"Сұлушаш"

Әйелді сыйлау наурызбен шектелмейді

«…Алла әйелді жаратқанда, оның болмысын тек алтыншы күннің кешінде бітіріпті», – делінген екен. Өзге түгілі, өзі де түсінбес мінезі бар, күліп тұрып жылай алатын, жылап тұрып күле алатын әйел затын құрметтеуден, ерекше қамқорлық танытудан әсте танбаған халқымыз. Ал, қазір кейбіреу барлық махаббаттарын 8 наурызда лақ еткізіп, төгіп тастап, күнделікті өмірде олардың бар екендіктерінен де бейхабар болғандай.

Халқымыз ата-анасының жұмаққа кіруіне себепкер болатын қыз баласын төрінен төмен түсірмей, бетінен қақпай, аялады. Суының тұнығынан ішкізіп, киімнің жақсысынан кигізіп, көңіліне қаяу түсірмей, құтты орнына қондырды. Себеп – Алланың аманатына қиянат етпеу. Демек, қыз бала – отбасының берекесін келтіріп, мерейін тасытатын жан болғаны.
Ал адал жарыңыз ше?! Үйінің берекесін келтіретін әйел затының құрметі бұл кезде тіпті арта түсті. Адам атаның сол жақ бұғанасынан жаратылып, ерінің жәннатқа кіруіне себеп болды. Болашақ балаларымның анасы деп, сый-құрмет көрсетті күнде оған.
Бар қадір-қасиеті дүниеге ұрпақ әкелумен өлшенетін ана атанғанда ше? Ол кездегі құрмет тіпті ерекше. Осы бір ерекше жаратылыстың қолында ұрпақ жалғастығы. Қай жағына қарай тәрбиелесе – солай қарай иілмек. Жақсылықтың бәрі анаға! Ұлттың қандай болмағы ана тәрбиесіне байланысты болғанда қалайша төбеңе көтермеске?!
Бар елге билік айтқан, бір ауыз сөзімен талай дауды тоқтатқан аузы дуалы ақ шашты әжелеріміз ше?
8 наурыз – ару қыздардың, ардақты аналардың, дана әжелердің мерекесі. Осы күні барлық құрмет, сый-сияпат соларға арналмақ. Бірақ, нәзік иығына тағдырдың ауыр жүгін салғанда, белі бір қайыспай көтеріп жүрген, өмірдің өзін күнде мерекеге айналдырып, ері мен баласының, жалпы туған-туысының, айналасындағылардың бар көңілін тауып жүрген осы бір ерекше жаратылған жан иелерін жылына келетін бір мерекеде емес, күн сайын бір мәрте жылы сөз айтып, жанын жадыратып жүрген дұрыс болар.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button