«Көңілашардың» көп-көрім жеңісі
Қарағандыдағы «Қарақат» мектеп студиясының жас домбырашыларынан құралған «Көңілашар» ансамблі түрлі деңгейдегі сайыстарда жеңіске жетіп жүр. Бұл жолы Алматы қаласында «Алаш» өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен халықаралық «Alash star» күй сайысында топ жарды.
Айтулы байқау ансамбльде күй орындау, эстрадалық ән айту, ансамбльмен би билеу және актерлық шеберлік сынды аталымдарда өтті.
Ал, қарағандылық «Көңілашар» ансамблі үздік деген жүз жиырмадан астам жас күйшінің басын қосқан онға жуық ансамбльдің арасында даралана білді. Олардың сахна мәдениеті мен күйді қатесіз орындауы жұртшылықты тәнті етті.
Қазылар алқасының төрағасы, «Дарынды ұстаз» медалінің иегері, күйші, композитор Мәди Мақажановтың басшылығымен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталды. Күй құдіретін сезініп, жұртшылықтың жүрегіне жеткізе білген жерлестеріміздің бағы мен бабы қатар шауып, Арқа жұртының мерейін тасытты.
– Біз «Секіртпе» күйін орындадық. Балалар сахнаға алғаш рет шықты. Оның үстіне, халықаралық деңгейдегі байқау. Мықты дайындықтың арқасында сәтті орындадық. Түркияда өтетін байқауға 15 пайыз жеңілдік ұтып алдық. Алда Түркия сапары күтіп тұр, – деді ансамбль жетекшісі Шыңғыс Зікірия.
Ал, №14 мектеп-гимназияның 6 «А» сыныбында оқитын жас күйші Дидар Қуандық байқаудан көп нәрсе түйгенін айтады. Оған Алатау мен Көктөбенің әсем көрінісі, жағымды ауа-райы шабыт сыйлапты. Қызығушылығы арта түскен.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом, кубок және сертификат тарту етілді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz