Медицина

Көңілге медет сыйлаған

Бүгінде еліміздің әр өңірінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін түрлі шаралар қолға алынуда. Осы айдың басында Қарағандыда ашылған «Өзім» жобасы – солардың бірі. Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі сыйымдылығы шағын үйлер жобасы арқылы аталған бақытқа жеке секторды тартпақ. Мұндай пилоттық жоба жыл соңына дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында да ашу жоспарланған.

«Өзім» жобасы
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағандыда пилоттық жоба бірінші болып ашылды. Мұнда қазір күндізгі стационар жағдайында психоневрологиялық патологиясы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арнайы әлеуметтік қызметтер алуда. Өз кезегінде ата-аналар орталық балаларының жағдайына оң әсер етіп жатқанын айтады.

– Мұнда келгенімізге 3 аптадай болды. Көрсетілген көмектің арқасында баламның денсаулығы жақсарып келеді. Мұнда балаларға жақсы жағдай жасалған, олар өздерін үйдегідей сезінеді. Қажетті көмектің барлығы қарастырылған. Осы орталықтың жоғары білікті мамандарына алғыс айтамын, – деді Мәдина Жекенова.

Тағы бір ана Вероника Афанасьева да ризашылығын білдіреді.

– Орталықта біздің балаларымыздың толыққанды өмір сүруіне және басқа балалармен араласуына бар мүмкіндік жасалған. Олар осында болған уақытта жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар. Әр қызметкерге еңбегі мен балаға деген қамқорлығы үшін рахмет! – деді ол.

«Өзім» жобасы

Сыйымдылығы шағын үйлердің нәтижесінде денсаулығында кемістігі бар балаларды абилитациялау сапалы форматта жүргізіледі. Себебі, мұндағы балалар санының аз болуы әрқайсымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ай басындағы дерек бойынша мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 750-ге жуық мемлекеттік субъект бар.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 711,8 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде, ересектердің саны – 607,6 мың адам (еңбекке қабілетті жастағы – 420 мың адам, зейнеткер – 187,5 мың адам). Сонымен бірге, бұл санатқа жататын 18 жасқа дейінгі 104,3 мың бала бар.

1 шілдедегі жағдай бойынша әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі 109 мыңнан астам адамды қамтығанын атап өту керек.

Сағыныш ӘБІЛ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button