Ізгіліктің іргелі ордасы

    Бүгінгі күні өскелең ұрпақтың тұлғалық дамуының негізгі қағидасы – адамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, ой-пікірдегі тәуелсіздік болып табылады. Сондықтан, қазіргі қоғам әрбір кәсіби маманнан политехникалық білімді ғана емес, рухани құндылықтар – мәдениет пен ғылым саласына терең маманданған, білікті, іскер, әрі әлеуметтік кеңістікте қарым-қатынасқа түсе алатын тұлға болуды талап етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Жолдауында: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», – деп тәрбиенің стратегиялық бағытын айқындады. Осындай келелі міндеттерді жүзеге асырып, жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген іргелі оқу орындарының бірі – Қарағанды гуманитарлық колледжі. Биыл – колледж ұжымы үшін айтулы, мерекелі жыл. Осы орайда Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есжан ӘМІРОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

Есжан Сарманқұлұлы, биыл Қарағанды гуманитарлық колледжіне 40 жыл толып отыр. Осы орайда колледж тарихына, қазіргі таңда қызмет атқаратын ұжымға тоқталып өтсеңіз?!

Өткен ғасырдың екінші жартысында, дәлірек айтсақ, 1976 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №252 Қаулысы мен КСРО Жоғары және орта арнайы білім беру министрлігі алқасының шешімі негізінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №695 Жарлығымен Қарағанды педагогикалық училищесі құрылған болатын. Ол сол кездері облыс орталығындағы мұғалімдер даярлайтын алғашқы педагогикалық училище болып саналды. Педагогикалық училище атауы 1995 жылы ҚР Білім министрлігінің №133 бұйрығына сәйкес Қарағанды педагогикалық колледжі, ал,1997 жылы облыстық білім департаментінің №401 бұйрығы негізінде Қарағанды гуманитарлық колледжі болып өзгертілді. Күні бүгінге дейін қырық жылдық тарихы бар колледж тоғыз мыңға жуық мамандар дайындады. Олар республикамыздың түпкір-түпкірінде, алыс-жақын шетелдерде жемісті еңбек етуде.

Сонда, жалпы жаңашылдыққа құмар оқытушылар ұтқыр іс-әрекетімен маман даярлаудың жаңа жүйесіне бет бұрып отыр десек қателеспейміз ғой?

Дәл солай. Басты мақсатымыз – білім мен ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыра отырып, колледждің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде бәсекеге қабілетті түлектерді даярлау болып отыр. Колледждің даму бағдарламасы әр үш жылда жаңғыртылып дайындалады. Мысалы 2016-2019 жылдарға арналған колледждің даму бағдарламасы болашаққа арналған бағдар мен стратегиялық бағыттардан құралды. Болашаққа бағдар ретінде біздің колледж қоғам мен мемлекет мүддесі үшін динамикалық дамыған ортада өмір сүруге қабілетті, білімді, шығармашыл, құзыретті тұлға даярлауға кепілдік беретін инновациялық, беделді оқу орны бағытын ұстанады. Алдымен, сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жастарды қатыстыруға жағдай жасау бар. Бұл ретте колледждің менеджменті мен басқару құралдарын жетілдіріп, колледждің білім беру үрдісінде үштілділікті оқытуды іске асыруды қамтамасыз етеді. Қосымша білім беру бойынша оқу орталығының жұмысын ұйымдастырады. Бұл – даму бағдарламасындағы әр стратегиялық бағыттың мақсат-міндеттері айқындалып, оны жүзеге асыру жағдайлары мен мазмұны нақтыланды деген сөз.

«Еткен еңбек, төккен тер ақталады» демекші, колледж 2014 жылы сапа менеджменті жүйелері ҚР СТ ИСО 9001-2009 стандарт талаптарына сәйкес деп танылды. Бұл колледждің білім беру қызметі толық сертификатталды деген сөз ғой?

Иә, Қарағанды гуманитарлық колледжі 2015 жылы «Үздік колледж» атанды. Ал, 2016 жылы желтоқсан айында білім беру саласын қамтамасыздандыруда тәуелсіз қазақстандық агенттіктің (БСҚА) ұйымдастыруымен институционалдық және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бөлімі мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтіп, сараптама комиссиясының оң бағасын алып, колледжге сертификат берілді. Колледж базасында құрылған оқу орталық аясында облыстың 45 мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері мен 65 қосымша білім беру ұйымдарының әдіскерлері мен мұғалімдері үшін біліктілікті арттыру курстары мен оқыту семинарларын өткіздік. Әрине, заман талабына сай оқытушы еңбегі үздіксіз ізденісті, өз білімі мен тәжірибесін жетілдіріп отыруды талап етеді. Осы мақсатта Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы А.Пушкин атындағы Ленинград мемлекеттік университетімен әріптестік негізде жұмыс жасап, аталған оқу орнына жыл сайын оқытушыларымызды жіберіп, білімдерін жетілдіріп, тәжірибе алмасып отырамыз. Сыктывкар гуманитарлық колледжімен меморандум жасалды. Оқу-тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Десек те, жастарға білім беріп қою аздық етеді. Оқу-тәжірибе алмасу бағытынан бөлек, рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуда жүзеге асқан мәдени шаралар бар шығар?

Қоғамның тәрбие саласындағы ең маңызды міндеттерінің бірі: ұлттық және жалпы адамгершілік құндылықтар негізінде, тұлғаның кәсіби өсуі мен дамуына көңіл бөлу. Оған қоса ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай отырып, әлем елдерінің ғылым, білім, мәдениет, экономика және әлеуметтік саладағы жетістіктерін меңгеру және құрметпен қарау болып саналады. Біз осы бағытта студенттерді тәрбиелеуде негізгі мақсат – қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты шығармашыл, рухани бай жеке тұлғаны қалыптастыру деп санаймыз. Колледждегі тәрбие орталығы осы айтылған бағыттағы құндылықтарды басты назарда ұстайды.

Жалпы адамзаттық құндылықтар болып саналатын рухани-адамгершілік қасиеттерді бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру, жақсылыққа үйрету барысында бүгінгі білім беру жүйесіне енгізіліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасының маңызы жоғары. Колледж «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес республикалық пилоттық жобада.

Бізге, яғни, БАҚ өкілдерінің назарына Қарағанды гуманитарлық колледжінің ұйымдастыруымен өтетін шараларға шақырту жиі келетінін жасырмаймыз. Осы орайда Сіздер жиі ұйымдастыратын әдеби кештерге тоқталсақ?

Нақтырақ айта кетсек, колледж аясында кейінде Қ.Аманжоловтың 105 жылдық мерейтойына байланысты «Қара өлеңнің төрінде – дара Қасым» тақырыбында әдеби-танымдық кеш өтті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Жастар – дәстүрлі құндылықтар үшін» акциясы аясында Бауыржан Момышұлының келіні жазушы-этнограф, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабы бойынша пікір алмасу жиынын ұйымдастырдық. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, әдеби жыр көшінде өзіндік орны бар жерлесіміз, дарынды ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәуітәлі Стамбековтің жырларын насихаттау, ақын шығармалары арқылы жас ұрпақ бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды жетілдіру мақсатында «Жан еді өмір сүрген өлеңменен» атты әдеби-танымдық еске алу кеші өткізілді. Сондай-ақ, «Дәстүр» республикалық ұлттық-танымдық журналдың бас редакторы, филолог, ақын, жазушы Қасымхан Бегмановпен «Жатырқама мені де, алтын өлең…» әдеби-сазды кездесу кеші, «Мен – һас сақтың қара өлеңі…» тақырыбында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлымен ұлттық рух тақырыбындағы өлеңдері арқылы студенттердің елжандылық пен патриоттық сезімдерін арттыру, танымдық көзқарасын жетілдіру мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мұндай тәрбиелік мәні бар іс-шаралар жыл сайын жалғасын тауып келеді. Жастарға білім берумен шектелу аздық етеді, оны жан-жақты дамыту, рухани жан дүниесіне ізгілік пен адамгершіліктің нәрін сіңіру, ұлттық құндылықтарды назардан тыс қалдырмау керек. Әлемдік руханият мұраларымен ықпалдастықта ұйымдастыра білу – ұстаздар алдындағы келелі де, қажет мәселелердің бірі.

Білуімізше, колледжде бірқатар мамандықтар бойынша республикалық оқу-әдістемелік орталық жұмыс жасайды екен. Осы орталықтың жұмысы жүйелі ме?

Негізі, Қарағанды гуманитарлық колледжі 1999 жылдан бері «Бейнелеу өнері және сызу», «Технология», «Музыкалық білім беру» мамандықтары бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестік ретінде ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Осы үш мамандық бойынша техникалық және кәсіптік білім беру стандарттарын, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлеп, бұл құжаттарды республикамыздағы педагогикалық колледждер басшылыққа алған.

Осы аталған мамандықтар бойынша республикалық, облыстық, қалалық ғылыми-әдістемелік конференция, семинар-тренинг, байқаулар ұйымдастырып отырады. Алдағы уақытта «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ-ның жұмыс жоспарына сай «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ Басқарма төрағасы Нұрғали Аршабеков және ТКОБКБ оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі басқарма маманы, сондай-ақ, республика бойынша педагогикалық колледждер қатысады деп отырмыз. Педагогикалық колледждерде туындаған сұрақтарды талқылау үшін семинар-практикум өткізу де жоспарда бар. Семинарда жоғарыда аталған мамандықтар бойынша маман даярлайтын колледждермен үлгілік оқу жоспары мен бағдарламалар мазмұнын мектеп бағдарламаларымен сәйкестендіру үшін жұмыс тобы талқылау жүргізеді.

Қазіргі таңда қазақстандық білім ошақтарында үштілді білім беру – аса өзекті. Сіз басқарып отырған оқу орнында үш тілде білім беру қалай жүзеге асырылуда? Жеке көзқарасыңызды білсек?

Қазақта «жеті жұрттың тілін біл» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Дәл осы ойды Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» – деп, мемлекеттің тілдік саясатының маңыздылығын көрсеткен болатын. Менің ойымша, ХХI ғасыр жастарына халықаралық қатынас тілі болып саналатын ағылшын тілін білу аса қажет деп есептеймін. «Үштілді білім беруді дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған жол картасы» аясында колледжімізде «Үштілді білім беруді енгізу және жүзеге асыру» облыстық пилоттық жобасы бар. Ондағы мақсатымыз – заман талабына сай, еңбек нарығында және бәсекеге қабілетті болашақ мамандарды үштілді меңгерген тұлға ретінде қалыптастыру. Колледж әлеуметтік серіктес негізінде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың шет тілдері факультеті Н.Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеппен іскерлік қарым-қатынас орнатып, меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық шеңберінде ҚарМУ жанындағы көптілділік білім беру орталығының директоры Ж.Шахизада, шет тілдері факультетінің аға оқытушысы Т.Шелестова және колледжіміздің ағылшын тілінің оқытушылары қатысқан дөңгелек үстел ұйымдастырылды. «Өзін-өзі тану», «Абайтану», «Экономика негіздері», «Құқық негіздері» пәндері ағылшын тілінде жүргізіле бастады. Жалпы білім беру пәндерінен 5 оқытушы, арнайы пәннен 15 оқытушы ағылшын тілі курсын оқып бітірді. Бүгінгі білім беру мазмұнының жаңаруына байланысты колледж оқытушылары біліктіліктерін жоғарылатуда. Астана қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ және педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламасы негізінде тренерлерді оқыту курсынан 11 оқытушы, биылғы оқу жылында 2 оқытушы өтті. «Өрлеу «БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтынан «Бастауыш білім берудегі жаңартылған оқу мазмұны» бойынша 15 оқытушы курстан өтті. Қарағанды қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының филиалы колледж базасында «Білім мазмұнын жаңарту аясында оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау» тақырыбында 25 оқытушыға 32 сағаттық курс өткізді.

Оқытушылардың курстардан өтуі – білім бағдарламасының бір орында тұралап қалмайтынын білдірсе керек. Сондықтан, қазір педагогикалық шеберлікті арттыруда заманауи білім көшіне сай маман дайындау – қоғам сұранысына айналды. Осы орайда колледж қандай мамандықтар бойынша түлектер дайындайды?

Колледждің оқыту және тәрбие жүйесі жас маман тұлғасын қалыптастыруға бағытталған. Жаңа білім беру кеңістігінде жұмыс істеу үшін бейімделген. Сондықтан, алдымен «Мектепке дейінгі және негізгі орта білім беру ұйымдарындағы музыка пәнінің мұғалімі», «Технология пәнінен негізгі орта білім беру мұғалімі», «Бейнелеу өнері және сызу пәнінің негізгі орта білім беру мұғалімі», «Бастауыш білім берудің мұғалімі» секілді аса қажетті мамандықтар бойынша маман дайындайды. Оған қоса біздің колледждегі «Шетел тілінен бастауыш білім беру мұғалімі», «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» мамандықтарын бітірген жастар облыстағы жоғары оқу орындарында қызмет атқарып жүр. «Дизайн», «Негізгі мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандықтары да сұранысқа ие. Маман дайындауда біліктілік пен шеберлікті қатар алып жүретін оқытушылар қауымы заман ағымына сай білікті маман дайындауда еңбектенеді.

«Жаһандануға бейім білім бағдарламалары білікті маман даярлауды талап етеді» деп қалдыңыз. Жалпы, білім көшіндегі бүгінгі сұранысқа 40 жылдық тарихы бар оқу орны жауап бере ала ма?

Біз студенттерді тәрбиелеуде негізгі мақсат – үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты шығармашыл, қоғамға пайдалы рухани бай жеке тұлғаны қалыптастыру деп санаймыз. Сондықтан, кез келген уақытта білім көшіндегі бүгінгі сұранысқа сауатты әрі білікті мамандарымызды алға тартып, саналы түрде жауап бере аламыз. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасай береміз. Колледж ұжымы білім саласындағы өзгерістерге әр уақытта дайын. Мақсатты жолда маман даярлауда ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай отырып, ел дамуына үлес қоса береміз. Оған қоса замана көшінен қалмай, әлем елдерінің ғылым, білім, мәдениет, экономика және әлеуметтік саладағы жаңашылдықтарын игеріп отырамыз. Қазақ елінің рухани дамуына, төл тарихына құрметпен қарап, еліне қалтқысыз қызмет ететін, тәжірибелі мамандар даярлайтын боламыз.

Рахмет аға, мерейтойларыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.