Өңірдегі заңсыз қоқыс айлақтары жойылуда
Облыстық экология департаменті өңірдегі елді-мекендер аумағына рейд жүргізуде. Олар жергілікті әкімдікпен бірлесе бірнеше заңсыз қоқыс айлағын анықтап, тиісті шаралар қолдануда.

Мәселен, департамент мамандары Ақтоғай ауданы, Шашубай кенті әкімдігінің өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе кент аумағына рейд жүргізді. Нәтижесінде кент аумағында белгіленбеген жерде жаңа стихиялық полигонның бары анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері заңбұзушыларды анықтау мақсатында жедел іс-шаралар жүргізуде.
Сонымен қатар, өткен айдың соңында департамент мамандары Абай ауданы әкімдігінің өкілдерімен бірлесе аудан маңына рейд жүргізді. Бұған дейін жергілікті тұрғындар тарапынан қоқыс үйінділеріне қатысты арыз түскен. Арыз негізінде жасалған рейд барысында Промышленная көшесі 26А маңында қоқыс үйінділері анықталды. Яғни, тұрғындар рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастап, ауаны ластаған. Рейдтің нәтижесінде қоқыс үйіндісі жойылды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz