Жаңаарқа

Ізгіліктің ілкімді үлгісі

Жаңаарқа ауданының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мен «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің ұйытқы болуы негізінде Рамазан айының алғашқы жұмасы күні аудан орталығында ерекше акция өткізіліп, 300 адамға тегін су мен құрма таратылды.

Қалың қауымның көңілін көркейткен шырайлы шара аудан орталығының халық жиі жүретін орталық алаңынан бастау алып, кенттен Қарағанды қаласы мен Жезқазған қаласы бағыттарына шығатын автокөлік жолы бойында жалғасын тапты. Ізгі ниетті шара аясында әр салада жұмыс істейтін белсенді қоғамдық ұстанымдағы қыз-келіншектер еріктілер қатарынан бой көрсетті.

Осы орайда, жаппай үлестірілген су құтылары арнайы әзірленген, тақырыптық мазмұндағы жапсырмалармен безендірілгенін айта кеткен жөн.

– Рамазан – мейірім мен шапағат айы. Бұл айда адамдардың бір-біріне айрықша көңіл бөліп, ыстық ықылас танытуы – сауапты әрекеттердің салмағын арттыра түсер қажеттілік. Біз осы акция арқылы ізгіліктің ізі ешқашан суымауы тиіс екендігін тағы бір мәрте айғақтағымыз келді. Ілкімді іс-шараға демеушілік жасаған, сондай-ақ, оның ұтымды ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен жандарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді Аналар кеңесінің төрағасы Сәулеғаным Орынғожина.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button