Бас тақырыпКөкейкесті

Үйде үйретпегенді үйірме үйрете ме?

«Ң», «Н», «М» дыбыстарын ажырата алмай, күндіз-түні смартфонға телмірген баланың көңілін қалай аулауға болады? Немесе балаңыз мектептен соң немен айналысады? «Уақытым жоқ» деген желеумен баласына телефон ұстататын ата-аналар баланы білімсіздіктен аман сақтаудың бірден-бір жолы – үйірме дейді. Сөйтіп, ұл тәрбиелеген әке баласын жарнамасы жақсы, әсіресе елге танымал чемпиондар жаттыққан сарайларға бергенді ұнатса, қыз өсіргендер гимнастиканы құп көреді. Немерелерін қаланың бір шеті мен екінші шетіндегі үйірмелерге апарудан шаршамайтын ата-әжелер жиналғанда оны мақтанышпен айтып отырады. Осылайша, баланың ойымен санаспайтын ата-аналар үйде үйретпегенімді, үйірме үйретер деумен жүр. Дегенмен, үйірменің бәрі ойлағаныңызды үйрете ме?

Артық жүктеме – балаға зиян

Қарағандыда бағыттаған жағыңа қарап бой түзейтін балаңды дамытатын орталықтардан көз тұнады. Соларға үлгеру үшін баласын олай да, бұлай да сүйреп, жұлқылаған ата-аналарды жиі байқайсыз. Осы күні облыста балаларға қосымша білім беретін 102 ұйым бар екен. Оның 48-і – білім беруге, 41-і спортқа, 1-еуі мәдениетке бағытталса, 12-сі жекеменшік қызмет көрсетеді. Осы ұйымдардың жұмысын қадағалайтын білім басқармасы мамандарының айтуынша, бұрын ойын баласына ағылшын тілін үйрету сән болса, қазір олар ментальді арифметика, шешендік өнер, актерлік шеберлік үйірмелерін іздеп әлек. Осыдан кейін мектептегі сабағын аяқтап, үйірмеге жиналған балаға қанша жүктеме берген дұрыс деген сауалға жауап іздедік.

Балаға үйірмені таңдап беретін ата-аналар көп. Мәселен, әкесі баласының атақты боксер болуын армандайды. Сөйтіп, ұлды спорт секцияларына береді. Бұлай істеу дұрыс емес. Себебі, баланы өз тілегі, қабілетіне байланысты үйірмелер мен секция бағдарламаларына жазу қажет. Мектептерде қосымша тегін ашылған үйірмелер бар. Балалар оларға сабақтан тыс уақытта қатысады. Баланың миын ашытпау үшін осының өзі жеткілікті, – дейді педагог-психолог Әсем Нұртайқызы.

Педагог-психолог атап өткендей, облыстың жалпы білім беру ұйымдарында бүгінде 6070 қызығушылық үйірмесі және 2840 спорт секциясы тегін жұмыс істеп тұрғанын ескерсек, жалпы мектеп оқушысының бос уақыты жоқ. Сондықтан, 1-сынып оқушылары үшін апталық жүктеме 19-20 сағаттан аспау керек. Мысалы, қаңтар мен мамыр аралығындағы 40 минуттық 4 сабақ жүктемесі бала үшін қалыпты. Оны медицина мамандары да растайды.

Олардың пікірінше, 1-2 сынып оқушылары үшін оқу құралдарының салмағы 1,5 келіден аспау керек. Бұл санитарлық норма бойынша 3-4 сынып оқушысы үшін кітап салмағы 2 келіден аспау қажет деген сөз.

Балаға сабақ барысында артық жүктеме берген дұрыс емес. Өйткені, мұғалімдер оқушылардың сабақ кестесін құрғанда негізгі пәндер (математика, ана тілі, орыс тілі т.б.) мен ән сабағы, дене шынықтыру, дүниетану, өзін-өзі тану сынды сабақтарды араластырып қояды екен. Осы сабақтардан кейін барып қана дене шынықтыру пәнін сабақ кестесіне қою міндетті. Ал, мектептегі сабағын оқып, кейін үйірмеге баратын балалар үшін үйірмелер аптасына 3 рет, ұзақтығы 40 минуттан аспағаны дұрыс, – дейді қалалық мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Саматқызы.

«Ментальді арифметика» зиян ба?

Қазіргі таңда балалар үйірмелерінің арасында сәнге айналған ментальді арифметиканың зияны жиі айтылуда. Әдістің баланың шығармашылық ойлау қабілетін шектейтіні анықталыпты. Мамандар пікірі «бұл әдісті меңгерген бала есепті ойлану арқылы емес, жаттанды түрде шығарады» дегенге саяды. Шығармашылық ойланудан шектелген балаға шамадан тыс ауыртпашылық түсетіні тағы бар.

Осы үйірмеге 4 жасар баламды апардым. Гуманитарлық пәнге қызығушылығы төмендеп қалды. Әріптерді салып, оқығысы келмейді. Мамандар «ойын баласы» деп, ерте жастан үйірмеге беруге болмайтынын айтты. Қазір баруды тоқтаттық, – дейді қарағандылық көпбалалы ана Гүлсім Мұхитқызы.

Білім және ғылым министрлігі мамандарының айтуынша, «ментальді арифметика» тек қосымша білім беру көзі. Әдіс министрліктің қатысуынсыз, жекеменшік оқыту мекемелері тарапынан оқытылатындықтан, балалар ерікті түрде қабылданады.

Үйірмелерге министрлік тарапынан бақылау жоқтығы, ата-аналардан мұқият болуды талап етеді.

Сәнге айналған слайм (ермексаз)

Баланың қамын бірінші орынға қоятын ата-аналар көп жағдайда баласын слайммен алдандыратынын айтады психологтар. Осының үйірмесін ашқандар оның сыры балшық терапиясында дейді екен. Байқаған адамға езілген ермексазбен жұмыс істеу де еріккеннің ермегі емес. Өйткені, оның балаға тигізер пайдасы көп екен. Осы үйірмеге қатысқан баланың саусақтарындағы сенсорлық сезімталдығы жоғарылап, шеберлігі шыңдала түседі. Қолындағы жүйке нүктелері оянатын балалар шығармашылыққа жақын келеді.

Негізі ермексаздан түрлі бейнелер жасау балалардың сүйікті ісі. Кез келген дүкенде сатылатын зат қызықты ғана емес, мектеп жасына дейінгі балалардың ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және еңбек тәрбиесі үшін пайдалы. Оны әртүрлі жағдайда пайдаланамыз. Қағазға ермексазбен сурет салғанда бұлшық ет пен жүйке кернеуі қызметке кіріседі, – дейді үйірме жетекшісі Антон Борис.

Спортты сүйетіндер көп

Спортшы қауым қызығушылығы басым балалардың 5-6 жасынан бастап үйірме табалдырығын аттағанын дұрыс көреді. Дегенмен, медицина саласының мамандары балаңыздың денсаулығын тексеруден өткізу – маңызды дейді. Мысалы, жүзу, крикет және семсерлесуге қатысқаны денсаулығына пайдалы болса, басы мен жұлыны ауыратын балаларға жеңіл атлетика, тау-шаңғы спорты түрлері мен тенниске қатысуға болмайды. Суда жүзу спортының үйірмелеріне балаңызды 7 жасқа дейін де, 7 жастан кейін де қатыстырсаңыз болады. Елімізде бокспен айналысатын жас таланттар жетерлік десек, спортқа баулитын үйірмелердің саны да аз емес. Бокспен шұғылдануға 16-17 жас кеш емес екенін ескерсек, әліппесін 10-12 жастан бастаған дұрыс.

Не десек те, баланы үйірмеге апару қаржылық шығынды да талап етері белгілі. Қосымша сабақтарға баланы апарып-әкелудің өзіне уақыт керек. Пайдасы мен зияны қатар жүретін үйірмелер баланы жан-жақты қадағалауды талап етеді. Ендеше олардың не үйрететінін үйге келген балаңыздан сұрауды ұмытпаңыз.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button