Көңілді көркейткен күн
Көрікті көктем мезгілінің алғашқы мерекесі Алғыс айту күні Қаражал қаласының тұрғындары мәдени-сауық орталығында арнайы ұйымдастырылған іс-шарада бас қосты. Мейірім мен ізгілік шуағы тарайтын атаулы күн қуанышымен жерлестерін қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Қайрат Шорманбаев құттықтап, мәні мен маңызы ерекше мерекенің ел жүрегінен берік орын алып үлгергенін атап өтті.
Өзінің жүрекжарды құттықтау лебізінде қала басшысы түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдері иық тіресе еңбек етіп, мамыражай тірлік кешіп жатқан Қазақстандағы өзара түсіністік пен достық пейілдердің қапысыз қауышу ахуалы ел дамуының басты дәнекері екендігіне назар аударды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған салиқалы саясат ұстанымдары қазыналы өңірде өзгеше тартымды мазмұнда көрініс беріп, қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуіне мызғымас негіз қалайтынын тілге тиек етті. Бір-біріне қандай жағдайда да көмек қолын созуға әзір тұратын тұрғындардың баршасына, өңірдің шынайы патриоттарына кіршіксіз таза пейілдері үшін ақтұма алғысын білдірді.
Халықтың риясыз ризашылығы мен мерекелік көңіл-күйлері қалалық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары ұсынған тартымды концерттік бағдарлама аясында орындалған әсерлі ән әуенімен, әсем билердің ырғағымен әдемі астасып жатты.
ҚАРАЖАЛ қаласы.