Басты тақырыпҚарағанды

ИСЛАМДЫҚ КЕЛІСІМ БЕЙБІТШІЛІКТІ көздейді

    Қоғамдық келісім мен бірлік мәселесі – ерте дәуірлерден бері күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды тақырып. Бүгінгі уақытта да бейбітшілік пен тыныштық адамзатқа ауадай қажет. Ислам ғасырлар бойы қоғамның тұрақты дамып, жетілуін қамтамасыз ететін басты құндылық – бейбітшілікті насихаттап келеді.

Ислам – бейбітшілік пен мейірім діні. Ислам сөзінің өзі «салима», «юслиму», «ислам» яғни, бейбітшілік, аманшылық деген мағыналармен байланысты. Бұл сөз Алла Тағаланың «Салам» деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа затқа табынбау дегенді білдіреді. Қасиетті Құранда бұл туралы: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік»,– делінген. Мұсылмандар ғасырлар бойы Исламның осы ұстанымын басшылыққа алып, барынша жақсы амалдар жасауда.

Асыл дініміз өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен өзара қолғабыс көрсетуге шақырып, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандырған. Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері мұның айқын дәлелі. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және Оның Елшісіне бас иіп бағыныңдар! Сондай-ақ, бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар! (Олай істер болсаңдар) үрейге түсіп, күш-қуаттарың азаяды. Сонымен қатар сабыр етіңдер! (Өйткені) Алла сабырлы жандармен бірге болады»,– деген. Тағы бір Құран Кәрімнің аятында Алла Тағала бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер». Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», – дей отырып біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін түсіндірген. Әрі барша мұсылманның осы жолмен жүруін өмірінің соңына дейін насихаттаған болатын.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ислам дінін жеткізе бастағанда қарсы келушілердің көбісі әу бастан оның бейбітшілік пен ізгілік әкелгенін тани алмады. Ұрда-жық мінездерімен Пайғамбардан да, сахабалардан да бойларын аулақ ұстады. Алайда, «Худайбия» келісімінен соң мүшріктер мен мұсылмандар арасында өзара барыс-келіс көбейіп, кәпірлер мұсылмандардың тіпті, өздері ойлағандай еместіктеріне көз жеткізді. Құранның қайнар бұлағынан сусындаған мұсылмандардың көркем мінездерін, рухани тазалығын көргенде олар исламның хақтығына шүбә келтірмеді. Оған дейін «Бұлар билікке келсе, бізді тірі қоймас. Төбемізге әңгіртаяқ ойнатар» деген ойларының орынсыз екендігіне, босқа қауіптенгендеріне көз жеткізеді.

Ислам Алла разылығын көздейтін бейбіт, ізгі қоғам құруға үндейді. Күш қолдану мен өшпенділікке жол бермей, қоғамдық өмірдің негізі ретінде тепе-теңдікті сақтайды. Дау тудыратын қоғамдық мәселелерді жеке бастың мүддесі үшін емес, жалпыға ортақ сенімділік, сүйіспеншілік, мейірімділік пен түсіністік тұрғысынан шешеді. Сол себепті Оның мейірімі, сүйіспеншілігі мен көмегі белгілі бір түр-түспен, этникалық ерекшелікпен шектелмейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл туралы: «Ей, Алланың құлдары, бір-бірлеріңе бауыр болыңдар!», – деп ізгілікке үгіттеген.

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарай бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Жаратушының құзырында ешкім ешкімнен артық емес, тек тақуалық пен қайырлы амалда ғана дәрежелері жоғары болады. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықшылығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі», – деп бұйырса, Пайғамбарымыз бұл мәселеге қатысты: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың», – деп астамшылықтан тыйған.

Қоғамның тыныштығын бұзатын дау-жанжал, іріткі тудыруға, бүлік шығаруға қасиетті Құранда қатаң тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 217-аятында «…Бүлік шығару (фитнә тудыру) адам өлтіруден де ауыр (күнә)…», – деп айқын айтылған. Сонымен қатар «Мәидә» сүресінің 32-аятында: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең…», – деп айыпталады. Құранның осы аяттарынан байқап отырғанымыздай, асыл дініміз ізгілік пен игілікті насихаттайды.

Осы орайда һәкім Абай:

«Махаббатпен жаратқан

адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы

жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй

бауырым деп,

Және Хақ жол осы деп әділетті», – дейді.

 

Ислам дінінің қоғамдық қарым-қатынаста әділдікті ұстануға, кісінің ақысын жемеуге, қоғамдағы тыныштыққа барынша үлес қосуға тәрбиелейтінін тарихтан да білеміз. Тарихтан мысал келтірер болсақ, екінші халифа Омардың тұсында Ислам әлемі етек жайып, көптеген жерлер халифа билігіне қарайды. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүрді. Ислам әскерлері әһли кітап яғни, христиан дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын басып алғаннан кейін, Хазіреті Омар 637 жылы олардың мал-мүлкіне, отбасына, рухани құндылықтары қауіпсіз болатыны туралы келісім шарт жасайды. Ол келісімде Омар Ибн Хаттаб былай деген: «Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді», – делінген.

Ислам дінінің бейбітшілік пен келісім дін екенінің тағы бір айғағы ой, сенім бостандығына еркіндік бергендігі. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді», – дейді. Демек Ислам бейбітшілік аясына мұсылмандарды ғана сыйдырып қоймай, басқа дін өкілдерін де бауырына басады оларды өз діндеріне кіруге мәжбүрлемейді.

Алла Тағаланың әлемдегі барша адам баласын әртүрлі ұлттарға бөліп, жаратуының сыры мен хикметі көп. Қасиетті Құранда бұл жайлы: «…Бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін сендерді халықтар мен рулар етіп жараттық, – деп баяндалған.

Аллаға шүкір, бүгінде еліміз тұрақтылық пен бірліктің арқасында өсіп-өркендеу үстінде. Мемлекетімізде сан алуан ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Осының бәрі халқымызға берген Алланың сыйы, өлшеусіз рахымы десек артық айтқандық емес. Ендеше осыны түсініп, қастерлей білуіміз керек. Елбасы айтқандай, баршамыз Тәуелсіздігіміз бен бірлігімізді сәт сайын қорғауымыз қажет.

Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған біздің еліміз әлемге бейбітшілік пен бітімгер, ымырашылдық пен келісімнің мемлекеті ретінде танылды. Бұл бірлік пен бейбітшілік қағидасы Отанымыздың басты құндылығына айналды. Еліміздің жанашыры Нұрсұлтан Әбішұлының игі бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, береке мен бірлікке ұйыта білді.

«Бейбіт елде – сән бөлек, бүлінген елде дау бөлек», – деп өнегелі сөз қалдырған халқымыз басты құндылық еткен ынтымағымыз мәңгілік болуын Алла Тағала нәсіп еткей! Әумин!

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,

Қарағанды облысының

Бас имамы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button