міне, сондықтан да, оның жыр жинағын оқығанда ақындық мінезімен жырға жан бітірген өлеңнің рухы сөйлеп қоя береді.

«Жек көрем итті!
Алысып жүрем,
Шабысып жүрем!
Қағынып…
Сайын даланың
тағысымын – мен,
Не деген ғажап – тағылық!

Шауып түсемін!
Күш ағысымды

Сыйғыза алмай ішіме.
Адамның алмас пышағы сынды

Ырзамын азу тісіме!».
Бұл – Серіктің «Қасқырдың монологы» атты өлеңі. Өлең ғана емес, рухтың құйындысы, елдің елдігі үшін жұлысып, талай-талай қанды ұрыстарды басынан өткеріп, сонау заманның жан шыңырауынан естілген қасқыр бабалардың зары бұл.

Ақын тегінен айырылып, өлексе үшін жұлысып итке айналып бара жатқан бүгінгі ұрпағының тірлігіне қапаланады. Еркіндікті аңсап, дүниеге асқақ қараған қасқыр бабаларының рухын қайта тірілткісі келіп, қамырықты күйді басынан кешеді.

«Қасқыр – бабалар!
Бар ұлыстардың
Мазасын алып манадан –
Иттермен болған
қанды ұрыстардың
Иісін сезем даладан.
Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді,
Қарлық-қарғысқа барабар.
Бізбенен иттің тегі-бір дейді…
Рас па, қасқыр – бабалар?!».

Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерінде қасқырдың символы айрықша орын алады. Оның поэзиясында «ақынның үшінші дауысы болып» (Томас Элиот) көбінесе қасқырдың образы сөйлейді. Алайда, оның өлеңдеріндегі осы бір дала тағысы «Бөрі басы ұраным, бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым» деп Сүйінбай Аронұлы ақын жырлаған қасқырдан мүлде бөлек образдың символы.

Жыр алыбы Сүйінбайдың өлеңін оқығанда тағылық мінезіне ырза болып, даланың апайтөс төсінде ойнақ салған қасқырдың образы көз алдыңызға елестейді. Серік Ақсұңқарұлы керісінше абайсызда апанға түсіп кетіп, не істерін білмей еркіндігінен айырылып аласұрған көкжалдың бейнесін мүсіндейді.

«Ала төбеттің астында қалар,
Күн туғаны ма ақыры…
Неге үндемейсіңдер, қасқыр – бабалар,
Қағынып кеткен жатыры?
Неге үндемейсіңдер?
Ұрлық түн еді.

Жатқаным мынау – жау іші.
Аспанның астын дүрліктіреді,
Үрген иттердің дауысы…».

Азаттықты, батырлықты, өжеттікті қасқырдың бейнесімен беру ұлттық ұғымға жақын болғандықтан ғана ақын дала тағысының образына қызығушылық танытып отырған жоқ. Өлеңдегі қасқырдың символы ақынның азапты ізденісінен туған – бүгінгі заманның көрінісі.

Құлдықтың қамытынан құтыла алмаған қара тобырдың бүгінгі лас тірлігіне күшті қарсылықты туғызу үшін ақын қасқырдың образына еніп сөйлейді. Қазақтың рухына жасалып жатқан қастандықпен қасқырша арпалысып, өмірін жаугершілікте өткізген бабаларының асқақ рухын аңсап аспанға қарап зарлайды.

Әсіресе, «Мен – ұлыған көк бөрісі даланың» атты лирикалық шығармасында саппас тобырдың надандығына, неше түрлі қара беттердің озбырлығына қапаланып, кеудесін кек кернеген ақынның ашу-ызасы шарықтау шегіне жетеді. Сан рет сотталып, сан рет ақталса да заманға иілгісі келмеген қасқыр мінезді ақын неше түрлі сұмдар мен сұмырайларға азу тісін ақситып, айбат шегеді.

«Енді ақындар жекпе-жекке қатысып,

Мерт болмайды атысып!
Сотталмайды соры қайнап бостан-бос,
Ақталмайды қара бет боп

Шатысып…
Көзге ешкімді ілмей,
Қырт – Жердің бетін жаулап алған пілдей құрт

– Ақындарды ұстайды енді өзіндей
Өлімтікпен – бірдей ғып!».
Ақындық жүрек сезе-дүр.

Қасқыр бабалардың мінезі өліп,халық тобырға айналса, елдің сенім артқан зиялылары биліктің жуындысын ішкенге мәз болып, ақын құл-құтанға жанын сатса қазақтың рухы өледі.

Қайтпек керек! Бүгінгі күннің шындығына айналған осы бір көңілсіз көрініске қасқыр мінезді ақынның аспанға қарып, көк бөріше ұлығаннан басқа амалы қалмапты.

«Мен – Ұлыған Көк Бөрісі Даланың,
Ұлымауға амалым жоқ, амалым.
Құлдар сүйді – Құл иелену заманын!
Сұмдар сүйді, – Сұм иелену заманын!
Қайтем енді құлға кеткен есемді?!
Қайтем енді сұмға кеткен есемді?!
Бітті менің заманым!
Хош, енді…».

Құлдары көктегі Құдайды да менсінбей кекесінмен қараған, ел қамын жеген ерлерінің рухы адамгершілік, имандылық, әділеттілік секілді ізгі ұғымдарды ұмытқан қара тобырдың табанының астында тапталып, екіжүзділік, алаяқтық, сатқындық патшалық құрған бүгінгі өмірдің шындығын бұдан артық қалай суреттеп, жеткізуге болады.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,
әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Басқа материалдар

Back to top button