Жаңалықтар

Әйелдің орны қайда?

Қазақстанда қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін 6 399 әйел жазасын өтеп жатыр. Оның 2 692-сі түрмеде, 3 707-сі пробациялық бақылауда. Түрмеде отырғандардың жартысы – аналар. Оның 250-і – көпбалалы аналар. «1 500-ден астам бала анасыз қалды. 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілді» деген Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден жазасын өтеп жатқан әйелдердің белгілі бір санатына рақымшылық жасауды ұсынып отыр.

Сурет izabelin.by

Депутаттың айтуынша, мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Әлбетте, рақымшылық сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмесе ғана қаралады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжіліс депутатының ұсынысына жауап беріп, ІІМ мұндай ұсынысты құптайтынын айтты. Дегенмен, оның өз тәртібі бар және Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында барлығы тең. Соған сай ешкімді жынысына байланысты кемсітуге болмайды.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1 220 әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін. Сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа байланысты емес қылмыстар жасағаны үшін 2 002 әйел сотталды, олардың 1 766-сы алғаш рет, ал, 150-і ауырлығы шағын және орташа қылмыстар жасаған. Өз кезегінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5 055 әйелге жаза мерзімін қысқарту мүмкін», – делінген министрдің жауабында.

Рақымшылық жасауда әйелдердің әлеуметтік жағдайы ескерілетінін болады. Мысалы қазіргі таңда, түрмеде 29 мүгедек, 60 жастан асқан 243, 13 жүкті әйел, 3 жасқа дейінгі сәбиі бар 58 және 226 көпбалалы ана отыр.
Қарақат Әбден рақымшылық жасау халықаралық тәжірибеде бар екенін алға тартты. Мәселен, Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған. Өзбекстанда 2013 жылы амнистия жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылған. 2023 жылы Ресейде әйелдерге амнистия жасау туралы идея қолдау тапты. АҚШ-тың кейбір штаттарында әртүрлі қылмыс жасап сотталған әйелдерге неше рет амнистия жасалған екен.

Депутат әйел затына рақымшылық жасау бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне оң ықпал ететін де келтірген.

– Жалпы, әйелдерге амнистия жасалса, еліміздің пенитенциарлық жүйесіне жүктеме азаяды, балалар үйлеріне түсетін жүк төмендейді, әлеуметтік шиеленіс азаяды, мемлекетіміздің адам құқықтары мен отбасыны қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстанатынын растауға мүмкіндік туады. Аталған шара отбасылардың қауышуына, анасынан ажыраудың балаларға тигізетін салдарын азайтуға септігін тигізіп қана қоймай, қылмыстық саясатты ізгілендіру жолындағы маңызды қадамға айналады. Отбасы үшін қоғам мен мемлекет үшін бұл шешімнің ұзақ мерзімді оң әсері болмақ. Сондықтан, әйелдерге өз отбасылары мен балаларына оралуына мүмкіндік берейік, – деді Қарақат Әбден.

Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мамандарының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті аталған мәселені қарастырып жатыр.

Қарағанды облысы бойынша 665 әйел жазасын өтеу мекемелерінде. Оның 250-і аса ауыр қылмыс жасаған.
Біздің қоғамда көп жағдайда отбасының барлық шаруасы, бала тәрбиесі, оқуы мен қосымша білім алуы әйелдердің мойнында екені рас. Алайда, жаза басқан жанды жазасыз қалдырмау да әділдік. Бірақ Абай хакім «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дегені бар. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, темір торға қамалған нәзік жандарды қоғамнан шеттете аламыз ба? Ықылым заманнан әйелдің орны отбасы, ошақ қасы емес пе еді? Екінші рет қателеспеуі үшін көмек беріп, қолтығынан демеу керек шығар, бәлкім. Қалай болғанда да, түрмеден кейін де өмір бар.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button