Жаңалықтар

Қиянатты жеңген рух

Биыл қазақ қыздарының арасынан шыққан дәрігердің бірі, көрнекті инфекционист Мағрифа Қазбекованың туғанына 122 жыл толды. Тағдыр тауқыметін тартқан қайсар қыздың есімін балқаштықтар ерекше мақтан тұтады. Мағрифа Қазбекованың өмірі – адам төзімділігінің, қайсарлығының және кәсіби борышқа деген шексіз адалдығының жарқын мысалы екендігін жиі айтады. Өйткені, ол дәрігер ретінде мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. Ал, оның өзі бастан кешкен ауыртпалықтар оның адамгершілік қасиеттерін шыңдай түсті. «Алжир» лагеріндегі азап пен қуғын-сүргін жылдары оның рухын сындыра алмады. Өмір сынағына төтеп берген дәрігердің ғылыми еңбектері мен медицина саласына қосқан үлесі ұмытылмақ емес. Мағрифа Қазбекованың есімі қазақстандық медицина тарихында алтын әріптермен жазылды. Ол – білікті дәрігер ғана емес, сонымен қатар үлгі тұтарлық азамат, өмірінен сабақ алуға тұрарлық тұлға.

Суреттер отбасы мұрағатынан

Біздің қолымыздағы деректерге сүйенсек, Мағрифа Мұрзағұлқызы 1903 жылы Орынбор облысында дүниеге келген. 1922 жылы ол Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне түсіп, оны 1929 жылы ойдағыдай аяқтайды. Университетте оқып жүргенде Ысмағұл Қазбеков деген жігітпен танысып, отбасын құрады. Бақытты күндері ұзаққа бармай, 1937 жылы Ысмағұл тұтқынға алынып, Мағрифа «АЛЖИР»-ге жіберілді. 1938 жылдың 25 ақпанынан 1943 жылдың 2 наурызына дейін Мағрифа Мұрзағұлқызы «АЛЖИР» мен ҚарЛагта мерзімін өтейді. 1943 жылдан 1946 жылға дейін Балқаш қаласында өз еркімен жұмыс істейді. 1957 жылы ол кісі толығымен ақталған. Өмірінің соңына дейін дәрігер болып қызмет атқарады. Үздік қыз­меті үшін бірнеше рет ордендермен марапатталды.

Тағдырдың тәлкегіне түскен жанның өмір тарихы өңір шежіресінде түзілген. Жас маман алдағы өмірінде қандай сынақ күтіп тұрғанын білмеді. Жас, білікті дәрігер-инфекционист күтпеген жерден ГУЛАГ-тың қаһарына ұшырады. Қазақ даласындағы азап пен қайғының мекеніне айналған азаптау лагеріне қамалды. Отанын сатқан сатқындардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері деп аталатын мекемеде бодандықтың бұғауы салынды. Мағрифаның өмірі бір сәтте күйрейді. 1937 жылдың жазында Ысмағұл Қазбеков қамауға алынып, 1938 жылдың ақпанында «Халық жауы» ретінде атылды. Алайда, оның жұбайы бұл туралы білмеді. Ол он айлық қызы Эльке мен он жасар ұлы Ерденмен бірге кү­йеуі қайтып келеді деп үміттенді. Үкілеген үмітін қасіреттің қайқы қылышы қиып түсірді. 1938 жылдың жазында Мағрифа Қазбекова өзі де чекистердің қолына түсті. Олар оны күйеуімен кездестіруге уәде беріп, оны өзіне тартты. Тауқыметке толы тағдыр иесі алдауына түсірген қатыгездердің еріксіз жетегіне ерді. Дәрігер түрменің сұр ғимаратына бара жатқанын білмеді. Мағрифа Ысмағұлды жақын арада көремін деп ойлады. Кенеттен пайда болған әскерилер балаларды алып, оны қамауға алды. Баласы Ерден Қазбеков Магнитогорск мектеп-интернатына жіберілді. Ал, оның әпкесі Эльке Шымкент қаласының сәбилер үйіне берілді. Ақыры дегеніне жеткен КСРО шолақ белсенділері ойлағандарын жүзеге асырды. НКВД жанындағы арнайы жиналыста «Отанын сатқандардың отбасы мүшесі» ретінде бес жылға сотталды. Шымкенттен оны «Алжир»-ге жүк вагонымен, содан кейін сол кезде ҚарЛагтың әкімшілік-шаруашылық орталығы орналасқан Долинка ауылына жіберді. Мұнда Мағрифа Қазбекова жергілікті ауруханада жұмыс істеді. Онда тұтқындарды емдеді.

Сүйікті жары жазықсыз жазаға тартылып, атылғаны, балалары ана мейірімінен айырылып, басқа отбасыларға берілуі нағыз ауыр қасірет болатын. Бұл ауыр соққы кез келген адамды тұқыр­тып, талқандауы мүмкін еді. Бірақ, Мағрифа берілмеді. Қайғы мен қасіретке төзді. Күш-жігер жинап күресе білді. Лагерьдің қатал жағдайында Мағрифа өзінің дәрігерлік білімін пайдаланып, адамдарға көмектесіп, қол ұшын берді. Ол науқастарды емдеді. Жұқпалы аурулармен күресіп, тіпті өлім аузында жатқандарға да үміт сыйлайды. Оның жанашыр­лығы мен адамгершілігі лагерь тұтқындары арасында үлкен құрметке ие болады. 

Азап пен қайғыға толы лагерь өмірі Мағрифа үшін сынақ алаңына айналды. Бірақ, дәл осы жерде ол мықтылық танытып, өмірге деген құштарлығын сақтап қалады. Сүйікті кәсібі оған дем беріп, алға жетеледі. Өлімнен сақтап қалуына себеп болды. Адам төзгісіз жағдайда да мойымаған рухы мықты, қайсар жан маңайына өмір сыйлады. Үміт пен сенімнің, адамгершілік пен махаббаттың мәңгілік жеңісі қазақ әйелінің қолында желбіреді.

ҚарЛаг бөлімшесі БалқашЛаг-37-ге Мағрифа Қазбекованы қамаудағыларды іш сүзегінен және басқа да қауіпті аурулардан емдеу­ге ауыстырады. Ол эпидемияны жою бойынша жұмысты басқарады және оны толығымен тоқтатады. БалқашЛагқа 20 жыл ішінде 10 мың саяси тұтқын келді. Қаралы тарих болып жазылған 300 шақырымға жуық солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған Қарағанды түзеу-еңбек лагері тоталитарлық режимнің миллиондаған жазықсыз құрбандары үшін жер тозағына айналды. Кейбіреулер, моральдық тұрғыдан соққы алды. Мұнда қаншама мұңлық ауыр еңбектен қайтыс болды. Мықтылары ақыл-ой күшін сақтай отырып, жұмыс істеді. Аман қалғандары айналасына мейіріммен қарап, көмектесті. ҚарЛагтың тұтқыны Мағрифа Қазбекова осындай жандардың қатарынан еді. «Халық жауының әйелі» деген жаладан жаны күйген жан өзі білетін және жақсы көретін ісінің арқасында темір тікенекпен қоршалған құрсаудан аман шықты. Өзінің жан азабын ұмытып, басқалардың қайғы-қасіретін жеңілдетуге тырысты. 1947 жылы дәрігер лагерьден босатылды. Балқаш қалалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне жұмысқа орналас­ты. Тоғыз жылдан кейін Мағрифа Мұрзағұлқызы ақталды. 1957 жылы ол мынадай мазмұндағы хат алды: «Әскери алқаның 1938 жылғы 19 ақпандағы Ысмағұл Сүлейменұлы Қазбековке қатысты үкімі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша жойылды. Қылмыс құрамының болмауына байланыс­ты іс тоқтатылды. Қазбеков қайтыс болғаннан кейін ақталды». Осылайша Мағрифа Қазбекова жұбайын тірідей көруден соңғы үмітін үзді.

Айта кетейік, Балқаш жерінде қалып еңбек жолын жалғастырған білікті дәрігер Мағрифа Қазбекова «КСРО Денсаулық сақтау үздігі», «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып және «Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері» атағын алады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Балқаш қалалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесін басқарады. 1982 жылы өмірден озды. Балқаш қаласында дәрігер Мағрифа Қазбекованың атына көше берілді. Сонымен қатар, ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Бүгінде «АЛЖИР» мемориалды-мұражай қорында Мағрифа Қазбековаға сыйға тартылған дәрігерлік эмблемасы сақталған.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button