Руханият

Өңірдің тарих кеніші

Шет ауданындағы «Талды» қорымдары – еліміздің ең құнды тарихи мұраларының бірі. Қорымдар – жерімізде тұтас өркениеттердің тамыр жайғанының дәлелі. «Сарыарқа» археология­лық институтының археологтары тағы да сүйіншілеп жатыр. Олар Шет ауданының аумағында мамыр айының соңына дейін іздестіру және барлау жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде 25 тарихи-мәдени ескерткішін тауыпты.

Сурет «Сарыарқа» археологиялық институтынан

Археологтардың сөзінше, табылған қорымдар мен қорғандардың негізгі бөлігі түрлі дәуірге жатады. Жүйелі әрі толықтай зерттеу жұмыстары жүргізілмейінше, ескерткіштердің нақты жасын анықтау мүмкін емес. Дегенмен, болжам да жоқ емес. Қорғандар мен қорымдар қола, ерте темір және орта ғасырға жатуы мүмкін деген болжам бар.

– Барлық табылған ескерткіштер туралы біз жергілікті атқарушы органдарға ресми түрде хабарлауымыз керек. Ал, олар бұл орындарды күзетке алуы тиіс. Тек осыдан кейін ғана одан әрі зерттеулер, қазбалар жүргізуге болады. Бұл шаралар біраз уақыт алады. Бірақ, біз осы қорымдарда қазба жұмыстарын жүргіземіз. Жұмыстар бізге Шет ауданының аумағын ғасырлар бұрын мекендеген адамдардың тарихын, өмірін, салт-дәстүрін толықтыруға және жақсы түсінуге ықпал етеді, – деді «Сарыарқа» археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.

Сонымен қатар, экспедиция мүшелері бұрын табылған Шұнақ петроглифтерін зерттеді. Ғалымдар жиі кездесетін сюжеттерді сипаттап, петроглифтердің ең қызықты үзінділерін кескіндеді. Мамандар петроглифтердің негізгі бөлігі қола дәуіріне жатады деген қорытындыға келіп отыр. Бұған сол кезеңнің дәстүрлі сюжеттік тізбесі дәлел бола алады. Мәселен, адоранттар, солярлық белгілер, жабайы өгіздер, арбалар, аршалы жылқылар, жұлдызды аспан бейнелері бар.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button