Жаңалықтар

IT-көші түзу жолда

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы негіз болған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында «Цифрландыруға күш салу адами капитал белсенді түрде дамитын – болашақтың білімі мен дағдылары ерте жастан бастап тәрбиеленетін, автоматтандыру және басқа да жаңа технологиялар есебінен бизнес жұмысының тиімділігі мен жылдамдығы артатын, ал азаматтардың өз мемлекеттерімен диалогы қарапайым әрі ашық болатын жаңа қоғамды құруға әкеледі» делінген. Осы орайда қаламызда Қарағанды, Павлодар және Шығыс-Қазақстан облыстарының Цифрландыру күні өтті.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалындағы дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың, облыстар әкімдіктерінің өкілдері, «Зерде» ҰИКХ» АҚ мамандары және отандық ІТ-компаниялар қатысты.

 – Мемлекеттік органдардың цифрландыру бағытында жасап жатқан жұмыстарын нарықпен бөлісу және нарықты сол жобаларға қатыстыру мақсатында цифрландыру күндері өткізілуде. Қарағанды облысы цифрландыру бағыты бойынша көшбасшылар қатарында. Әсіресе, денсаулық бағытында өте жақсы көрсеткіштер бар. Дегенмен, биыл бағдарламадағы 5 бағыт бойынша жұмыстар қамтылуы керек. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағытындағы жұмыстар ауқымды. Дөңгелек үстелге әр түрлі бағыт өкілдері шақырылды.

Олар өздерінің проблемаларымен, жоспарларымен нарық өкілдерімен бөлісіп, кейін үлкен жобалар жүзеге асырылады деген үміттіміз. Цифрландыру күніндегі басты мақсатымыз – отандық ақпараттық технология бағытындағы компанияларды көтеру, – дейді «Зерде» ҰИКХ» АҚ бас маманы Орынбек Қуаныш.

Шара барысында Елбасының цифрландыру бағытындағы тапсырмаларын орындауда Нұр Отан партиясы облыстық филиалының атқарған жұмыстары айтылды. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанованың айтуынша, филиал бүгінгі таңда 10 жобаны жүзеге асыруда. Оның үшеуі – цифрландыру бағытында, төртеуі – шағын және орта бизнесті дамытуға, ал үшеуі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ісшараларды жүзеге асыруға бағытталған.

Мәселен, білім мен ІТ-технологиялардың қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында мектептер мен колледждердің, балалар мен жасөспірімдер сарайының базасында биылдың өзінде 22 ІТ-сыныптарын ашу жоспарда. 2020 жылы көрсеткіш ұлғайып, аталмыш сыныптар 40-қа дейін жеткізілмек. ІТ-мамандарын даярлау да партия назарында. Ақпараттық жүйелер мен технологиялар саласындағы компаниялар, жоғары оқу орындары мен өнеркәсіптік компаниялар тартылып, бүгінгі күні мамандандырылған екі оқу орталығы жұмысын бастап та кеткен. Яғни, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламасы бойынша оқудан өте алады.

Мұндай орталық өздерінің өндірістік қажеттіліктері үшін маман дайындауға мүдделі «Ютария LTD» ЖШС жанынан да ашылған. Сондайақ, техникалық-құрылыс колледжінде студенттер кәсіпкерлік және ІТ-дизайн негіздері жайлы нақты ақпарат алу мүмкіндігі ұсынылатын тағы бір орталық ашылады.

– Кітапханаларды жаңғырту аясында бірыңғай онлайн-кітапханалар құрылуда. Мақсат – кітап қорын электронды форматқа көшіру. Сондай-ақ, кітапханалар базасында облыстың 18 қаласы мен аудандарында коворкингорталықтар құрылып, оқырмандар QR-код арқылы онлайн-кітапханаға кіре алады. Орталықтарда олар оқыған кітаптары туралы пікір алмасып, семинарлар мен треннингтер өткізе алады, – дейді Қадиша Оспанова.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рашит Белгібаев дөңгелек үстелге қатысушыларға «Қарағанды облысындағы цифрландыру барысы» жобасын таныстырды. Оның айтуынша, экономиканың «ақылды» саласының негізгі бағыттары – көлік, қауіпсіздік, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім саласы, қаржыландыру, туризм, логистика, өндіріс және Үкімет. Бірақ, бір өкініштісі, туризм, ритейллогистика және өндіріс саласындағы цифрландыру жұмыстары лайықты жүргізілмегендіктен, ІТ-компаниялардың назарынан қалыс қалуда.

– Дегенмен, денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және қауіпсіздік облысындағы жұмыстар ауқымды. Облысымызда әлеуметтік саланы цифрландыру тәжірибесі де бар, – дейді Рашит Белгібаев.

Цифрландыру күніне қатысқан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілі, Ақпараттық технологиялар орталығы басшысының міндетін атқарушы Ренат Алманов Өскемен және Семей қалаларында жүзеге асырылатын бірыңғай интеллектуалдық ақпараттық жүйесін енгізудің пилоттық жобасымен таныстырды. Жоба аясында 20 көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларында заманауи LED-жарықтандырулар, көшелерде «ақылды» паркингтер мен жылы аялдамалар орнатылмақ.

Шығыс Қазақстан облысы көлік инфрақұрылымын цифрландыруға да ерекше көңіл бөлуде. Мәселен, Семейде қазірдің өзінде онлайн режиміндегі GPS-мониторинг пен бақылау қойылып, қалалық қоғамдық көлік жұмысын бақылау мен үйлестіру тиімділігі артқан. Ендігі кезекте – 2018-2020 жылдарға арналған Өскемен және Семей қалаларындағы қоғамдық көліктердегі жолақыны төлеуді бақылаудың автоматтандырылған жүйесі. Өңір басшылығы Өскеменде 63 бағытты, Семейде 40 бағытты қамтуды жоспарлаған екен. Бұл автобус тасымалы қызметі сапасын – 40 пайызға, бюджетке салық түсімін – 15 пайызға және қоғамдық көлік қозғалысының кестесін сақтауды – 80 пайызға жақсартады деп күтілуде.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button