АймақБалқашРуханият

Үйін мұражайға айналдырған суретші

74 жастағы суретші Өміркелді Әбеуов Балқаш көлінің жағасында орналасқан мыс шәрінде тұрады. Балқаштықтар оны мақтан тұтады. Өйткені, оның бүкіл шығармашылығы туған ел мен жерге, өлкеден шыққан дара тұлғаларға арналған. Үйі өзі салған картиналарға толы, нағыз гобелен мұражайына айналған.

Суретші, шығармашылығы әралуандығымен ерекшеленеді. Ол сурет, сүйек пен ағашқа ою-өрнек салу, шиден гобелен тоқудың нағыз шебері. Шаһардың 80 жылдық мерейтойында Балқаш қаласының Құрметті азаматы атанып, 2007 жылы Қарағанды облысы әкімінің бірінші сыйақысын иеленген. «Жылдың ең үздік суретшісі» номинациясына лайық деп танылған. 60-тан астам шығармасы ел назарына ұсынылған.

Бастауыш білімді Қоңырат кентінің Ы.Алтынсарин атындағы №25 мектебінде алып, орта мектепті Тараз қаласының С.Сейфуллин атындағы №7 мектебінде бітірген. Мектепті бітірген соң Қоңырат кентінің карьеріндегі энергиямен қамту қызметінде жұмыс істейді. 1972 жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркем сурет училищесінің театрды сәндеу бөліміне оқуға түсіп, оқу барысында мамандығын суретші-безендірушіге ауыстырған. Училищені бітіргеннен кейін Қарағанды облыстық көркемсурет шеберханасының Балқаш филиалында суретші-дизайнер болып жұмыс істеген.

– Бұл өнер маған әкемнен және оның ағаларынан дарыған. Олардың барлығы ағаш өңдеудің хас шебері болды, қарапайым нәрселерден шедеврлер жасайтын. Бір гобелен жасау үшін кейде бірнеше ай қажет. Жұмысты алдымен қағаз бетіне түсіремін. Мен гобелен жасау кезінде жанымды саламын. Бұл өте көп уақыт пен табандылықты қажет ететін керемет жұмыс. 30-жылдардағы ашаршылық, қатыгез соғыс, Жаңаөзендегі оқиғалар – осының бәрі менің шығармаларымның негізіне айналды. Кейбір композицияларда мен қазақ даласының сұлулығын жеткізуге тырыстым. Өкінішке қарай, гобелендер қазір ерекше сұранысқа ие емес, – дейді суретші.

Айта кетейік, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Өміркелді Мұхтарұлының жұмыстары бүкілодақтық, республикалық және облыстық көрмелерге қатысып, Германия, Румыния, Чехословакия елдерінде көрсетілген. Оның ең бірінші «Қоңырат туралы ән» деп аталатын шығармашылық жұмысы Санкт-Петербург пен Мәскеу көрмелеріне қойылып, қазір Алматының республикалық көркемсурет қорында сақталып тұр. Сонымен қатар, түкті кілемге салу техникасымен жасаған «Ертең жұма», «Дала туралы баллада» деген жұмыстары, «Жер бетіндегі бейбітшілік үшін» деген триптихы, «Металлургтер», «Ұядан ұшқанда», «Ереуіл атқа ер салмай» атты полотнолары және «Аспан үсті, жер асты» диптихы, тұңғыш космонавт Тоқтар Әубәкіровке арналған «Жаңа ғасыр» гобелені қалалықтарға жақсы таныс.

Нұрдос КӘРІМ

БАЛҚАШ

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button