РуханиятШет

Үйір жылқыға ұстатпас жәдігер

Шет ауданы – сал-серілер мекені. Аңшы һәм атбегілер өздері өзге өңірде тұрса да жаратқан күліктерін Шет ауданы атынан қосқанын талай көріп, естіген едік. Осы өңірдің бір құдіреті барын бұрыннан ішім сезуші еді.

Өмірін ұлтына қызметтен бастаған ұлтшыл ұлдың жалғанның тұңғиығына терең бойлауы тегін емес-ті. Әңгімеге – арқау жазушы Кәмел Жүністегі. Тарих сынықтарын жинап, тарау-тарау кітап жазған жазушылығын қоспағанда, шежірешіл һәм жәдігер жиып, үйінің бір бөлігін мұражай еткен танымал тұлға бар болса, көрсетіңізші?..

Қазақтың жеті түрлі домбырасын жиып, бұқараға паш етті Кәмекең! Екінің бірі егіздің сыңары ғана ұқты-ау мұның сырын…

Қазақтың әр үйінде ата-бабадан қалған ата мұрасы, шежіре шертер жәдігері болса, ол үй білімді, айтар сөзі – аталы, өткенін өміріне өсиет еткен надандықтан жаны ада әулет дер едім. Бір үйге қонаққа бара қалсам «Үйіңде не жақсылық бар?» деймін. Мұнымның оның ақшасына, байлығына, табар табысына, ішіп-жеген тәтті-дәмдісіне қатысы жоқ. Сол үйді ашатын сол үйдің руханияты мен мәдениетін ұқтырар бір көне жәдігер мен үшін құнды. Қазіргі таңда кешегі орыстың табынан қалыпқа түскен қауымның қазақ жәдігеріне жаны қас. Қазақта асыл дүниенің барлығы болған. Замана зұлматы жойды мұны, – деп налиды жазушы.

Өр рухқа өрмекші тор салған сыңайлы ма? Жо-жоқ! Шоқ шашқан жанардың жылуы әлі жаныңды қоздырады. Сембек күйшінің домбырасын қолымен меңзей беріп жай-күйін баяндап тұр. Әуелі бір сотталып қоя берілген Сембек күйші ақырында ұсталып тынған көрінеді. Жамбылдың Сарыбұлағы деген жерде атылар кезінде күйшіге күні бойы күй тартқызған көрінеді. Ақырында оған «Сезбестің күйін тарт» деп бұйырған белсенділер. Мұны естіген Сембек күйші атыларын сезіп, «Сезбестің» күйін соңғы рет шерткен екен. Екі шек, қу тақтайды зар илетіп боздатқан күйі атылып кеткен күйшінің белсенділер заттарын олжалауға көшеді. Бірі домбырасын алса, енді бірі саптама етігін шешіп алады. Тағы бірі сол саптама етіктің өкшесіне тығылған мың сом ақшаны алады. Осылай домбыра қолдан қолға өтеді. Ақырында қасиетті қара домбыра сақтаушысын тапқан сыңайлы. Мұнымен қатар жазушының мұражайында, Қақпан ақынның домбырасы, атақты Құлагердегі Батыраш-Қотыраштың немере шөберелері Тырыш тартқан домбыра, моңғолдың қобызы, қырғыздың үш шекті домбырасы да бар. Әр жәдігер тарихына тоқталған ақсақалдың айтары жиналып қалған екен. Сондай-ақ, Кенесары ас ішкен ағаш табақ, Шортанбай Қанайұлының аса таяғы, Абылайдың алты ағашы сынды құнына құлынды бие түгіл үйір жылқы жетпес жәдігерлер тарихында сөз етті. Қазақтың салты қамшымен байланысты қашанда. Ерліктің, мәрттіктің, батырлықтың деңгейі ұстаған қамшымен өлшенген ертеде. Кәмекең жиған қамшылар арасында хан-сұлтандар ұстаған дырау қамшы, 19 өрім бұзаубас қамшы, жылан бауыр қамшы, қару түрінде қолданған қорғасын құйылған қамшы секілді бірнеше түрі орын алған мұражайынан. Бір түйгеніміз – ақсақалдың қазақтың көне жәдігерін жиюы тегін емес-ау?! Жиылған көне домбыра түрлері мұражайды көрмекке келгеннің жүрегіне тиер ме екен қазақы үн болып шертіліп? Қайыс қамшылар осып қалып, оятар ма екен қамсыз ұйқыда жатқан қауымды. Жасықтығынан – рухы, жасандылығынан жасампаздығы туар ма екен деген ниетпен жиды ма деген ой келеді еріксіз…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button