Жаңалықтар

Ізгіліктің шамшырағы

Облыстық Әнет баба мешітінің наиб имамы, «Діни білім және кадр дайындау» бөлімінің жауапты маманы, ардақты әке, сүйікті жар, елдің елеулі азаматына айналған Дархан Карсембайдың дүниеден өткеніне де 40 күннің жүзі болды. Дархан Ақадыр кентінде 1976 жылы дүниеге келген. Жасынан зерек, ұғымтал, жаны таза, көңілі дархан жан болатын. Бар ғұмырын Алланың ақ жолына арнап, ел мен дінге адал қызмет етіп өткен тұлға болды.

Сурет автордан

Дархан Ақадырда Құранды алғаш үйреніп жүргенде, Абдолла деген кісіні ертіп, бабасы Кәдір батырдың басына барыпты. Сонда Құран оқығанда, кесененің ішінен көгершін ұшып шықса керек. Сонда Абдолла:

– Әй, сенен бірдеңе шығады, – дегенін кейінде өзі еске алып отыратын.

Дархан бала күнінен имандылықтың исі сіңген, текті әулетте тәрбиеленді. Атасы Қаракесек – Қояныштағай елінің ақсақалы Асан мен әжесі, қожаның қызы Үміттің тәрбиесінде өсті. Сондықтан болар, балалық шағынан бастап, ата-әжесінің аялы алақанында, мұсылмандық тәрбиемен сусындады. Ол 1982 жылы Ақадырдағы №131 мектептің табалдырығын аттап, 1992 жылы үздік аяқтады. Оқушы кезінен-ақ, мешітке барып, Құран әліппесіне ден қойды. Сол кездегі Ақадыр кентінің имамы Өмірзақ қажы Бекқожаға еріп, діни ілімге сусындай бастады.

Жас талапкерге жақындары түрлі оқу орындарына баруды ұсынғанмен жүрек қалауы – діни ілім болды. 1992 жылы Жезқазғанда сауат ашу курсынан өтіп, Бекқали ақсақалдан Құран оқуды үйренді. Іле-шала 1993 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданындағы медресеге түсіп, екі жылдай оқыды. Ал, 1996 жылдан бастап, Жәйрем кентінің имамы қызметін атқарды. Дархан имам жас та болса, дін жолындағы алғашқы бастаған қызметін асқан жауапкершілікпен атқарып, білімге деген құштарлықпен мешіт жұмысын алға сүйреді.

Жәйремде имам болып жүргенде, Мысырдағы Әл-Азхар университетіне оқуға жолдама келеді. Сол кезеңде діни мамандар өте аз болғандықтан, «жастар білім алсын» деп, өзінің орнына алғашқы шәкірті Сайлау Мусинді жібереді. Сайлау шәкірті сенімді ақтап, Әл-Азхар университетіне түсіп, білікті маман болып шықты. Бұл да болса, Дархан ұстаздың шәкірт тәрбиелеуге ерекше көңіл қойып, елі мен діннің қамын ойлаған парасатты ойының жемісі еді.

Жәйрем кентіндегі мешіт сол кезде аймақ тарихындағы алғашқы көрнекті мешіттердің бірі болды. Осынау кенттегі Алла үйінің бастауы ізгілікпен қалыптасуына Дархан имам көп еңбек сіңірді. Шәкірттері; «Жайдары жүзді, әдепті де білімді имамның жасыл шапанмен мешітке келе жатқан сәтінің өзіне қызыға қарайтынбыз», – деп еске алады.

Жәйрем халқына сыйлы болғаны сонша, ата-аналар балаларын мешітке, жас маманға көмектесуге жіберіп отыратын. Ұстаз әр дәрісінде, бала тәрбиесіне баса көңіл бөліп, ата-ананы ардақтап, ұстазға иба, қоғамға пайда келтіруді үздіксіз шәкірттерінің санасына құйып отырады екен.

Ол спортпен де шұғылданды. Оқушыларын да спортқа баулыйтын еді. Дархан имам өзін көрсетуге, өңмеңдеп алға шығуға ұмтылмай, көп істі үндемей-ақ, өзі тындырып жүре беретін.

Дархан 2000-2005 жылдары Алматыдағы «Дарын» институтында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқыды. 2003 жылдан 2008 жылға дейін Қырғыз­станның Шу облысы, Сокулук ауданындағы Термези медресесінде білімін жалғастырып, онда араб тілі грамматикасы, фиқһ, тәпсір, логика, усул әл-фиқһ сияқты маңызды пәндерді меңгерді. Болашақ дін қайраткері жасынан зерек, өте ұғымтал болатын. Медреседе оқып жүрген кезінде, 1000 бәйіттен тұратын, өлеңмен жазылған араб тілінің грамматикасы Әлфия кітабын, араб тіліндегі мантық-логика түріндегі ақида ілімі бойынша өлеңмен жазылған шығарманы да толық жаттап алған. 2008-2012 жылдары Қарағандыдағы мешіттерде ұстаз, молда ретінде қызмет атқарды. Ал, 2012-2014 жылдары «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің «дінтану» мамандығы бойынша білім алды. Екі жылда оқуын үздік тәмамдап, діни білімін жүйелі жетілдірген санаулы тұлғаның бірі болды.

Дархан имам мен айналасындағы діни мамандар теріс ағымдарға қарсы аса күшті қайрат көрсетті. Қазақ халқының ежелден қалыптасқан мұсылмандық жолын насихаттады. Дін мен дәстүрді бірге алып жүріп, ұлтымыздың құндылықтарын ұлықтауға баса мән берді. Жамағатты – амалда Имам Ағзам Абу Ханифаға, сенімде Әбу Мансур Мұхаммад әл-Матуриди әс-Самарқандиге сүйеніп, дінді ақылмен, дәлелмен, тұрақты сеніммен ұстауға бағыттады.

Дарханның өз жұртына да, нағашы жұртына да сөз қонған. Сондықтан болар, Дархан имам жүрген ортасының көркі болды. Сөйлегенде ешкімнің намысына тимей тігісін жатқызып, мәселені қиыстырып, айта білетін. Қандай тығырықта да, сөз тауып кететін.

Дархан Асылтайұлы – Құран оқуда қирағат пен тәжуидті шебер меңгеріп, әуездетіп, нақышына келтіре оқитын. Сол себепті, Ратбек қажы Нысанбайұлы мүфти болып тұрғанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылтайларында, Әбсаттар қажы Дербісәлі мүфти болып сайланғанда, түрлі басқосуларда Құранды үнемі Дарханға оқытатын. Ол Құранның көркем нақышын, рухани әсерін тыңдаушының жүрегіне ұялататын, даусы да көркем, әуезді еді.

Дархан имам 10 жыл бұрын Құран жаттауды бастаған. Күнделікті тірлікпен қоса, қызметте жүрсе де, діни білімін жалғастыра беріпті. Дүниеден өтерінен бір апта бұрын ғана, қасындағыларға «Құранды толық жаттадым. Келесі жылы тарауыққа шығып, Құран хатым түсіремін», – деген екен.

2023 жылы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғыс хатын және Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлының қолынан «Үздік имам» атағын алғаны – діни маманның еңбегінің әділ бағаланғанының дәлелі.

Дархан ұстаз – тек білім беруші ғана емес, өмір бойы жүрекке жарық түсіріп тұрған шам секілді жан еді. Оның соңында қалған ізі – шынайы ұстаздықтың мәңгілік мұрасы. Дархан Асылтайұлының өмірі өнегеге толы болды. Дархан имам дүниеден өткен соң, Әнет баба мешітінен шығарғанда, жаназасына да, бабасы Кәдір батырдың қасына апарып қойып, соңғы сапарға шығарып салғанда да жұрттың қарасы қалың болды. Бұл мешіттен қаншама адам шығарылды. Бірақ, мұнша адам жинала бермейтін. Өмірдегі атқарған ізгі амалы, Құдай алдындағы тазалығы мен құлшылығы, адамдарға жасаған жақсылығының қайтарымы шығар. Өзі ораза айында, кешкілік аузын ашып, тарауыққа ниет қылып отырғанда, аяқ астынан жүрегі ұстап қалды. Алдында ауырып жүргенімен, көпшілікке оны аса білдіре бермейтін. Облыстың бас имамы Естай Әбдіғалиды шақыртып, дем салғызып отырып, өмірден өтті. Өлімнің жақсысы жоқ. Туысқанынан, жақынынан айырылу ешкімге де оңай емес. Оның ішінде, игі істері ел есінде сақталып, білімді шәкірттер тәрбиелеген Дарханның орны ерекше. «Орнында бар оңалар», – деп, соңыңызда қалған ұрпағыңыз өсіп-өніп, ізгі істеріңізді жалғастырсын, деп тілейміз!

Шәкірттері, әріптестерінің атынан Жаңабек НАР

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button