Руханият

Күйші Әбікен

Мен елге екі мәселемен келіп едім. Күні кеше Қарағандыға барып, Тәттімбет атындағы музыка колледжінің екі студентіне Сембек Айдосұлы атындағы стипендия тағайындадым. Бұл – бір. Екінші, сол Сембек атамыздың шәкірті, әрі аталас туысы Әбікен Хасеновке арналған іс-шараға қатысуды жөн көрдім.

Әбікенсіз Арқа күйлерін, әсіресе, Тәттімбет мұрасын елес­тету мүмкін емес. Әбікен талайға таңдай қақтырған күй саңлақтарымен иық тіресіп, күй тартқан бақытты өнерпаз. Дей тұрғанмен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі зобалаң мен 37-38 жылдардағы қуғын-сүргінді көзімен көрген, тұла бойымен сезінген тағдырлы тұлға. Әйгілі Қыздарбектің батасын алған төл шәкірті деседі көзкөргендер. Күй қонған топырақтың түлегі екені, Арқаның үздік күйшілерінің үлгісін көргені Әбікен күйшілігінен анық байқалады. Әбікен – шертпе күйдің тереңіне бойлап, сырлы күйдің құпиясын саусағының ұшына сақтап, домбыраға тіл бітірген жүректі күйші, теңдесі жоқ суреткер.

Әбікен Хасенов мұрасын зерттеу, насихаттау, әбікентану ғылымының қалыптасуына әкеледі. Ал, әбікентану ілгері басса, күй өнерінің асығы алшысынан түспей ме?! Талай өнерпазға арман болған, көптеген өнерпаздың аңсарына айналған Әбікеннің күйшілік құпиясы ашыла түссе, көшпелі жұрттың ғасырлар бойы қалыптасып шыңға жеткен мәдениетімен қауышар еді ғой.

Біз дәстүрлі музыканы қорғау, насихаттау жолында қолдан келгенше еңбек етіп келеміз. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан осы күнге дейін көптеген фестивальдар, ғылыми конференциялар мен концерттер ұйымдастырдық. Тәуелсіздік алғанға дейін мүмкін болмаған, заманы мұрша бермеген көптеген шараны қолға алудың сәті түсті. Әсіресе, ұлт мәдениеті төңірегінде қордаланған мәселелер шаш етектен болатын.

Сондай айтулы іс-шараның бірі 2015 жылы Астана қаласында өтті. Ол ICTMD халықаралық дәстүрлі музыка және би кеңесінің 43-ші Дүниежүзілік форумы. Форумды өзім басшылық еткен ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Білім және ғылым, Мәдениет министрліктерімен бірлесіп ұйымдас­тырдық.

ICTMD – 1947 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Дәстүрлі музыка мен би жөніндегі халық­аралық кеңес.

Дәстүрлі музыкамызды, сол салада қызмет жасап жүрген ғалымдарды ICTMD халықаралық ұйымына жақындатудың осылайша жолын салдық дей аламыз. Дәстүрлі музыканы қорғамаса, мемлекеттік, тіпті, халықаралық ICTMD сынды ұйымдар арқылы сақтап қалмасақ, жаһандану деген аждаһаға жұтылып кететіндей.

Әлбетте, дәстүрлі музыканы сақтап, қорғау үшін әр халықтың өз ішінен шыққан жанкешті ғалымдар мен өнертанушылардың көмегіне жүгінеміз. Сол себепті біз ұйымдастырған мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі іс-шараларда отандық ғалымдардың назарын дәстүрлі өнерге бұрып, осы саладағы көкейтесті мәселелерді көтеруіне жағдай жасап келеміз.

Бүгінгі Әбікен Хасеновке арналған шара аяқсыз қалмауы керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын жазушы Төлен Әбдіктің «Көрші» атты ғажап әңгімесін оқып едім. Әңгіме Әбікен күйшінің «Қоңыр» күйі жайында. Әбікеннің талантын таныған классикке алғыс айтамыз. Бірақ, Әбікенді әдеби орта, өнертанушы, күйшілер ғана танитындай көрінеді. Жаңағы «Көрші» әңгімесін пьесаға айналдырса, немесе, кино туынды жасаса, қалай болар еді? Ол – насихат. Қорыта айтқанда, Әбікен мұрасын тану арқылы өз мәдениетімізге бойлаймыз, Әбікеннің өмірбаянын білу арқылы талай сырын ішіне бүгіп жатқан зұлмат заманның кейпін танимыз.

Қадірлі достар! Бүгінгі күн мен үшін есте қаларлық оқиға дер едім. Себебі, консерватория ректоры боп тұрған кезімде дәстүрлі өнерпаздарды оқу ордасына шақырып, жас жеткіншектерге айлап сабақ беруін қамтамасыз еткен едім. Олардың ішінде Мағауия Хамзин, Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков, Рысбай Ғабдиев сынды өнер тарландары бар еді. Өнердің өз деңгейінде жалғасуы үшін хас өнерпазды көргеннен артық қандай жолы бар?

Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button