Күй – көңілдің көшірмесі
Егіз ішектен төгілген күй құдіретін қазақтай түсіне білген халық жер бетінде жоқ шығар. Түсінгеніңіз не, сезімін селт еткізген әрбір әсерді әдемі күй қылып шертіп, домбыраның шанағынан күй қылып мөлдірете төккен қазақ қой бұл!

Ұмыт бола бастаған шертпе күйдің Арқадағы бір мектебі – Қыздарбек Төребайұлының мектебі еді. Бабадан қалған асыл мұраны дәріптеу мақсатында жуырда Шет ауданында Қыздарбек күйшінің 175 жылдығына және алыптардың көзін көрген дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлы атындағы «Мәңгілік сарын» атты республикалық күйшілер байқауы өтті. Бәсірелі бәсекеге еліміздің он бір облысынан және Қытай Халық Республикасынан шертпе күйдің «жә!» деген шеберлері келіп өнер көрсетті.
Шежіреге толы абыз даланың аңыз-тарихын егіз ішектің сарынына салып күй толғаған кешегі Қыздарбек, Сембек, Әбди, Әбікендердің ізін басқан Дәулетбек Сәдуақасұлының атын еншілеген Республикалық күйшілер байқауына төрелік жасаған әділқазылар алқасы да күй өнерінің жілігін шағып, майын ішкен тарландар еді.
Екі кезеңде өткен байқау нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды Ақмола облысынан келген Нұрмұхамед Ардақұлы мен Екібастұз қаласының күйшісі Тохан Қайрат еншіледі. ІІ орын Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлихан ауданынан келген Сара Қамбарованың қанжығасына байланса, І орынға жерлесіміз Самал Мағауия ие болды. Қазақтың қазақтығын, бекзат ғұмырының азаттығын айқындайтын тұмардай күй кешінің бас жүлдесін ауданымыздың Ақжал кентінен келген Мадияр Сүлейменов жеңіп алып, мерейі үстем болды. Бұдан бөлек Дәулетбек Сәдуақасұлының ұрпақтары мен туыстары тағайындаған арнайы сыйлыққа Алматы қаласы мен облысының күйшілері Лунара Мауетбек пен Өмірзақ Талшын, Бекет Бексұлтан ие болды.
Ұлан-даланың қыран қылықты ұл-қыздары егіз ішектен бебеулете күй төккен кеште дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлының өнерлі ұрпақтары Жүсіп Мейрамұлы мен Ақжігіт Ерболұлының, Алуа, шәкірті Еркебұлан төгілдіре тартқан күйі мен әуелете салған әндері көрермен көптің құлағында қалды. Сахна шымылдығын ашқан өнерлі отбасының әні мен күйіне тамсана тұрып қол соққан елдің таңдайында қоңыр күй кетіп бара жатты.
Мәресіне жеткен «Мәңгілік сарын» байқауынан кейін ас беріліп, ақ тілектер айтылды.
Серғазы ҚАБЫЛДАҰЛЫ
Шет ауданы