Бас тақырып

Кәдеге жараған 3,8 триллион

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегі бойынша қазақстандықтар 3,8 триллион теңге көлеміндегі жинақтарын өз мақсатына пайдаланған. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге, емделуге алуына немесе басқарушы компанияларға аударуына болады. Шекті мөлшерден асқан сомасын алуға барлығы 1,9 млн. өтініш түскен. Соның басым бөлігі азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатына жұмсалғанын айтады ресми дереккөздері.

Сурет: kapital.kz сайтынан

Зейнетақы қорындағы шекті соманы алуды қазақстандықтар 2021 жылдан бастады. Сол уақыттан бері биылғы жыл басына дейін салымшылардан түскен 1 453 904 өтініш тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздейді. Бұл мақсатта БЖЗҚ 3,3 трлн. теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,3 млн. теңге.

Талдау жұмыстары көрсеткендей, барлық өтініштің шамамен 34,4%-ы – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу мақсатында. Өтініштердің 21,5%-ы – тұрғын үй құрылыс жинағын толықтыруға, 16%-ы – ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеуге және 15,5%-ы – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарызды ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалған.

Қазіргі кезде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға берілген өтініштерді қабылдайтын уәкілетті оператор-банктердің қатарында «Отбасы банк» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ бар.

Бұл ретте салымшылардың белгіленбеген мерзім ішінде пайдаланылмаған 500,3 млрд. теңге көлеміндегі аударымдары салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына қайтарылғанын да айта кету керек. БЖЗҚ-дағы шекті мөлшер биыл өзгерген жоқ, былтырғы көрсеткіштермен қалды.

Жинақты емге алу – қолдануға рұқсат етілген екінші мақсат. Бұл мақсатты көздеген 477 866 өтініш түскен. Жалпы сомасы 419,3 млрд. теңге болатын жинақты қазақстандықтар емделуге жұмсапты. Алынған соманың орташа мөлшері 0,88 млн. теңге.

Өтініштердің 96,5%-ы стоматология­лық, 2,5%-ы офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының шамамен 1%-ы пайдаланылды. Бұл жерде де уақытылы пайдаланылмаған 37,5 млрд. теңге кері қайтарылды.

Инвестициялық портфельді басқарушыларға 27,8 млрд. теңге аударылғанын да атап өткен орынды. Бұл – жыл басындағы дерек. Бұл мақсатта түскен 14 928 өтініштің 20 110-ы орындады. Аталған соманың  47,8%-ы немесе 13,3 млрд. теңгесі «Halyk Finance» АҚ-ға, 24,2%-ы немесе 6,7 млрд. теңгесі «Jusan Invest» АҚ-ға, 12,8%-ы немесе 3,5 млрд. теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ-ға, 11,1%-ы немесе 3,1 млрд. теңгесі «BCC Invest» АҚ-ға, 4,2%-ы немесе 1,2 млрд. теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ-ға аударылған.

Былтырғы 1 шілдеден бастап, салымшылар өздерінің міндетті жарна түрлері есебінен қалыптастырған жинақтарының 50%-ға дейін жеткіліктілік шегін есепке алмай-ақ, инвестициялық портфельді басқарушыларына бере алады. Сенімгерлік басқаруға берген жинағын салымшы басқа инвестициялық портфельді басқарушыға ауыстырғысы келсе, БЖЗҚ-ға өтініш жазады. Ауыстыру мүмкіндігі жылына бір рет беріледі.

Зейнетақы жинақтары «Ұлттық банктің» басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беріледі. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Ол зейнетақы активтерін басқару нарығындағы барлық инвестициялық портфельді басқарушыларға берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button