Із тастап аққан жұлдыз
Бескүндіктің базары. Кімнің басынан тарқамаған?! Арқа өңіріне аты мәшһүр азамат, білікті заңгер, ардақты әке, асыл жар Балапан Зипатоллаұлы Әбеновтің де басынан тарқады жалған базар. Тәніне жабысқан кеселмен ширек ғасырға жуық күрескен тарлан тағдыр иесінің талқаны таусылғанына да аттай шауып 40 күн өте шығыпты. Тұрлаусыз дүние…
Тағдырының таңдайына татқызар дәмі түгесіліп, маңдайына жазылған пешенесі түйінделді. Мәрт Қарағанды қарт Қарқаралыға көңіл айтып, екеуі қосыла егілді. Балапанның қазасынан жанарларға мұз қатып, мейірімсіз ажал мыңдаған жүректі сыздатты.
…Иә, желтоқсанның ызғарлы күнінде қаралы үйден қабірстанға жол шықты. Қабір қазушылар тоңның қалыңдығын, жердің қаттылығын сөз еткен. «Жібімесе екен, қазылмаса екен» деп тұрдық. Базары тарқаған Балапанды жер қойнына бергіміз жоқ. Сәл дамылдап алып, орнынан тұрып кететіндей… Қаралы жұрттың көңілінде бір сенім тұрды. «Балапан өлген жоқ! Өлмейді!» дейді ол сенім. Шынымен де, Балапан өлген жоқ. Оның мәңгілік ғұмыры енді ғана басталды. Ел жүрегіндегі мәңгілік ғұмыр!
…Тарлан текті ұлдың табытын көтерген қаралы жұрттың егілмегені жоқ. Серіағам (Серік Ақсұңқарұлы) селкілдеп, қос Ерағам (Ерғазы Төлеу мен Ералы Тоғжанов) еңкілдеп тұрғанда, қалай егілмесін?! Жақан ағам (Жақсыкелді Кемалов) жабырқап, Есағамнан (Есжан Әміров) ес кеткенде, қалай егілмейік?! Аты аталған ірілердің барлығы – Балапан ағаның достары еді. Орталары ойсырап қалды. Ұлтымның рухына балап жүрген марқасқалармен тегін адам дос бола ма?! Балапан Серіағам мен Ерағама (Ерғазы Төлеу) іні болса, қалғандарының көшбасшысы болған. Бізге арқа сүйер аға еді.
Балапан Әбенов – қасиетті Қарқаралының тумасы. 1960 жылы 13 тамызда дүние есігін ашыпты. 56 көктем, 56 жазбен шектелген келте ғұмырын тек ізгілікке арнады. Заңгер ретінде әділдігімен, азамат ретінде адалдығымен жақты жұртқа. Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, облысымыздың құқық қорғау орындарында жауапты қызметтер атқарды. Мансапқа малданып асқақтаған кезі болған жоқ. Асқақтаса, тек қана шынайы абыройымен асқақтады.
Бәкеңнің қызмет бабында бағындырған асулары мен жаңашылдық тұрғысынан қол жеткізген жетістіктерін ресми стильде баяндай берсек, газет беті көтере алмауы мүмкін. Біздің мақсат – Балапан ағаның азаматтық болмысын аша отырып, өткен 40 күндегі сағынышымызды салмақтау.
…Балапан Зипатоллаұлының заңгер ретіндегі әділдігін дәлелдеу үшін мына бір мысал жетіп жатыр. Балапан қайтыс болған күні қонақасына сойыс мал іздеген бауырлары әлдекімдердің жол сілтеуімен Топар кентіне барады. Мал иесі – орыс халқының өкілі. Саудаласпай бағасына келіскен тараптардың әңгімесі қаза жайына ауысады. Мал иесі қайтыс болған кім екенін білгенде:
– Апыр-ай, Балапан Зипатоллаұлы бұрынғы Мичурин ауданының халқы үшін шын мәніндегі аңыз адам ғой. Ол кісінің қара қылды қақ жарған әділдігіне әлі күнге тәнтіміз, – деп, жанарына жас үйіріпті. Міне, Бәкеңнің артындағы ізгілікті із!
Балапан ағаның бүкіл болмысы мен жан дүниесін жанарынан оқуға болатын еді. Ырзалығын да, наразылығын да жанарымен ұқтыратын. Бір сәттегі көзқарасынан мейірім төгіліп тұрса, онда – ырзалығы. Ал, мейірім тұнған жанары бір сәтте сұстана қалса, ол – наразылығы. Ренжіп, назаланып тұрғанын біздер секілді күйіп-пісіп, эмоцияға берілмей-ақ, өткір көзімен ұқтырушы еді.
…Жақында Жақсыкелді Кемалов ағам мен Есжан Әміров ағам келе қалсын. Әңгіме-дүкен құрдық. Әңгіме ауаны Балапан марқұм жайына ауысқанда, Жақан ағамның жанарына жас тұнып, көкірегіне өксік кептелгені байқалды.
– Мен үшін айдың 26-шы жұлдызы ауыр болып барады. 2016 жылғы 26 қыркүйекте үлкен ұлым Ақжігіттен айырылып аңырап қалдым. Қасымнан Балапан табылды. Менімен бірге егіліп, менімен бірге жабырқады. Қайғымыз да, қуанышымыз да ортақ еді. Мен қуансам, қуанып, мен қайғырсам, оған да ас батпайтын. Екеуміз мектептегі күндерден бері жұбымыз жазылмаған дос едік. Ақжігітімді ақтық сапарға шығарып салып, мәңгілік үйін тұрғызғанда да басы-қасында Балапан жүрді. Ұлымды керемет жақсы көрді. Ақжігіт марқұм да Балапан десе, ішкен асын жерге қоятын. Қайтейін, Балапан досымның қазасы мен үшін жығылған үстіне жұдырық болды. Ақыры, араға тура үш ай салып, 26 желтоқсан күні Балапан озды өмірден. Біздің көшедегі қызық-шыжықтың бәрін тәрк етіп, Ақжігіттің көшесіне көшіп алды. Екеуінің мәңгілік қонысы – іргелес, – деген Жақан ағам жанарының жасына ерік берді.
Есағам да егіліп отыр. Сазгер ғой, жүрегіндегі мұңды әуен менің кеудеме шер болып құйыла берді. Жақан досының қамыққаны жанына батты білем, әңгімені Балапан марқұмның айтқыштығына қарай ойыстырсын. Есағаң:
– Ол кезде Балапан – Теміртау қаласында прокурордың орынбасары. Бәрімізді үйіне қонаққа шақырды. Досымыз Ералы Лұқпанұлы – жауапты қызметтегі адам. Қызметтік көлігімен көзге түспесін деді ме, әлде өзінің ұстанымы сол ма, әйтеуір, Ерекеңді ала келуді тағы бір досымыз Дүйсенге (белгілі заңгер Дүйсен Құсбеков) тапсырады. Жұмыс аяғында Ерекеңнің қабылдау бөлмесіне барып күтіп отырған Дүйсен ұзақ отырады ғой. Балапан Ерекеңе телефон шалады. Жауап «Қазір шығамын» дегенмен шектелген. Кешіккен соң қайтадан телефон соқса, Ерекең: «Жолдамын. Келіп қалдым» депті. Сонда Бәкең: «Ойбуй, Ереке! Қабылдау бөлмеңізде Дүйсен отыр еді, байқамадыңыз ба? Қалып қоятын болды ғой» деген екен жай ғана. Шындығында Ерекең кабинетінен әлі шықпаған. Қайта-қайта телефон соға берген соң, тынышталсын деп айта салған ғой. Соны телефон байланысы арқылы сезіп тұрған сезімталдығы мен аяқ астынан тауып айтқан айтқыштығын қарасаңызшы, – деп, жанымызды жүдеткен мұңды күлкімен сейілтті.
…Осындай азаматтан мәңгіге алыстадық. Қандай ауыр?! Студент шағынан көшбасшылық қасиетімен дараланған есіл азамат мәңгілік сапарға да дара аттанды.
Желтоқсан желі… Бәрімізді тоңдырды. Жаурадық. Балапан аға секілді жарық жұлдыздың нұрына малынып, бой жылытушы едік. Ол ағып түсті. Тәуба, із тастап аққан екен.
Балапанды сағынып, елегзіген көңілдерде бір ән жүр. Азалы ән. Сөзін Серіағам (Ақсұңқарұлы), әнін Есағам (Есжан Әміров) жазып, Жақан ағам (Кемалов) орындайтын шығар…
Ерсін МҰСАБЕК